Қазақстандық ауыр атлет әлем чемпионатында қола алды
Надежда Лихачева әлем чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды.
Қазақстандық ауыр атлет Надежда Лихачева Ашхабадта өтіп жатқан әлем чемпионатында 71 килограмм салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды. Н.Лихачева 71 кг салмақта қоссайыс қорытындысында 242 кг (112+130) нәтиже көрсетіп, үздік үштікті түйіндеді. Бұл салмақта қытайлық Ван Ли Чжан әлем рекордын жаңартып, 267 кг (115-152) көрсеткішпен алтын медальді жеңіп алды. Мысырлық Сара Ахмед 252 келімен (111+141) үшінші орынды иеленді.
Алайда Надежда серпе көтеру жаттығуын сәтсіз бастады. Алғашқы мүмкіндігінде 130 килограмға тапсырыс беріп, қателік жіберді. Сөйтіп, бұл салмақты екінші мүмкіндігінде ғана көтере алды. Бірақ үшінші мүмкіндігінде 136 килограмға шамасы жетпеді. Қос жаттығудың қорытындысы бойынша Лихачева 242 килограмды көтерді. Бұл нәтиже оған әлем чемпионатының қола жүлдегері атануға мүмкіндік берді.
Бас жүлдені 267 килограмм (әлемдік рекорд) көтерген Қытай спортшысы, күміс медалді Египет спортшысы (252) жеңіп алды.
Ауыр атлетикадан Қазақстан құрамасының бас бапкері Юрий Мельников 23 жасар Н.Лихачеваның осынау табысын еселей түсе алатын мүмкіндігі бар екенін жеткізді. 71 кг олимпиада бағдарламасына енбейді. Сондықтан Надежданы Токио олимпиадасына 64 кг салмақта дайындау көзделуде.