Тұңғыш Президент және Түркістан

0

Мәдениет және спорт ми­нис­трлігі, Астана қаласы әкім­дігі және «Әзірет Сұл­тан» мем­лекеттік тарихи-мәдени қорық-му­зейінің ұйымдастыруымен өткен көр­ме үш бөлімге топ­тас­тырылған. Онда «Әзі­рет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәде­ни қорық-музейі қорынан 60-тан астам жәдігер қойылды. 

Көрменің бірінші бөлімінде Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 1985 жылы Қазақ КСР Министрлер кабинетінің басшысы, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті тұсындағы, бауырлас Түркия Рес­публикасының пре­зи­денттері Тұрғыт Өзал, Сүлей­мен Демирел, Ахмет Сезер, Аб­дулла Гүл, Режеп Тайип Ер­доған, Өз­бекстан Республи­касының тұңғыш Пре­зиденті  И.Каримовпен, 2018 жылғы Түр­кістандағы ресми сапарларынан сыр шер­тетін фотосуреттері экспозициядан орын алды.

Көрменің екінші бөлімі Қожа Ахмет Ясауи мұрасына арналды. Қожа Ахмет Ясауидің артында қал­ған баға жетпес мұралары ХVІІІ ғасырға тән «Диуани хикмет» кітабының қолжазба және баспа нұсқалары, ХІХ ғасырда қайта көшірілген «Рисоллә дәр адаби тариқат», «Насабнама» шежіресі секілді көптеген еңбегі қойылды. 

Көрменің үшінші бөлімінде Түркістан өңіріндегі киелі орындар мен тарихи ес­керткіштер жайында фотосуреттер көп­шілік назарына ұсынылды. 

Сонымен қатар «Астана» концерт залында тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауидің хик­мет­теріне арналған композиторлар Серікжан мен Әліби Әбді­нұровтардың «Әзірет қонған Түркістан» концерті өтті.

Айтулы кешке Астана қаласы мем­лекеттік филармониясының академиялы симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысты.

Кеште Қ.А.Ясауидің хикметтеріне жа­зылған көптеген шығармалар орындалды. Олардың қатарында дәстүрлі ән­шілердің – «Расулдың ризалығы», «Салауат», «Аш, ей момын көзіңді» шығар­малары, қыл­қо­бызбен – «Диуани хикмет», баянмен – «Арыстанбаб», скрип­ка аспаптарымен – «Күй-толғау», ақын және симфониялық ор­кестрмен – «Қо­жа Ахмет Ясауи» шы­ғар­малары орындалды.

Алмас МАНАП,

«Егемен Қазақстан»