Еуропа лигасында «Астана» «Динамодан» жеңіліп қалды

0
Еуропа лигасында «Астана» «Динамодан» жеңіліп қалды


Астанада өткен кездесу 1:0 есебімен қонақтардың пайдасына шешілді.

Футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңіндегі бесінші ойында «Астана» Киевтің «Динамо» командасына есе жіберді. Астанада өткен ойында украиналық клуб 3 ұпай еншілеп қайтты. Алғашқы минуттан-ақ алаң иелері шабуылға шығуға мән берді. Тіпті олардың есеп ашатын мүмкіндіктері болған еді. Мұндай сәттердің бірінде Марин Томасов өз мүмкіндігін мүлт жіберсе, ендігі бірінде Джуниор Кабананга берілген пасқа үлгере алған жоқ. Әйтеуір, біздің жігіттерге сәттілік жетіспей жатқандай көрінді. Біраздан кейін «Динамо» ойыншылары да алаңға бой үйрете бастағаны аңғарылды. Олар қарымта шабуылдарға мән берді.

«Динамо» ойыншысы Беньямин Вербич 29-минутта өз командасын алға шығарды. Бұдан кейін «Астана» футболшылары шабуылды үдете түсті. Дегенмен оны алдыңғы шепте түйіндейтін ойыншы табылмай жатты. Бірінші кезең 1:0 есебімен «Динамоның» жеңісімен аяқталды.

Екінші кезеңде Григорий Бабаян «Астана» сапынан бірқатар ойыншыларды алмастырды. Ричард Алмейданың орнына Серікжан Мужиков шықса, Джуниор Кабананганың орнына Ромело Янга шықты. Біздің жігіттер «Динамо» қақпасы маңын жиі торуылдады. Дегенмен көп сәтте сәттілік жетіспей жатты. Бүгінгі кездесуде «Динамо» 1:0 есебімен жеңіске жетті. Елордалық команда топтық кезеңде алғаш рет ұтылды. Осыған дейінгі төрт ойында да ұпай еншілеген еді. Қазіргі таңда 8 ұпаймен екінші орында келеді.