Жетісу өңірінің табиғи ерекшелігі баламалы энергия көзін өндіруге мүмкіндік береді
Қапшағай жағалауына демалуға барған жұрт осы аумақтағы күннің сәулесі нұрлы, қызуы мол екенін білсе керек. «Universal energy CO» компаниясының қуатты күн батереялары дәл осы демалыс аймағына жақын жерге, Шеңгелді ауылының маңына орналаспақ. 400 гектар жерді алып жатқан аумаққа күннен қуат өндіретін панельдер қойылып жатыр. Құрылыс жұмысына 500 адам жұмылдырылған екен. Олар Германияда өндірілген қуат жинаушы панелдерді орнатуда. Станса толық іске қосылған кезде 26 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылатын болады.
Баламалы энергия көзін жинайтын стансаның алғашқы кезеңі жыл соңына дейін пайдалауға берілмек. Мамандар салынып жатқан күн электр стансасының қуат өндіру күші келесі жылдың бірінші тоқсанына дейін 100 МВт энергия беруге жететінін айтуда. Стансаның толық іске қосылуымен бұл көрсеткіш тағы да 50 МВт энергияға көбеймек. Өндірілген қуат көзі аймақтағы электр энергиясына деген сұранысты қамтамасыз етуге бағытталмақшы.
Айтпақшы, бұл станса құрылысының негізгі құрылтайшысы – қытайлық «CHINT Group» компаниясы. Шанхай қаласында орналасқан компания әлем бойынша электр құрылғыларын шығарушы ретінде танымал. Бүгінге дейін Ресей, АҚШ, Канада, Аустралия, Гонконг, Сингапур сияқты әлемнің дамыған 11 елі осы компанияның қызметіне жүгінген екен. Қапшағай маңында салынып жатқан күн энергиясы стансасы ТМД елдері арасында алғаш салынуда. Әрі бұл жоба «CHINT Group» компаниясы тарапынан Қазақстан нарығына құйылған қомақты инвестиция болып отыр.
Қапшағай жазығында бой көтерген күн электр стансасы аймақтағы «жасыл» энергия өндіру ісіне де серпін береді дейді мамандар. Бұл «Болашақтың энергиясы» атауымен ЭКСПО көрмесін өткізіп, әлемді қалпына келетін энергия көздерін дамытуға үндеп отырған еліміздің басты ұстанымы екенін әйгілейді. Оның үстіне күн қуатын өндіретін панельдердің көбеюі өңірдегі электр энергиясына деген сұранысты азайтуға бастамақшы. Қазір Алматы облысының энергетикалық мүмкіндігі ішкі қуат нарығындағы сұраныстың 60 пайызын ғана орындауға мүмкіндік береді. Қалған қажеттілік Жамбыл облысы мен Қырғыз елінен сатып алынуда.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шаяхметовтің айтуынша, өңірде «Жасыл» энергия бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2025 жылға дейін баламалы қуат көзін өндіретін 25 нысан салынып, пайдалануға беріледі екен. Бұл – Жетісу өлкесіндегі энергетикалық сұранысты өтеуге әрі табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадам.
− Баламалы қуат көзін өндіру бойынша Қапшағай маңындағы күн электр стансасының құрылысынан бөлек, Алакөл ауданындағы Жоңғар қақпасы аумағында жел энергиясын игеру жұмыстары қарқын алды. Бұл – нағыз болашақтың энергиясы, жемісін де алдағы уақытта көретін боламыз. Қазір облыс бойынша өндірілетін энергия көзі 2 млрд киловатт/сағат болса, оның қалпына келетін ресурстардан алынатыны 38 пайыз шамасында. Жоба жүзеге асқаннан кейін бұл көрсеткіш өсіп, «жасыл» энергия өндіру де арта түседі деген сенім бар, − дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Шаяхметов.
Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы