Пневмониядан қайтыс болған имамының ұлына үй берілді

0

Тұрғын үй Түркістан облысының имамдары мен облыстық «Зекет» қорының өкілдігі және ерікті жамағаттың қолдауымен салынды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Түркістан облысына жасаған сапары аясында Сайрам ауданының Арыс ауылындағы мешітте имамдық қызмет еткен марқұм Мәдікәрім Құрбанбаевтың балаларына мүфтият салып берген баспананың кілтін табыс етті.

Мүфтияттың баспасөз қызметінің хабарлауынша, көп жылдан бері дін жолында қызмет етіп, Исламды насихаттап, түрлі игі шаралардың басы-қасында жүрген Мәдікәрім Құрбанбаев пневмония кеселіне шалдығып, қайтыс болған. Артынша өмірлік жан жары да осы жаман індеттен көз жұмған.

«Өте қиын сәтте рухани һәм материалдық тұрғыдан қолдау мақсатында бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы «Ел үлесі – пәтерге» акциясының аясында асар әдісімен салынған 5 бөлмелі үйді марқұмның артында қалған ұлы Абдулбасидке табыс етті», – делінген хабарламада.

Айта кетейік, тұрғын үй Түркістан облысының имамдары мен облыстық «Зекет» қорының өкілдігі және ерікті жамағаттың қолдауымен салынды.
sputniknews.kz