Армян футболшысы Исламхан мен Томасовтан озып кетіп үздік ойыншы атанды

0

Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы осы жылдағы маусымның үздік ойыншысының есімін атады. Футболшыларға клуб басшылары, бас бапкерлер және команда капитандары дауыс берген. Әр дауыс беруші өзінің үздік үш ойыншысын жазған. Одан кейін ойыншыларға ұпай үлестірілген. Бірінші орынға – үш балл, екінші орынға – екі балл және үшінші орынға – бір балл.

Осылайша, «Ақтөбе» командасының жартылай қорғаушысы Маркос Пиззели 69 ұпай жинап, биылғы премьер-лиганың үздік ойыншысы атанды. Ол биылғы маусымда 18 гол соғып, ең үздік бомбардир атанған еді.

  1. Маркос Пиззели. «Ақтөбе»
  2. Марин Томасов. «Астана»
  3. Бауыржан Исламхан. «Қайрат».

Пиззели Армения құрамасына да жиі шақырту алады. Футболшының агенті Тигран Мкртчянның айтуынша, ойыншы батыстық ұжыммен келісімшартты әрі қарай жалғастыруы мүмкін.

Футболшы қазір жарақатын емдету үстінде. Ол Армения құрамасы сапында 16 қазан күні Македонияға қарсы ойнап, 12 минутта гол соғып, ал 22 минутта ауыр жарақат алған еді.

«Маркостың жағдайы қазір біршама жақсы. Бразилияда операцияға дайындалып жатыр. Желтоқсан айының екінші жартысында Сан-Паулуда операция жасалады. Дәрігерлер жуық арада нақты уақытын белгілеуі тиіс. Сондай-ақ клуб басшылығымен келісімшартты әрі қарай созу бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр. Маркос ақтөбелік команданың намысын қорғауға дайын» дейді ол.

Абай Аймағамбет