Балаларға арналған сыйлық түрлері

0

Әлемде көңілі тап-таза ақ парақтай бір халық бар. Олар тек шын қуанып, шын жылай алады. Олардың өтірік айтқанының өзін өздерінің көздері айтып тұрады. Олар, тіпті, жамандық дегеннің не екенін білмек түгілі сезбейді де. Олар, тіпті, адамды жақсы-жаман деп бөліп, сырттан әңгіме айту, кек сақтау, сәті келгенде аяқтан шалып қалу дегенді де, сөзбен жан жаралау дегенді де білмейді . Не айтса да таза көңілден шығарады. Берген сыйлыққа шын қуана алатын да осылар. Бұл халық- әлемдегі ең бақытты бала деген атқа ие жандар.
Сыйлық бергенде шын қуана алатын балалар ғана. Олардың кіршіксіз жүрегінен шыққан тілегі мен көзінен ұшқын атқан рақметінің шынайылығы сонша, жүрегіңмен сезінесің. Қандай жандарға сыйлық сыйлаған дұрыс дегенде көптеген эксперттер «балаға, мұқтаж жандарға» деп жауап береді. Өйткені, олардың шынайы ықыласынан шыққан әрбір тілек қабыл болады. Қабыл болатын тілекке әрбір адам зәру десек, балаға сыйлауға болатын сыйлықтар легін тарқатып көрелік.
Ең бірінші баланың жас ерекшелігін анықтап алған жөн. 2-3 жасқа дейінгі балаларға арнайы сыйлықтар жасалады, әрі олар жұмсақ, ешқандай ұсақ бөлшектерсіз болады. Бұл баланың кез келген нәрсені аузына салуына байланысты сақтық шарасы. Әрі олар өздігінен ойыншық таңдауына ерте болғандықтан, қызылды-жасылды әдемі ойыншықтардың баршасы қабылдай береді.)))))

Балаларға арналған сыйлық түрлері

3 жастан жоғары жастағы балалар үшін ойыншықтан сыйлық таңдау сәл қиындық туғызады. Өйткені бұл жастағы балар үшін ойыншықтың өте кең таңдауы бар, әрі олар өздері не ұнатып, не ұнатпайтын білетін кезде болғандықтан ойыншық таңдауда бала ойымен санасуға тура келеді.

Ал, жалпы, балаларға арналға сыйлық түріне келер болсақ, төмендегідей тарқатып көруге болады.
1. Тәтті кәмпиттер мен тоқаштар. Бала бала болғалы ешқашан тәттіден бас тартқан емес. Әртүрлі жылтыр қағаздағы кәмпит, шоколадтардың бәріне қызыға береді. Баланы шын қуантқыңыз келсе, осы пайдалырақ деген тәтті түрлерін таңдап,сыртын әдемі қораппен немесе жылтыр қалталармен қаптап тарту етсеңіз, балаға бұл үлкен олжа болады.
2. Әр түрлі құрастырғыш, музыкалы ойыншықтар. Кішкене баласы бар ата-аналардың бәрі байқайтын болар, қазір балалар қозғалмайтын ойыншықтарға қарағанда қимыл-қозғалысы көп, әртүрлі дыбыстар шығарып, жүретін, секіретін не билейтін, әртүрлі қимыл-қозғалыстарға түсетін ойыншықтарды таңдайды. Түрлі роботтар мен музыкалы машиналар, қимыл-қозғалысқа түсетін қуыршақтар бала қуанышын арттырады.
3. Киім. Бұл әрине жасынан сәнқойлыққа бейім, әдемі киінгенді ұнататын балаларға болмаса, өздігінен киім таңдамайтын балалар үшін аса қызық емес болып қалады. Баланы сыйлыққа қызықтыру үшін, бала үнемі көретін мультфильмдердегі кейіпкерлердің суреті бар киімдерді таңдай қалсаңыз, сыйлығыңыздың сөзсіз ұнары анық. Бізде әлі қазақша өрнекпен,батырлар,хандар суретімен шығарылатын киімдер жоқ, мұндай киім бола қалса, баланы ұлтының тарихымен таныстыруға үлкен септігін тигізер еді. Батыр мен хандар есімінің бала есіміне дәл келуі бала үшін үлкен қуаныш болар еді де.
4. Электроника. Бұған әртүрлі ұялы телефон түрлері мен электронды балалар сағаты, компьютер, магнитофондар мен электронды кітаптар жатады. Қазір ақпарат пен технология заманы болғандықтан, баланың бұл саладан хабары болғаны өте жақсы. Тек асыра пайдаланып, есте сақтау қабілеті мен көру қабілетін әлсіретіп, адамдармен байланыс жағы кемшін қалмаса болғаны.
5. Белгілі бір салаға арналған сыйлық түрлері. Бала табиғаты мен қабілеті әртүрлі. Біреулері сурет салуға, біреулері жүзуге, біреуі кейбір спорт түрлеріне, енді біреуі кітап оқуға, біреуі есеп шығаруға бейім болады. Егер сіз сол қабілетін білетін болсаңыз, сол өнерге байланысты ойыншықтар, не пайдаланатын құралдарын алып берсеңіз болады. Сіздің сыйлығыңыз баланы қуантады, қабілетін әрі қарай дамытуына үлкен үлес қосасыз.
6. Жеке арман. Егер сіз баламен ашық сөйлесіп, не қалайтынын біле алсаңыз, тіптен, жақсы. Бала арманын біліп аласыз. Бала кездегі орындалмай қалған арман, ешқашан да ұмытылмайды.
7. Арнайы кино корсететін залдарда тамашалауға болатын мультиктер немесе балалар киноларына билеттер. Кішкене жастағы балалар үшін ойын залдарында ойнауға болатын билеттер, карталарды да тарту етуге болады. Бұл да бала үшін ерекше сыйлық түрі. Көп ешкімнің ойына келе бермейтін тосын сый десе де болады.
Қолдан жасалған сыйлық түрлері. Қолдан жасалған кей сыйлықтар баланы аса таңқалдыра қоймауы мүмкін, бірақ ерекше етіп даярласаңыз, баланың сол өнерге деген қызығушылығы артуы әбден мүмкін.

Сыйлық түрлері осылай жалғаса береді. Адам қиялы өте ұшқыр. Бұл сыйлық түрлерінен басқа керемет сыйлық түрлерін өзіңіз де таңдап ала аласыз. Ойыңызға тамаша сыйлық түрлері келсе немесе білетін болсаңыз, бөлісе отырыңыз.