Өлең: Қалижан Бекқожин (Қол бастаған батыр) » ZHARAR
Жүректе оты жанған жігіт едің,
Атаның алып қалған үміт – кегін,
Жөнелдің қарсы бастап қалың жауға,
Қазақтың қайсар ноян жігіттерін.
Еріндей ертегінің қайта туған,
Ашуың атқан толқын айбатыңнан;
Кегінен қалың қазақ қайнап жігер,
Тасыған қайратыңмен жауға атылған.
Қаһармен қар бораған қабағыңнан,
Қанқор жау қалтыраған қамалыңнан.
Тапталған.дүлей дұшпан табаныңа,
Тәйірі, қазақ деп пе ең таба қылған.
Бастаған қалың қолын тасқын еді,
Бәрі де таудың ұшқан тас түлегі.
Қазақтың мұзды балақ қыранындай,
Сен едің гвардия бас түлегі.
Қас батыр жігіттерің қасыңдағы,
Қалың жау қаптағанда басынғалы,
Қаһарлы дауысыңмен жауға ақырған,
Қарсы ұшқан қардай борап ашулары.
Жеңіске жорығыңды жолдау үшін,
Жайпаған жаудың талай жолдағың.
Жалындай аспанға ұшқан атағымен,
Мәліктей жойқын күшті жолбарысың.
Өзіңнің арта берсін ер атағың,
Айбынды сүйген ұлы бол атаның!
Мақтансын туған елің дабысыңа,
Қорғаған батырым, деп ұлы Отанын.
Жарқылдап жау үстінде қаруларың,
Көтерсін қазақ аруағын,
Білсін жау бір ел барын қазақ деген,
Ашынса көрсетпейтін жауына күн!
Бастай бер жасағыңды алдан — алға,
Дауылды тоқтататын қамал бар ма?
Сондай-ақ азаттықты алып жөнел,
Туысқан тұтқындағы адамдарға!
Рахмет ретінде жарнамалардың біреуін басуды сұраймын!
Дереккөз: zharar.com