Омбы қазақтары «Алтын адам» сыйлығын тағайындады
Фото: «Омбы қазақтары» бірлестігі
Омбы, BAQ.KZ тілшісі. Көршілес Омбы облысындағы қандастарымыз қоғам өміріне етене араласып, еңбектері еленген қазақтарға сый-құрмет көрсетті. Ресей елінің тарихында алғаш рет «Алтын адам» атты аймақтық деңгейдегі сыйлық тағайындалды.
«Алтын адам» сыйлығына үміткерлер тізіміне 74 азамат ілікті. Олардың ішінде медицина, білім беру, мәдениет саласының қызметкерлері, ауыл еңбеккерлері мен спортшылар болды. Ерекше шараға 10 жылдық тарихы бар «Омбы қазақтары» қоғамдық бірлестігі мұрындық болды.
«Омбы қазақтары» қоғамдық ұйымының төрайымы Торғын Әшенованың айтуынша, бүгінде бірлестік 20-дан астам әлеуметтік және мәдени-білім беру жобасын жүзеге асырып келеді.
«Үш жыл бұрын Мәскеу өңіріндегі еврей ұлттық-мәдени автономиясының «Ресей тұлғалары» атты жобасымен таныстым. Бұл кітапқа еліміздің дамуына сүбелі үлес қосқан азаматтар туралы мәліметтер жинақталған. Мәселен, ресейлік немістер де өздерінің сыйлықтарын тағайындап, үздік мамандарды марапаттаған. Кейін осы тектес жобаны қолға алуды ұйғардық. «Алтын адам» сыйлығы осылай дүниеге келді. Ең бастысы, қолдаушылар табылып, көздеген мақсатымызға қол жеткіздік», — дейді Торғын Әшенова.
«Алтын адам» жобасының лауреаттары халықтық онлайн дауыс беру арқылы анықталды. Үміткерлердің тізімі қоғамдық бірлестіктің ресми сайтына жарияланды. Нәтижесінде 20 мыңнан астам қолданушы таңдау жасап, әр аталым бойынша тізім жасалды. Олардың қатарында түрлі мамандық иелері болды. Үздіктердің үздігін сарапшылар тобы саралады.
«Үздік медицина қызметкері» аталымы бойынша Омбы қаласындағы №9 клиникалық-санитарлық бөлімінің меңгерушісі, жоғары санатты хирург Болатхан Тастеміров марапатталды.
«Сыйлықтың үміткері ретінде достарым ұсыныпты. Мен үшін тосынсый болды. Жеңімпаз атанғанымды емделушілерімнен білдім. Өз ісінің шеберлері мен дарынды азаматтардың қатарында болғаныма қуаныштымын», — дейді Болатхан Тастеміров.
Жобаның ұйымдастырушылары ауылдық жерде еңбектеніп жүрген азаматтарды да назардан тыс қалдырмады. «Ауыл адамы» аталымына 86 жастағы кейуана Бәтия Сүлейменова ие болды.
«Халқымыздың асыл мұрасын көздің қарашығындай қорғап, салт-дәстүрлерімізді ұмытпаған жастарға қарап бір жасап қалдым. Мен өмір бойы қарапайым сауыншы болып еңбек еттім. Ұлымды ұяға, қызымды қияға қондырған бақытты жанмын. Біздің жолымызды қуған жастарды көргенде, бойымды мақтаныш сезімі кернейді», — дейді Бәтия Сүлейменова.
Айта кетейік, бүгінде Ертістің Омбы өңірінде 100 мыңға жуық қазақ тұрады. Облыс әкімшілігінің мәліметтеріне сүйенсек, облыста 1,5 мыңнан астам бірлестік бар. «Омбы қазақтары» — ең белсенді үкіметтік емес ұйымдардың бірі.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Дереккөз: BAQ.KZ