Өскеменде қанша күннен бері көмір кезегінде тұрған адам өзін өртеп жібермек болды

0

Өскемен қаласында бірнеше күн көмір кезегінде тұрған ер адам өз-өзін өртеп жібермек болды, деп хабарлайды kznews ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Қалалық Полиция басқармасы баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, оқиға шаһардың сол жағалауында орналасқан теміржол тұйығында болған.

«Полицияға қоңырау шалған азамат көмір кезегінде тұрған жүргізушілердің бірі көлік жолын жауып тастап, өзін-өзі өртеп жіберетіндігін айтып қорқытқаны туралы жеткізді. Сол жерге жеткен тәртіп сақшылары қолына канистр ұстаған еркекті көрген», — делінген хабарламада.

Соңынан анықталғандай, бұл Ұлан ауданының тұрғыны болып шықты. Ол бірнеше күн көмір кезегінде тұрған.

«Полицейлер ер адамнан канистрді тартып алып, сабырға шақырды. Жергілікті атқарушы орган өкілдері мен сатушы компания оған көмірді кезексіз беру жайлы ұсыныс жасады. Кезекте тұрған басқа азаматтар бұған қарсы болған жоқ», — делінген ақпаратта.

Сондай-ақ жолды жауып, басқа көліктердің жүруіне кедергі келтіргені үшін Ұлан ауданының тұрғынына 10 АЕК көлемінде айыппұл салынды.