Қырғызда коронавирустан да қауіпті мәселе бар

0

Қырғыз Республикасында 20 желтоқсанға қайта белгіленген Парламент сайлауы өтпейтін болды. Елдің Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) сайлау өткізудің жұмыс кес­тесін жасап, Жоғарғы кеңеске депутаттарды тіркеуден өткізіп те қойған еді. 30 қа­занда Қырғыз Республикасының Жоғарғы соты сайлаудың кейінге қалдырылғанын жариялады.

Елдің оңтүстік аумағындағы Бат­кен, Жалалабад және Ош облыс­тарына барған іссапарында пре­зиденттің міндетін атқарушы, пре­мьер-министр Садыр Жапаров ел­мен кездесуінде бұл мәселеге де тоқ­талды. «Конституцияның 64-бабына сәйкес, Қырғыз Республи­ка­сының президенті ғана Жоғарғы кеңеске сайлау тағайындайды. Сон­дықтан бірінші президент сайлауы өтуі керек», – деді ол. Ал Президент сай­лауы 2021 жылғы 10 қаңтарға белгіленген болатын.

Садыр Жапаров оңтүстік аймақ­қа шұғыл түрде барып келді. Өйткені содан бірнеше күн бұрын қырғыз-тәжік шекарашылары бір-біріне қо­қан-лоққы жасап, атыс болған. Абы­рой болғанда адам шығыны бол­ған жоқ. Қырғыз Республикасы жиыр­ма тоғыз жылдан бері Өзбек­стан және Тәжікстан республикаларымен шектесетін жерлерін толық анықтай алмай отыр. Кикілжің­дер­дің себебі де осыдан.

Садыр Жапаров ел үшін ко­ро­на­ви­рус індетінен де қор­қынышты екі проблема бар деп атады. «Біріншісі – ұлтаралық жанжал, екіншісі – ше­кара­ның босаңдығы. Ақырғы оқиға­ларды пайдаланып, үшінші күштер дейміз бе, оппоненттер дейміз бе, ұлтаралық жанжалды шығаруға әре­кеттенді және әрекет жасап жатыр. Мұның алдын алу мақсатында Ошқа келдім», – деді ол. Үкімет басшысы­ның айтуынша, өлкенің Шекара қызметі Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің құрамына кіріп, енді комитеттің төрағасы Қамшыбек Ташиев шекара мәселесімен тікелей айналысатын болады.

Өткен көктемде пандемиямен алы­сып, біраз қиындықтарды көр­ген қырғыз бауырларымыз жақында бас­талған індеттің екінші толқынын еле­мей жүргендей. Елдің назары ал­дағы президент сайлауына ауды. Бұлай айтпасқа амал жоқ. Өйткені сақ­тық шараларын ұстанып жүр­ген­дер аз. Көшелерде, көліктерде маска тағып жүргендер бірен-саран. Бішкекте коронавирус мүлде жоқ сияқ­ты әсер қалдырады.

Қырғыз Республикасында пан­де­мия байқалғаннан бері 60 279 адам ауру жұқтырып алған. Қазіргі уа­қыт­та ауруханаларда 3 367 адам, күн­­дізгі емханаларда 3 889 адам ем­деліп жатыр. Бұл аурудан қайтыс бол­ған адам­дардың жалпы саны 1 159 бол­­ды. Үкімет тарапынан да коро­на­вирусқа қарсы қатаң шаралар әлі қабылданбай отыр. «Барлық күшті пан­демияға қарсы жұмсайық, ел жап­пай ауырып қалса, сайлаудың не керегі бар?» деген дабыл да қағыла бастады. Бішкек мэриясының жетекшілігі осы 14-15 қараша күндері Біш­­кекте коронавирус инфекциясы күшейіп, жоғарғы шекке жақын­дай­ды деп болжам жасады.

Ал енді, ОСК 14 қараша күні пре­­зиденттік қызметке канди­дат­тар­ды тіркеуді аяқтап, сайлау нау­қанын бастамақшы. Президенттің міндетін атқарушы, премьер-министр Садыр Жапаров сайлауға түсетінін тағы да мәлімдеді. Мұның алдында да «ел сайласа, ажо боламын, сайламаса жай адам боламын» деген еді (ажо – орта ғасырларда қыр­ғыздарды басқарған билік иесі. Қырғызда «Ай дейтін ажо, қой дейтін қожо жок» деген мақал сол дәуір­ден қалса керек, елімізде «Әй дейтін әже жоқ, қой, – деген қожа жоқ» деп айтылады). Садыр Жапаровтың бұл сайлауда ешнәрседен ұтылмайтыны белгілі болып тұр. Жеңсе, президент болады. Жеңілсе, парламент сайлауына түсіп, оның бірінші сессиясына дейін премьер-министр болып қала береді. Жаңа парламент жаңа үкіметті жасақтағанда Садыр Жапаров депутаттар тарабынан қолдау таба ма? Алдын ала айту қиын. Пар­ламент сайлауы келесі жылдың ортасында өтуі мүмкін. Сарапшылар­дың көпшілігі егер Садыр Жапаров президент болса, ел президенттік басқару жүйесіне, премьер-министр болса парламенттік басқару жүйе­сіне өтеді деген болжам айтуда. Бұл Конституцияға өзгерістер және то­лықтаулар енгізу арқылы іске аспақ­шы. Оны жаңарту үшін Консти­туция­лық кеңес құру, талқылау, жал­пыхалықтық референдум өткізу керек. Бұл президент сайлауы мен парламент сайлауы аралығында іске асырылуы мүмкін.

Республикада жалпы 15 жыл тұр­ған, мемлекеттік тілді білетін, жа­сы 35-тен жоғары, 70 жастан ас­па­ған Қырғыз Республикасының аза­маты президенттік қызметке 6 жыл мерзіммен бір жолы сайлана ала­ды. Тіркелерде 30 мың жақтау­шы­сының қолын да жинауға тиіс.

Бүгінгі күнде төрт кандидаттың арасында негізгі бәсекелестік болады деп айтылуда. Олар – Садыр Жа­паров, «Бүтін Қырғызстан» пар­тия­сының лидері Адахан Мадумаров, Жоғарғы кеңестің төрағасы Қа­нат Исаев және «Республика» пар­тиясының бұрынғы лидері Өмір­бек Бабанов. Президенттік сайлауда бұрынғы президенттер Алмазбек Атам­баевтың, Сооронбай Жээн­беков­тің жақтастары да белсенділік та­нытқалы отыр. Қазіргі саяси жағ­дай туралы қырғыздың саяси сарапшысы Марс Сариев былай дейді: «Садыр Жапаровтың билігін Ресей мойындамағансып жатқанымен, ол Мәскеуге жақын адам. Қырғыз Рес­публикасындағы парламент сай­лауы­ның теріс нәтижесінен соң ірі дер­жавалардың арасында өлкеміз­дегі ахуалға қызығушылық артты. Мәс­кеу президент сайлауына дейін Садыр Жапаровты ашық қолдай алмайды. Әсер ету саясатында «жасырын әдістер» бар. Мәскеу қабыл алмай жатыр деп, әдейі мәлімет таратуда. Шындап келгенде, сайлау аяқталысымен Ресей Садыр Жа­паров­тың билігін бірінші болып таниды. Жалғыз олар емес, Қытай да, басқалары да Жапаровқа ғана тоқ­талуда». Белгілі саясатшы Садыр Жа­паровтың президент болатынына нық сенімді сияқты.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

Túrkistan-ның Қырғыз республикасындағы тілшісі (Бішкек)