Қызылордада бір топ әйел АӘК төлеудің жаңа шартына қарсы шықты
10 желтоқсанда Қызылордада оннан астам көп балалы және жалғызбасты әйел үкіметтен берілетін атаулы әлеуметтік көмектің өзгеруіне наразылық білдіріп, әкімдікке келді.
Көп балалы әйелдер облыс әкімі Қуанышбек Ысқақовпен кездеспек болды. Бірақ әкімдіктен ешқандай өкіл наразы әйелдер пікірін тыңдауға шыққан жоқ. Олардың айтуынша, бұған дейін де талап-арызын айту үшін бірнеше рет әкіммен кездесуге тырысқанымен, ішке кіре алмаған.
Наразы әйелдер Қазақстан премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаевтың 8 қаңтарда Орталық коммуникациялар қызметінде «әр балаға 21 мың теңге төлеу дұрыс емес» деп айтқан пікіріне де шағынды. Олар «21 мың халыққа қайтадан берілсін» деген талап айтты. Жалғыз басты аналар «үкімет арнаулы әлеуметтік көмекті шаңырақтағы әр балаға 21 мың теңгеден есептеп беруі тиіс» деп санайды.
Әйелдердің бірі «депутаттар мен министрлердің айлығын 42 мың теңгеге түсірсе ғана біздің жағдайымызды түсінеді» десті.
Бұған дейін, 6 қаңтарда Нұр-Сұлтанда, 9 қаңтарда Алматылық бір топ әйел АӘК төлеудің жаңа тәртібіне наразы болған. Олар биліктен «балаларды алаламай, отбасындағы әр балаға 21 мың теңге төлеу керек» деген талап қойған.
8 қаңтарда премьер-министрдің орынбасары Бердібек Сапарбаев әйелдер талабына жауап беріп, «Барлығына 21 мың теңгеден төлеу деген дұрыс емес. Себебі, біріншіден, оған кететін қаржыны есептеуіміз керек. Екіншісін, жаңа айтып кеттім, ең негізгі мәселе мұқтаж адамдарға беруіміз керек» деген.
2019 жылы ақпанның 5-і күні астанадағы уақытша баспананың бірінде өрт шығып, бір үйдің бес баласы опат болған. Өрт шыққанда балалардың ата-анасы түнгі ауысыммен жұмысқа кеткені айтылады. Осы оқиғадан кейін көп балалы аналар, мүгедек баласы бар әйелдер биліктен жәрдемақыны көбейтуді талап еткен. Осыдан кейін сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әр балаға 21 мың теңге көлемінде АӘК төлеуді тапсырған. Біраз уақыт өткен соң билік «елде үкіметке қол жаятындар» көбейіп кеткенін, «масылдық артып бара жатқанын» айта бастады. Артынша үкімет жәрдемақы мен АӘК төлеу шартын өзгертіп, мұны парламент пен президент қолдаған.
Жаңа ережеге сай, үкімет табысына қарамастан көп балалы отбасыларға табысына, әлеуметтік жағдайына қарамай айына жәрдемақы төлейді. Енді билік төрт балаға — 42 496 теңге (бір балаға 10 500 теңге), бес балаға — 53127 теңге, алты балаға — 63 757 теңге, жеті және одан көп балаға 74 388 теңге береді.
Жаңа ережеге сай, атаулы әлеуметтік көмекті тағайындаудың тәртібі де өзгерді. 2019 жылдың 1 сәуірінен көп балалы және тұрмысы төмен отбасындағы әрбір балаға 21 мың теңге көлемінде қаражат беріліп келсе, енді биылдан бастап АӘК тек күнкөріс деңгейі мен кедейлік шегіне байланысты беріледі.