Талдықорғанда екі питбуль жеті жасар баланы талап өлтірген
Талдықорғанда саяжай күзететін екі питбуль 7 жастағы ұл баланы талап өлтірген деп хабарлайды Sputnik-Қазақстанға сілтеме жасаған NUR.KZ.
Қайғылы оқиға 6 қараша күні Талдықорғанның саяжай алқабында орын алыпты. Ит талаған бала ауыр күйде ауруханаға жеткізілген.
Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Өкінішке орай, дәрігерлер баланың өмірін құтқара алмапты. Бірнеше сағаттан кейін ол жан сақтау бөлімінде көз жұмған.
Тәртіп сақшылары иттің иесін анықтады. Ол 44 жастағы қала тұрғыны болып шықты. Саяжайын күзету үшін ер адам 6-7 ит ұстаған, арасында питбульдер де бар екен.
Тергеушілердің нұсқасы бойынша, қожайындары үйде болмаған кезде иттер далаға шығып кетіп, қорғаусыз балаға тап берген.
«Қылмыстық кодекстің 104 бабы «Абайсызда кісі өлтіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Иттердің қожайыны анықталып, тергелді», — деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің өкілдері.
Ер адам үш жылға дейін түрмеге отыруы мүмкін. Баланы талаған иттер ұсталып, ұйықтатып тасталды. Олардан сараптама өткізу үшін сынамалар алынды.