Міржақып Дулатов: өмірбаяны, өлеңдері, шығармалары, отбасы, қызықты деректер
Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығына қатысты қызықты деректерді Sputnik Қазақстан дерекқорынан оқыңыз.
Міржақыптың балалық шағы
Міржақып Дулатұлы 1885 жылы 25 қарашада бұрынғы Торғай облысындағы Сарықопа болысында (қaзipгi Қостанай облысының Жанкелді ауданына қарасты «Қызбел» ауылы) дүниеге келген. Әкесі — Дулат аты шыққан шебер, ал анасы — Дәмеш әншілікке бейім болған. Міржақып екі жаста анасынан айырылды. Әкесі балаларының үлкені Асқарды әуелі мұсылманша, одан кейін орысша оқытып, заң қызметіне бағыттады. Осы жолмен кіші ұлы Міржақыпты да оқуға береді.
Алғашқыда бала Міржақып ауыл молдасында оқыды. Бірақ екі жылдан кейін басқа мектепке ауысып кетті. Ол жайында өзі де жазған.
«Жасым 8-ге келгенде әкем мені ауыл молдасына оқуға берген. Ол өте надан молда болатын. Қанша уақыт сол кісіден білім алғанымды білмеймін, бірақ араб тіліндегі дұғаларды жаттағанымнан басқа еш нәрсе үйренгенім жоқ», — деп жазды Дулатұлы.
Молдадан кейін Міржақып ауыл мектебінде орысша оқытатын Мұқан мұғалімнен дәріс алады. 12 жасында әкесінен айырылады. Ағасы Асқар әкесінің тілегін орындаймын деп, Міржақыпты ары қарай оқытады. Сөйтіп, інісін өзі оқыған екі кластық орыс-қазақ мектебіне береді. Міржақып Ыбырай Алтынсарин негізін салып кеткен мектепте бес жыл оқып, үздік бітіріп шығады.
«Осымен менің оқу орындарынан білім алуым аяқталды. 1902 жылдан бастап ауылда мұғалімдік қызметімді атқара жүріп, бос уақытымды білімді жетілдіруге жұмсадым», — деп еске алды Дулатұлы.
Жас мұғалім ел өміріне қалай араласты?
Міржақып өз бетінше ізденіп, орыс тілін жетік меңгереді. Мұғалім болған алты жылдың ішінде оң мен солын танып, ұлт қамы үшін күресуге дайындалады. Ақындық талантын да осы жылдары таныта бастайды.
Бұл кезең патша өкіметінің отаршылдықты қазақ даласында күрт күшейтіп, қалың елге тізесін қатты батырып тұрған шағы болатын. Бұл жағдай сол кездегі қазақтың көзі ашық, оқыған, зиялы азаматтарына қозғау салды. Ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен арыстардың қатарында Міржақып Дулатұлы да болды. Ахмет Байтұрсынов ұйықтап жатқан елді оятамын деп, «Масасын» ұшырса, Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ!» деп ұран салды.
Міржақып Дулатұлы — 1905 жылы патша өкіметіне қазақ халкының атынан петиция жазғандардың бірі. Осы петиция туралы Мұхтар Әуезов те жазған.
«1905 жылы Қарқаралыда Ахаң менен біраз оқығандар бас қосып, кіндік үкіметке қазақ халқының атынан петиция (арыз, тілек) жіберген. Ол петициядағы аталған үлкен сөздер: бірінші – жер мәселесі. Қазақтың жерін алуды тоқтатып, переселендерді жібермеуді сұраған. Екінші – қазақ жеріне земство беруді сұраған. Үшінші – отаршылардың орыс қылмақ саясатынан құтылу үшін ол күннің құралы барлық мұсылман жұртының қосылуына болғандықтан, қазақ жұртын мүфтилікке қаратуды сұраған», — деп жазды Әуезов.
Бұл сапарынан Міржақып Дулатұлы саяси күрескер ғана емес, шабытты ақын болып оралады. 1907 жылы Петербургте шыққан «Серке» газетінде «Жастарға» деген өлеңін жариялайды. Ал бүркеншік атпен «Біздің мақсатымыз» деген мақаласынан кейін «Серке» газеті біржола жабылады. Газеттің дәл сол санын шығаруға қатысқан адамдардың барлығы жауапқа тартылсын деген үкім шығады. Мақалада Міржақып қазақ халқының басындағы қиын жағдайдың анық себептерін саралап, отарлық саясатты әшкерелеген. Патша өкіметі мақала авторын тұтқындамақ болғанмен бүркеншік аттың иесін таба алмайды.
1909 жылы Қазан қаласында Міржақыптың тұңғыш өлеңдер жинағы «Оян, қазақ!» деген атпен басылып шықты. Бұл кітап жұртшылық арасында ауыздан-ауызға, қолдан-қолға тез тарап кетеді. Жазушы сол үшін тергеу органдарының бақылауына алынды, ал «Оян, қазақ!» кәмпескеленді. Екі жылдан кейін осы жинақ қайтадан басылып шықты.
Ақын-жазушы әр жерде шығатын қазақ басылымдарына, әсіресе «Айқап» журналына үзбей жазып тұрды. Ел тұрмысын өз көзімен көремін деп, қазақ ауылдарын аралайды. Семейде полицияның қолына түседі де, бір жарым жыл қамауда отырады.
1912 жылы баспасөз қызметін жалғастырады. Ахмет Байтұрсынұлымен бірге қыр өлкесінің ағартушылық-демократиялық бағыттағы тұңғыш бейресми басылымы – «Қазақ» газетінің негізін қалайды. Ал 1922 жылы ешбір себепсіз абақтыға жабылады. Бірақ Семейден Орынборға жөнелтілген бойда қамаудан босатылады.
1922–1926 жылдары Орынбордағы Қазақтың халыққа білім беру институтында (КИНО) оқытушы болып істейді. Екі бөлімнен тұратын «Есеп құралын» әзірлеп, Ташкент қаласында бастырып шығарады. «Балқия» атты төрт перделі пьеса жазады. 1924 жылы Орынборда екі жылдық «Қирағат кітабы» (хрестоматиялық оқулық), Қызылордада «Есеп құралының» жаңа басылымы жарық көрді.
Тағы оқыңыз: «Бұл не деген масқара!» — Бейімбет Майлин туралы қызықты деректер
Міржақыптың шығармашылығы
Міржақып Дулатұлының көптеген әңгімелері лақап аттармен шыққан. Оның жиі қолданған есімдері: Азамат, Мадияр, Таймінер, Түрік баласы және Арғын баласы.
Қаламгердің алғашқы кітабы «Оян, қазақ!» болса, бір жылдан кейін «Бақытсыз Жамал» романы жарыққа шықты. 1913 жылы Орынборда «Азамат», ал 1915 жылы «Терме» атты өлеңдер жинағы басылды. Ақын өлеңдерінің басты такырыбы—ел тағдыры.
Міржақып Дулатұлы ғылым және техника жетістіктері туралы зор қуанышпен жазатын.
«Жылқы арқылы 6 ай алатын жолды қысқа уақытта темір жол арқылы өтуге болады. Телеграф арқылы сен көзіңді ашып жұмғанша жер шарының екінші бетіндегі хабарды қабылдайсың. Көлік өзі жүреді, жылқысыз, оны қолыңмен жүргізесің. Ғылым адамзат көмегіне су мен отты берген, үлкен арақашықтықта телефон арқылы сөйлесу мүмкіншілікті берген. Мұхитты жер секілді қолданып, бұрыңғы ыңғайсыз нәрселерді жойдырған. Ауада ұшу мен керек болса жерге түсу құралы табылған, оның аты – әуе шары. Ел бұрын сондай ғажапты көрген бе?», — деп жазды Дулатұлы.
Отбасы – ошақ қасы
1914 жылы 14 мамырда Міржақып Дулатұлы Омбы қаласында Ғайнижамал Баймұратқызымен отбасы құрды. Ақынның қызы Гүлнар Дулатованың естеліктері бойынша үйлену тойы Омбы қаласына жақын «Коломзино» станциясының мейрамханасында өтті. Тойдан кейін Дулатовтар бірден Орынбор қаласына аттанды.
1925-1928 жылдары Міржақып Дулатұлы ел астанасы — Қызылорда қаласында тұрған. Сол жерде бірнеше әдеби шығармасын жазды. Сол уақытта Міржақыптың үйіне қазақ зиялыларының белгілі өкілдері, ақындар, жазушылар, әртістер жиі келіп тұратын. Олардың ішінде Нәзипа Күлжанова, Ілияс Байменов, Әлиби Жанкелді, Серке Қожамқұлов, Мұхтар Әуезов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақов, Мағжан Жұмабаев, Әлкей Марғұлан, Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, Әлібек пен Әуелбек Қоңыратбаев және тағы басқалар. Қарсақбайдан Қаныш Сәтбаев да жиі қатынап тұрды.
Міржақып Дулатұлын қамауға алғаннан кейін көбісі хабарласпай кетті. Алайда Қаныш Имантайұлы қарым-қатынасын үзбеген.
Міржақып Дулатұлы жайлы қызықты деректер
- Міржақып Дулатұлы өткір тақырыптарға өте жылдам жазған. Елдің сұранысын жақсы білетін журналист болды. «Қазақ» газетінің сондай сапада, сондай мазмұнда, сондай биіктен көрінгені де содан;
- Міржақып Дулатұлы — Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі;
- Міржақып Дулатұлы — I Дүниежүзілік соғыста қырғынға ұшырап, босқынға айналған елге көмектесу мақсатында қазақ тарихындағы ең алғашқы «Жанар» жәрдем қорын ұйымдастырғандардың бірі;
- Міржақып Дулатұлы 1921-1922 жылғы ашаршылық кезінде Алаш зиялылары аштыққа ұшырағандарға жылу жинап беруді қолға алғанда осы іске Жүсіпбек Аймауытовпен бірге бірнеше айда 15 мың бас ірі қара жинап, ашыққан елге үлестірген;
- Міржақып Дулатұлы жазған «Бақытсыз Жамал» шығармасы қазақ әдебиетінде көркем прозалық үлгіде жазылған тұңғыш роман болып саналады.
- Міржақып Дулатұлы соңғы рет қамауға түскенде Мұстафа Шоқай Сосновец лагеріне Франциядан барған сауда кемесі арқылы оны алып кетпекші болған. Бірақ Міржақып жанұясының тағдырына алаңдап, қашудан бас тартты.
Міржақыптың нақыл сөздері
Әркім өз қолынан келгенше жомарт;
Артықтан тағылым ал, кемге – үйрет;
Ағайын – арзан, пұл – қымбат;
Болғанда бойда қуат жүрген жақсы, Аяғың бір күн қылдан кетер тайып. Басыңды тауға да соқ, тасқа да соқ, Отырма бір орында құр мұңайып;
Халықтың жайын, салтын, рәсімін, тілін білмейтін сот – сот емес, сор;
Сот түзелмей – халық түзелмейді;
Алла жақын кеудеде оты барға;
Аршын жұтқан кісідей кекірейме;
Заң әдет-ғұрыпқа қайшы келсе – үлкен аяққа тар етік кигенмен бірдей;
Халық тағдыры – карта ойыны емес;
Дос емес дос сыртынан жамандаған;
Құл десең биді – күледі, Құл десең құлды – өледі;
Қызығы бұл жалғанның – мал менен бас.
Түрме шығармашылықты шектей алмады
1928 жылы 28 желтоқсанда Міржақыпты тағы қамауға алды. Қызылорда түрмесінде көршілес камерада Жүсіпбек Аймауытұлы мен Ахмет Байтұрсынұлы да отырған.
1929 жылы тергеу кезінде Міржақып Дулатұлы соңғы сөзін айтты.
«Өз елімнің болашағы үшін мен барлық мүмкіншілікті қолдауым қажет. Егер де мен қателессем, елмен бірге қателесем. Ерте ме, кеш пе ақиқат үстем болып шығады», — деді ол.
Дулатұлы өлім жазасына кесілді, бірақ оның өлім жазасын бас бостандықты 10 жылға айырумен алмастырды. Алдымен екі жыл бойы Бутыр түрмесінде отырды. Артынан Сосновец лагеріне айдалды.
Лагерьде жүрсе де, шығармашылықтан қол үзбеді. Түркі-орыс сөздігін жазды. Міржақып осы оқу құралын мыңдаған қазақ, қырғыз және басқа түркі тілдес елдердің өкілдері үшін жазып берген. Арестанттар оны өз қолымен көшіріп жазып таратқан, өйткені олардың көбісі сол уақыттағы өмірлік маңызы бар орыс тілді білмеген.
Міржақып Дулатұлы лагерьде қазақ мектептеріне арналған геометрия оқулығын да жазып шықты. Ал өзінің емшілік қасиеттерін көрген соң, аса табысты нәтижелермен қамалғандарды емдеді.
1935 жылы қазанның бесі Міржақып Дулатұлы лагерьдің орталық лазаретінде дүние салды.
sputniknews.kz