«Күлтегінді» көрмеген көп дүниеден құр қалады
– Әрине, біз үшін көрерменнің қабылдауы, шынайы эмоциясы басты орында. «Күлтегінді» түсіруін түсіріп алып, «көрермен қалай қабылдар екен?» деп қатты қобалжыдық. Өйткені қазір ақпараттық алаң ашық. Голливудтық небір шытырман оқиғалы туындыларды еркін тамашалап үйренген балалар жасаған жұмысымызды лайықты бағалай қояр ма екен деген мың күдіктің құрсауынан шыға алмағанымызды да жасырмаймыз. Қалай дегенмен, толықметрлі форматта жасаған алғашқы туындыларымыздың бірі ғой. Бірақ сонда да тәуекелге бардық. Бізге дәл қазір керегі – жасаған өнімдеріміздің көпшілік арасында танымалдылығы. Сол арқылы балаларды ұлттық мультфильмдерімізді іздеп жүріп көретін деңгейге жеткізу. «Қазақстанда жасалған» деген бренд кішкентай көрермендеріміз үшін ішкі комплекс, ыңғайсыздық сезімдерін тудырмай, керісінше, зор мақтаныш болса деген тілек. Қолымыздан келгенше сапалы дүние жасап, балдырғандарымызды қуанта алсақ, біз үшін басты жеңіс – сол.
– «Күлтегін» әдеби шығарма ретінде де өте күрделі туынды ғой. Ал оны балалардың тіліне аударып, түсінік-танымына лайықтау тіпті қиын. Бұл кейіпкерге тоқталуларыңыздың қандай сыры бар? Жалпы, идея қалай туды?
– 2015 жылы Ресейде өткен бір жиында «Қазақтарда 1991 жылға дейін ешқандай мемлекеттілік болмаған» деген пікір айтылды. Осы пікірден кейін-ақ, аниматор мамандар жиналып, қазақтың түп тарихын тереңнен қамтитын сапалы дүние түсіруді ойға алған болатынбыз. Дәл сол жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы тойланып жатқан еді. Бірақ біз тарихымызды одан да тереңнен қазғымыз келді. Сөйтіп Көк түркілер дәуірінен бір-ақ шықтық. Қалай десек те тарих бірден жасалмайды ғой, оның өз соқпағы бар. Осындай мың құрсаулы ойлар бізді Күлтегінге алып келді. Алғашқыда әлі ешқандай сценарий жоқ, тек көз алдыма кейіпкердің бейнесі ғана келді. Содан Жәнібек Нұрбекұлы деген әріптесім екеуміз ақылдасып, фильмнің жобасын жасадық. Қалай десек те, Күлтегін – игерілмеген тың тақырып. Біздің «Күлтегін» ешбір шығарманың экрандық нұсқасы емес. Бітіктастағы көне жырды негізге ала отырып, драматургиялық негізін толықтай өзіміз жасап шықтық. Жұмысымыз сонысымен де құнды деп ойлаймын. Ал енді «Неге Күлтегін?» десеңіз, бұған да айтар өзіміздің салмақты себебіміз бар. Қазіргі балалар тарихи мәні терең ғылыми шығармалар тұрмақ, көркем әдебиетті де сирек оқиды. Екіншіден, зерттеп білгеніміздей, Күлтегін туралы не театрда, не экранда әлі күнге дейін ауқымды, тұшымды дүние тумапты. Осы тұрғыда біз бірінші болып отырмыз. Балдырғандар еліктеп өсетін қаһармандар бейнесін экранға алып келуді көкседік. Өйткені мультфильмнің тілі жеңіл, көркемдік сапасы ерекше болады. Әрі қабылдау да оңай. Анимацияның осындай артықшылықтарын ескере отырып, «Күлтегінді» бала тілінде сөйлетуге кіріскен болатынбыз. Сәби психологиясын зерттей келе, фильм сюжетін бала танымына барынша лайықтап беруге тырыстық. Бастамамызды бірден қолдап, жарыққа шығуына барлық жағдайды жасаған Мәдениет және спорт министрлігі мен «Қазақфильм» киностудиясына айтар алғысымыз шексіз.
– Түсірілім жұмыстарына бас-аяғы қанша уақыт жұмсадыңыздар?
– «Күлтегін» фильмі шығармашылық ұжым үшін үлкен тәжірибе болды. Аталмыш туындыны жарыққа шығаруға елуге жуық еліміздің үздік компьютерлік графика және анимация мамандары атсалысты. Фильм небәрі бір жылдың ішінде түсіріліп, өңделіп, енді, міне, көрерменмен қауышып отыр. Бұл – халықаралық стандарттар бойынша өте аз уақыт.
– Жалпы, анимациялық кейіпкерлердің жобасын кім ұсынады? Біздіңше, қаһармандардың сыртқы кейпіне әлі де біраз ізденістер қажет секілді көрінеді…
– Бұл тұрғыдан сізбен толықтай келісемін. Мысалы, атақты Уолт Дисней (Walt Disney) студиясы өнімдерінің көркемдік биікке көтеріліп, әлі индустрияға айналмай тұрған кездегі кейіпкерлері мен бүгінгі бейнелерін салыстыра қарағанда жер мен көктей айырмашылықты байқар едіңіз. Ал ол екеуінің арасында ғасырға жуық уақытты қамтитын тарих жатыр. Қазақ анимациясына бар болғаны 50 жыл болды. Осы уақыттың ішінде ұлттық анимациямыз түрлі жағдайды басынан өткерді. Тоқырау кезеңі оның дамуын бірнеше жылға тежеді. Осындай факторларды ескерсек, сіздің айтып отырған ескертпеңіздің орын алуы заңдылық. Әйтсе де біздің кейіпкерлеріміз қазір бірте-бірте өзінің кейпіне түсіп, ұлттық бет-пішінін тауып келе жатыр. Жалпы анимация детальдардан құралады ғой. Әр бейнені жасау қыруар уақытты қажет етеді. Сондықтан да бұл жолда бізге әлі де көп еңбек ету керек.
– Біздің бүгінгі анимацияға дәл қазіргі таңда не жетіспейді? «Қаржы бөлініп жатыр», «мамандар оқытылып жатыр» дейміз. Әйтсе де…
– Қиыншылық, қайшылық туындаған жерде қиял алға шығады, ізденіс күшейеді. Оның үстіне, фильм түсіру жанды процесс болғандықтан да, оқтын-оқтын қиыншылықтардың туындап тұруы заңдылық. Және оның басым бөлігі, әрине, кадр мәселесімен байланысты. Мәселен, салыстырмалы түрде алып қарайтын болсақ, бізде бір фильмге барлығы 50-ге тарта маман тартылса, АҚШ-та шығармашылық жұмысқа 1500-2000 адамды бір-ақ жұмылдырады. Әрине, содан кейін соған сай нәтиже де көрінеді. «Күлтегін» мен «Мұзбалақ» фильмдері бір уақытта басталып, бірдей аяқталды. Демек біздегі аниматор мамандар екіге бөлінуге тура келді. Және бұл сөзсіз отандық анимацияда әлі де болсын кадр тапшылығы мәселесін алға тастады. Әйтсе де мұндай жайт біздің жұмысқа деген құлшынысымызды тежей алмады. Керісінше, қос фильмге қатар араласа жүріп, көп нәрсе үйрендік. Сондықтан да «Мұзбалақ» пен «Күлтегінді» бір құрсақта жетіліп, егіз туған сәбидей көреміз. Фильмдер бізге сонысымен ыстық. Одан кейін әрине, тағы бір қуантатын жайт – «Мұзбалақ» та, «Күлтегін» де ешбір шетелдік маманның, қаржының, қолдаудың араласуынсыз түсірілген қазақтың төл туындысы. Отандық мамандардың қолынан шыққан дүние. Тіпті фильм қазақ тілінде түсіріліп, орыс тіліне дыбысталды. Бұл да болса бүгінгі киноөндірісіміздің басты жеңістерінің бірі деп есептейміз.
Бұдан бөлек, тағы бір айтарым – жалпы қазақ анимациясының жағдайын бір қалыпқа түсіру керек. Жеке студия болып ашылса деген тілегіміз бар.
Яғни ол ешбір студияның, университеттің, не болмаса тағы да басқа мекеменің құрамдас бөлігі емес, дербес орталыққа айналса, сонда нәтиже бұдан да өнімдірек болар еді. Қазақ анимациясы өз әлеуетін, шығармашылық мүмкіндігін «Мұзбалақ» пен «Күлтегін» арқылы толықтай көрсете алды ғой деп ойлаймын.
– Толықметрлі фильм түсірудің жауапкершілігі қандай болады екен? Аңдай алдыңыз ба?
– Толықметрлі форматтағы алғашқы тәжірибем болғандықтан, қолға алған кезде оның қаншалықты ауқымды екенін білмеппін. Жастық максимализмнің көзсіз әсерімен оны да сезініп көрдік. Қалай болса да шығармашылық құрам үшін бұл үлкен тәжірибе болды. Енді келесі фильмдерде осыған дейін жіберген кейбір кем-кетікті қайталамай, бұдан да биік көркемдік сапаға қол жеткіземіз деп ойлаймын.
– Алда тағы қандай шығармашылық жоспарларыңыз бар?
– Қазір «Алтын адам» туралы және бір туындының түсірілім жұмыстарын бастап кеттік. Иә, бұл да тарихи тақырып. «Тарихи тақырыпты төңіректей бермей, неге заманауи мультфильмдер түсірмейсіңдер?» деген сын-ескертпелер жиі айтылады. «Анау Америка баяғыда ғарышқа ұшып, болашақ туралы әлдеқашан түсіріп тастады» дейтіндер де бар. Бірақ төл тарихымызды игеріп болмай, болашаққа қалай бармақпыз? Сол үшін бізді алда әлі де жасайтын қыруар жұмыс күтіп тұр. «Алтын адам» соның бір парасы ғана.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»