Серікжан Біләштің пробация бақылауынан босағаны хабарланды
Пекин саясатын сынап, Шыңжаңдағы этникалық қазақтар мәселесін көтерген белсенді Серікжан Біләш (Бияш) 30 желтоқсанда Азаттыққа бостандығын шектеу мерзімінің аяқталғанын хабарлады. Ол Алматы қаласы Алатау аудандық полициясы пробация қызметінен анықтама алған. Онда Серікжан Біләштің бақылау мерзімі аяқталып, есептен шығарылғаны жазылған.
— Дәл осы құжат бойынша пробациялық бақылаудағы мерзім, Алматы қаласынан шығуға болмайды деген шектеу алынып тасталды. Бұған дейін қаладан шығу үшін арнайы қағазбен рұқсат алуым керек болған, — деді Біләш.
Белсендінің сөзін оны сотта қорғаған адвокат Шынқуат Байжанов та растады. Адвокаттың сөзінше, «Серікжан Біләш Қылмыстық кодекстің 174-бабы (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, діни араздықты қоздыру) бойынша кінәлі деп танылып, сот оған 6 ай бостандығын шектеу жазасын кескен». Байжанов Біләштің бұрын үйқамақта отырған уақыты есебінен жаза мерзімі 2 айға қысқарғанын айтады.
— Серікжан пробация қызметіне тіркелгеннен кейін процестік тәртіпті бұзған жоқ, жазаның күші жойылды. Енді оның шет елге шығуға, қайда барғысы келсе де құқығы бар. Саясатпен де айналыса алады. Алайда үкімге сай Серікжан Біләш 7 жылға дейін қоғамдық ұйымға жетекшілік ете алмайды, — деді түсіндірді адвокат.
Серікжан Біләш 2018 жылдың наурыз айында Алматыда ұсталған. Оған Қылмыстық кодекстің «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыру» бабы бойынша айып тағылған. Кейін оның «кінәсін мойындап, процестік келісім жасасқаны» хабарланып, тамыздың 16-сы күні Алматы қаласы Әуезов аудандық соты оған 110 мың теңге айыппұл салып, сот залынан босатқан. Біләштің адвокаты Айман Омарова келісімге қол қоймағанын айтқан. Ал Біләш соттан шыққан соң бұл іске Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев араласқанын мәлімдеген.
Серікжан Біләш Қазақстандағы тіркелмеген «Атажұрт еріктілері» ұйымына жетекшілік етті. Ұйым 2017 жылдың көктемінен бастап Қытай билігінің аз ұлттарға көрсетіп жатқан қысымына қарсы шығып, Алматыда түрлі жиындар мен баспасөз мәслихатын өткізді. Туған-туыстары мен жақындары Шыңжаңда қамауда отырғандардан сұхбат алып, видеоларды Youtube және Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаларында үздіксіз жариялап келген.