Мас күйінде көлік жүргізген қарағандылық бес жылға сотталуы мүмкін
Қысқа сілтеме алу
11 қаңтардан бастап алкогольді ішімдік ішіп, көлік жүргізу жауапкершілігін күшейтетін заң күшіне енді
НҰР-СҰЛТАН, 13 қаңтар – Sputnik. Қарағанды тұрғыны екінші рет мас күйінде көлік жүргізгені үшін бес жылға дейін бас бостандығынан айырылып, өмір бойына жүргізуші куәлігінен айырылуы мүмкін, деп хабарлады Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда 11 қаңтардан бастап бірнеше заң күшіне енді
«Сенбі, 11 қаңтарда полиция қызметкерлері Қарағанды қаласының 37 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан көлікті тоқтатты. Ол 2018 жылы соттың шешімімен жүргізуші куәлігінен айырылып, тағы да мас күйінде рөлге отырғаны анықталды», — деп хабарлады облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Алмаз Саламатов.
Жүргізуші уақытша ұстау абақтысына қамалды.
«Бұл азамат өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айырылып, бес жылға дейін сотталуы мүмкін», — деді Саламатов.
Бұл мас күйінде көлік құралын жүргізу жауапкершілігін күшейтетін заң күшіне енгеннен кейін Қарағанды облысында жасалған алғашқы құқықбұзушылық.
Полиция департаменті барлық құқық бұзушыға осындай қатаң шаралар қолданылатынын ескертті.
sputniknews.kz