Алдағы жылы Астанада 10 мыңға жуық ақылы автотұрақ пайдалануға беріледі

0
08 Желтоқсан 2018, 10:45 330 0

Астана, BAQ.KZ. Ақылы тұрақтар жұмысын бастағалы олардың қызметін жарты миллионнан астам жүргізуші пайдаланды. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

«Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-де мәлімдегендей, 2019 жылдың соңына дейін қала аумағында 10 мың ақылы тұрақ орындары пайда болады деп жоспарлануда.

«Ақылы тұрақ орындарын іске қосудың келесі кезеңі сол жақ жағалаудағы Қонаев, Достық көшелерінде, оң жақ жағалаудағы Кеңесары, Бейбітшілік, Сейфуллин, Желтоқсан және Жеңіс көшелерінде жүзеге асады. Автоқұмарларға бір ай бұрын хабарлаймыз. Ақылы тұрақтар пайда болатын орындарда бұл жердің алдағы уақытта ақылы болатыны туралы ескерту сипатындағы ақпараттық қалқандар орнатылатын болады»,- деді компанияның баспасөз хатшысы А. Амантаева.

Автотұрақтарды пайдаланушылардың пікірін саралай келе, 10 айлық жұмыстың нәтижесінде ақылы тұрақтар жүйесі көліктердің жол бойында бей-берекет қойылуын болдырмауға, Нұржол желекжолын жаяу жүргіншілер үшін қауіпсіз етуге септігін тигізді. Желекжол маңындағы көшелердің өткізу қабілеті де едәуір ұлғайды.

«Ақылы тұрақтар туристер үшін ыңғайлы болды. Қыдырушы туристер енді Нұрлыжол желекжолында қымтырылмай, бей-берекет қойып тастаған көліктер арасынан өтетін орын іздеп жүрмейтін болды. Енді демалушылар Нұрлыжол желекжолының екінші жағына еркін өте береді. Жобаның мақсаты да осы болатын. Көпшілік ойлағандай табыс табу емес, бастысы ыңғайлылық», — деді А.Амантаева.

Ол сонымен қатар, 23 сәуірден бастап ақылы тұрақ ережесін бұзғаны үшін айыппұл есебінен Астана бюджетіне 66,7 млн теңгенің құйылғандығын жеткізді.

«Астананың көлік тұрағы кеңістігі» ЖШС-нің компаниясы әзірге ақылы тұрақтың төлем құны өзгермейтінін айтты. «Ақылы тұрақ құнын көтеру 2019 жылдың күзінде қаралады», — деді Амантаева.

Естеріңізге сала кетейік, пилоттық режимдегі жоба 2018 жылдың 15 қаңтарында Нұрлыжол желекжолында іске қосылды. Әкімшілік орталықта 487 аймақтың 24-і сертификатталған арнайы жабдықтармен – паркомат, жол белгілері, ақпараттық тақта және таңбалармен жабдықталып, ақылы болды.














Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ