Қысқы марафон мәреге жетті | «Айқын» газеті

0

«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы мен Қазақстан Құрысшылар одағы бірлесіп қысқы марафон өткізді. Шара Тұңғыш Президент күні мен Тәуелсіздік күніне орай ұйымдастырылды. Спорттық шараның мақсаты – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласының негізгі бағыттарын халыққа түсіндіру және насихаттау.

Елордадан шыққан «Астана – Алматы» бағы­тындағы марафонның 10 қатысушысы мәреге жет­ті. Тәуелсіздік күніне орай белгілі спортшылар мен кәсіпкерлер және саясаткерлер қос қала арасында 1 345 шақырымды жүгіріп өтті. Бес күнге жалғасқан марафон барысында қатысу­шылар 6 елдімекенге тоқтап, жергілікті тұрғын­дармен кездесу өткізді.
– Бұл шара қазақстандықтардың салауатты өмір салтын қаншалықты ұстанғысы келетінін көр­се­теді. Біз кез келген ауа райына төтеп бере ала­­­ты­ны­мызды дәлелдедік. Марафонға қатыс­қан бел­гілі аза­маттар тәжірибелерімен бөлісіп, жас­тарды спорт­қа бейімдеуге өз үлесін қосты. Бұл шара ха­лық­тың рухы мен бірлігін, ынты­мағын көр­сетеді, – деді «Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының орын­басары Власдислав Сергеев.
– Марафонды сәтті аяқтадық. Әрине, мара­фоншыларға алыс қашықтықты бағындыру оңай болған жоқ. Қыс айында жүгірдік. Ара­мызда кәсіби марафоншылар, сондай-ақ алғаш рет қатысқан азаматтар да бар. Олардың мақсаты ортақ. Салауатты өмір салтын ұстанып, жастарды спортқа баулу, – деді Қазақстан Құры­лысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев.
Он екі жыл бойы марафонға қатысып келе жат­қан 51 жастағы кәсіби марафоншы Дулат Иман­қажы да марафоннан соң тәжірибесімен бөлісті.
– 2011 жылы Алматыдан Астанаға жүгіріп келгенмін. Астанадан Бейжіңге дейін вело­си­педпен жүріп өттім. Абылайдың 300 жылдығында Астанадан Көкшетауға жүгіріп барған едім. Қа­зақ­станның 550 жылдығында Шу, Тараз, Шым­кент, Түркістан, Қызылорда, Жезқазған, Ұлы­тау­ға дейін жүгіріп бардым. Астанадан Меккеге де­йін де жүгірдім, – дейді тәжірибелі марафоншы.
Айта кетейік, марафон қашықтығы Ас­та­на – Қа­рағанды – Балқаш – Сарышаған – Ақсуек – Қас­ке­лең – Алматы қалаларындағы 7 елдімекенді қамтыды.

Әбілмансұр ЖАСАН