Әдеби шығармалар арқылы балалардың тілін дамыту

0
Мектеп жасына дейінгі баланың дүниетанымын, ой өрісін кеңейтіп, сөздік қорын байыту, эстетикалық талғамын арттырып, адамгершілікке баулу ісінде көркем әдебиеттің алатын орны ерекше.

Әрине, мектеп жасына дейінгі сәбилердің әдеби шығармаларды оқи алмайтыны мәлім. Олар әдеби шығармаларды тәрбиешінің мәнерлеп оқып беруі бойынша ғана сөз сырын санасына ұялатады.

Ертегі, шағын әңгіме, өлең, мақал-мәтел, жұмбақ сияқты балаларға лайықты көркем сөз жанрларының ежелден-ақ тәрбие ісінде зор көмекші екені белгілі. Балабақшада тәрбиеленбеген, әлі мектеп жасына жетпеген ауылдық жерлердің сәбилері кішкентай күнінен өз әже-аталары мен әке-шешелерінен естіген халық ауыз әдебиеті нұсқаларынан нәр алып өсетіні белгілі. Мұндай шығармаларды сәбилер қызыға тыңдайды, жылдам жаттап алады. Мысалы: «Торғай», «Бақа-бақа балпақ», «Қарғалар», «Санамақ», тағы басқалар сияқты халық өлеңдері ойнақы тілімен, қайталама сөзімен, музыкалық үнімен бөбектерді баурап, сөз өрнегіне баулиды.

Сол себепті де «Балабақшада оқыту және тәрбиелеу бағдарламасында» 2 жастан 3 жасқа дейінгі балаларға әдеби шығармаларды оқу, тіл дамыту жұмысы арнайы бөлім, 2-ден 3 жасқа, 3-тен 4 жасқа дейінгі балаларға халық ауыз әдебиеті үлгілерінен «Бесік жыры» сияқты ойнақы өлеңдер, санамақтар берілді.

Көркем шығармаларды тыңдауға бала сәби кезінен-ақ құмартып, қызығады. Қысқа ертегі, өлең оқып берсе, тез жаттап алады. Жаттау арқылы оның тілі жетіледі. Әдеби кейіпкерлердің жақсы ісіне сүйсінеді, жаманынан жиренеді – бойын қорқыныш билейді. Сәбилерде жақсы және жаман іс-әрекет жөнінде түсінік пайда болады. Сөйлеу тілі жетіле түседі. Ал тілінің дамуы – баланың бойында қабылдай – ести білу сияқты психологиялық процестердің бірте-бірте қалыптасуына негіз болады.

Мектеп жасына дейінгі балаларға оқып беретін шығармалар, негізінен, үш салаға бөлінеді:
1) ауыз әдебиеті нұсқалары;
2) классик жазушылардың шығармалары;
3) қазақ жазушыларының шығармалары.

Осы саладағы шығармалар тәрбиешіге арналған бағдарламалық материалда нақты жүйеге бөліп берілген.

Әдеби шығармаларды оқу мен сабақты жоспарлауда мына жағдайларды өте мұқият ескеру керек:
1 Әрбір шығарманы оқып берерде баланың жас ерекшелігі, осыған байланысты тәрбие жұмысының мақсаты мұқият ескерілуі шарт. Шығарманың лайықтысын ғана алу керек. Мысалы, сәбилер (3-4 жасар балалар) алғаш рет балабақшаға келді делік. Олардың көпшілігі әлі дұрыс сөйлей алмайды, балабақшада болатын жайттармен, ойыншықтармен әлі таныс емес. Сондықтан алғашқы үш-төрт айда тәрбие жұмысының бәрі, оның ішінде әдеби шығарманы оқып, тыңдату, көбінесе ойын түрінде өтіледі. Ол үшін ойынға негіз боларлық, суретті (суреті өте күрделі болмасын) шығармалар керек. Көлемді шығарманың лайықты бөлімінен кейбір үзінді ғана алынады.
2 ана тіліне арналған жоспар 14-15 күнге лайықталады. Жоспарда қандай шығарма оқылуы керек, оған байланысты бақылау жұмысы, суреттер, ойындар нақты көрсетіледі. Әрбір ойынның мақсаты белгіленеді (білімін бекіту немесе сөздің дыбыстық жағын дұрыс айтуға жаттықтыру сияқты).
3 оқылатын шығарма тәрбие жұмысының әр саласын қамтитын
болсын. Мысалы: жануарлар, жыл мезгілдері, еңбек, мерекелер туралы және тазалыққа, ұқыптылыққа, әдептілікке баулитын шығармалар.
4 сәбилер тобында (3-4 жас) тәрбиеші шығарманы мәнерлеп жатқа айтып беруі керек. Бұл тұста тәрбиеші балаларды түгел бақылап отыратын болады. Тәрбиешінің шығарманы жатқа айтып беруі балаларға қызықты болады, оларды жалықтырмайды. Өйткені бала тәрбиешіні тыңдай отырып, әр сөзді дұрыс айтуға тырысады. Сәбилерге тақпақты арнайы жаттату қиын. Сондықтан тәрбиеші өзі жатқа айта отырып, шығарманың қажетті шумағын ойын ретінде қайталау кезінде біртіндеп өзіне ілесіп айтуға үйретеді.
5 көркем шығарманы оқығанда шығарманың мазмұнына лайықты

суреттерді пайдаланған жөн. Өйткені бұл жастағы балалар өз беттерімен оқи алмайды. Ал шығарманың мазмұнын сурет арқылы жылдам түсінеді. Бала кейде кітаптың бетін ашып отырып, суреттің астына жазылған өлең жолдарын дәл тауып, өз бетімен оқып отырғандай әңгімелеп береді. Сондықтан тәрбиеші қажетті шығарманы оқудан бұрын, суретті көрсету арқылы (сәбилер үшін) әңгімелеседі. Соңынан шығарманы оқып береді. Ересек балаларға шығармаға байланысты қажетті суретті шығарма оқылған соң берген дұрыс. Өйткені шығарманы оқудан бұрын сурет көрсетілсе, балалардың бар ынтасы сол суретке ауады да, тәрбиеші оқығанда зейін қойматын болады.

Оқылған шығарманы әңгімелеп айтуға үйрету сабағының үлгі жоспарын төмендегіше құруға болады:
1 тәрбиешінің кіріспе әңгімесі.
2 тәрбиешінің әңгімені оқып беруі.
3 оқылған әңгіме, ертегі мазмұнын көмекші сұрақтар қоя отырып айтқызу.
4 шығарманы қайталап оқу, шығарма мазмұнын балаларға айтқызу.

Мұндайда қысқа әңгіме, ертегі мазмұнын бір балаға, көлемді шығармалардың мазмұнын бірнеше балаға айтқызуға болады. Егер әр алуан жастағы балалар аралас болса, алдымен ересек, естияр балалар әңгімелеп айтады, сәбилер тыңдап отырады.

Әдеби шығармаларды оқып, тыңдату (ересек топта), әңгімелеп беру, әңгімелету, жаттату сияқты сабақ түрлері экскурсия, бақылау, санау, музыка, бейнелеу өнері сабақтарымен байланыстыра жүргізілгені жөн. Бұл сабақтар бірінің мазмұнын бірі толықтырып отырса, тіпті жақсы.

Ендеше баланы мектепке даярлау мәселесінде әдеби шығармалармен таныстыру ерекше орынға ие екенін ескеру қажет.

Бағдарламаға сай мұндай жұмыс баланың жас ерекшелігіне қарай, сабақ мақсатына сәйкес берілетін білім-дағдылар (пән аралық байланысты ескере) бір-бірімен байланыстыра өтіледі. Осылай оқыта отырып тәрбиелеу, тәрбиелей отырып оқыту принципі сәбилер тобынан бастап (2-4 жас аралығы) баланы өзіне қойылған сұрақты түсінікті, оған дұрыс, толық жауап беруге, өзі басқаға сұрақ қойып, жауап алуға, үйрету міндеті іске асады. Осы білім-дағдыларды меңгерте отырып, тәрбиеші баланы айналасындағы адамдармен амандасу, әдепті сөйлесу, алғыс айту, жылы шырайлылық білдіру сияқты мінез-құлық әдептеріне үйретеді. Мысалы, сәбилер тобында Ә. Дүйсенбиевтің «Не деу керек?» деген өлеңінен үзінді оқығанда тәрбиеші мына мақсаттарды көздейді: өлең түріндегі шығарманы тыңдай білуге, жатқа айтуға үйрету; «рахмет», «кешіріңіз», тағы басқа ізеттілікті аңғартатын сөздерді айтуға дағдыландыру, осы сөздерді күнделікті қолдана білуге баулу, тағы басқа. Ал Қ. Мырзалиевтің «Ойыншықтар» өлеңін ересек балалар тобында оқығанда тыңдай білуге үйрету, өлеңде аталған ойыншық жануарлар туралы сұрақтар қойып, олар туралы білімдерін жетілдіру қажет.

Балабақшаға бармас бұрын да бала әр алуан білім-дағдыларды меңгереді. Бірақ көрген-білгені жайлы айтып беріп, салыстыра алмайды. Ал бала білімін жетілдіру, оқуға әзірлену – балабақша тәрбиешісінің жұмысы.

Тәрбиеші қай тақырыпта қандай шығарма оқыса да, бақылау, экскурсия, әңгімелесу, әңгімелетіп айтқызу сабақтарын өткізсе де, әр заттың, іс-қимылдың сөздік атауларын бала түсініп, дәл тани білуге тиісті.

Әдеби шығармаларды оқу, тіл дамыту жұмыстарындағы басты әдістердің бірі – сөздік жұмысын жүргізу.

Мектеп жасына дейінгі мекемелерде балалар өздігінен оқи алмайтыны анық. Сондықтан текст оқуға, әңгімелеп айтуға үйрету, көркем сөздермен таныстыру жұмысы бағдарлама талабына сәйкес тақырыптық принциптерге негізделеді. Ол принциптер – айналадағы дүниемен, қоғам өмірімен, табиғатпен таныстыру, дүние танымын, ой-өрісін жетілдіру, зейінін, қабылдауын бағдарлай білу, қабілеттерін дамыту болып табылады.

Осы мақсаттарға орай әдеби шығармаларды оқу, алған білімдерін тиянақтау, жалпы сөздік қорларын молайта отырып, мағынасы ұқсас, мағынасы қарама-қарсы сөздерді меңгерту, көрген-білгендері жөнінде (салыстыра, теңей айтуға үйрету) алғашқы ұғымдарын қалыптастыру міндеті қойылады.

Шығарма оқу, тіл дамыту жұмысында сәбилер (2-3 жасар) тобында тыңдау қабілетін дамыту, шағын өлеңді жатқа айтуға, ауызша әңгімелеп берген ертегі, әңгімелеп беруге үйрету көзделеді. Ал естиярлар мен ересектер (4-6 жас аралығы) шығарманы тыңдай отырып, оның (әңгіме, ертегі) мазмұнын жүйелі әңгімелей білуге, кейіпкерлердің іс-әрекетін түсініп, өзінше талдап, ойын қорытындылай білуге, кейбір үзінділерді жатқа айтуға, мазмұнға сай әңгіме құрауға, бейнелі сөздерді дәл тауып айтуға, өздігінен салыстыра сипаттай білуге, үйренуге тиісті.

Сабақты мынадай жоспар бойынша өткізуге болады:
1) тексті оқудан бұрын текстке байланысты баланың не білетінін анықтау ниетімен әңгімелесу;
2) шығарманы оқу (сәбилерге ауызша айтылады);
3) әңгімелесу;
4) әңгімелету (суретпен, суретсіз, ойыншық көрсету арқылы);
5) экскурсия, бақылау.

Бала тілін жетілдіруде мынадай міндеттер көзделеді:
1) сөз үйрету жұмысын әр топта өтілетін барлық сабақ процесінде ұдайы жүргізу;
2) өмірмен байланысты сөздерді үйрету;
3) шығарманы оқыған кезде жаңа сөз үйрету;
4) оқылған шығарма мазмұнын қайталап түсіндіру.

Жаңа сөз үйрету, үйренген сөзді қолдану жағына көңіл бөле отырып, баланың жас ерекшелігіне орай сөз санын (2-ден 3 жасқа дейін сабақта – 2-3 сөз; 4-5 жаста — 4-5 сөз; 5-6 жаста — 6-7 сөзден) белгілеп, сабақ тақырыбын баланың нені игергенін, нені игерту керектігін ескере белгілеу. Осылайша баланы үйренген сөзді саналы қолдана білуге, жаңа сөздермен сөз қорын молайту дәрежесіне жеткізу қажет. Үйренген сөзді қолдана білуге үйрету, сабақта және сабақтан тыс әр алуан серуен, ойын, еңбек процесіндегі жаттығу жұмыстарында іске асады [3, 71-77].

Мектепке дейінгі балалардың сөз қорының басым көпшілігінің зат есім, етістік сөздерден болатыны, ал сын есім, сан есім, есімдік, тағы басқа сөздердің сөз таптарының аздығы көрініп жатады. Сондықтан сөзге үйрету ісінде заттың түр–түсі, формасы, кейде түрі ұқсас заттарды салыстыра отырып жауап алу, білмегенін түсіндіру қажет. Екінші кезекте «Сен нені қалайсың?», «Танып ал, атын ата» деген дидактикалық ойын (ұсақ суреттемен) ойнату орынды. Енді бірде қысқа тақпақтар оқылады. Сабақ жемістер жайында болса, олардың суретін көрсете отырып, тақпақ оқылады.

Тәрбиеші суреттерді көрсете отырып, Жеміс ағаштары көктемде қайтеді? Қандай жемістерді білесіңдер? Дәмі, пішіні қандай? Шиенің дәмі қандай? Алманың дәмі қандай? Пішіні неге ұқсайды? деген сияқты сұрақтар қойып, жауап алады.

Осыдан соң «Формасын таны», «Қайда өседі?» деген дидактикалық ойындар басталады. Ойын үшін жеміс–жидек суреттері әзірленеді. Тәрбиеші ойын ережесін түсіндіріп, суреттерді үстел үстіне араластыра тастайды. Шақырылған бала жоғарыдағы сұрақтарға сай жемістерді сипаттап айтады (5-6 жас), екінші бала (егер аралас топ болса, 4 жасар бала) сол жеміс туралы тақпақ айтады.

Жемістер жөнінде әңгімелесу сабағының қысқаша жоспары былайша болады:

1 жыл мезгілі, жемістер туралы әңгімелесу. Бұрын үйренген сөздерін қолданып, дұрыс жауап беруге үйрету.
2 жемістер туралы өлең оқу. Өлеңдегі салыстырма сөздерге (эпитет, метафора, синоним) көңіл бөлу. Сол сөздерді қайталату. Өздеріне салыстырту.
3 суреттермен (4-5 жас) және сөздік арқылы «Сен нені жақсы көресің?», «Қайда өседі?» (5-6 жас) ойынын ойнату.
4 жемістер туралы жұмбақ (5-6 жас) шештіру.
5 өлеңде аталған жемістердің, күзгі жапырақтардың суретін салдыру не қиып жапсыру (сабақ үстінде).
6 шие… (қызыл, домалақ, кішкене, ұсақ шар сияқты). Алма… (домалақ, қызыл, сары, тәтті, қышқыл). Жапырақ… (сап-сары, алтындай, жібектей, сары бояудай, тағы басқа) үйренген сөздерін қосып сөйлем құрату.

Балалар бұл сабақта: гүлдейді, бүршіктенеді, қышқыл, жұмыр, домалақ, сары, алтындай, тағы басқа сөздерді игереді. Әдетте сабақтарға 25-30 минут аздық етеді. Ал сабақтың тартымдылығы тәрбиешіге байланысты.

Заттың түр-түсін, пішімін, қажеттілігін, сапасын танытып, білдіру ісінде балаға тапсырма беріп, орындату, өзіне тапқызу, атын, іс-әрекетін айтқызуға тиімді.

Сондай-ақ сәбилер тобында (балалар ойыншық атына әбден қанығып, сөзбен айтуға үйренген кезде) М. Әлімбаев «Менің ойыншықтарым», Ш. Смаханұлы «Добым менің» деген өлеңдерді оқи отырып, ойнату, әңгімелесу жұмыстары жүргізіледі. Мысалы:

Добым менің, добым менің,

Өзің неткен көңілді едің.

Жымыңдайсың, қутыңдайсың,

Бірақ менен құтылмайсың.

Сабақтың мақсаты: өлеңді жатқа айтуға, оқылған өлеңді тыңдай білуге үйрету, есту қабілетін жетілдіру. Осы өлеңдегі зымырайсың, қутындайсың, құтылмайсың (3-4 жас) деген сөздерді меңгерту, өлеңді жатқа айтуға үйрету.

Сабақтың барысы: Өлең не туралы? Доп неден жасалған? Доп еденге түскенде қайтеді? Өлеңде доп туралы қандай сөздер айтылған? (ересек топта) деген сұрақтарға жауап алу. Егер балалар жауап бере алмаса, тәрбиеші ол сөздерді қайталап айтуға тиіс.

Осыдан соң доптың суретін жасау тапсырылады. Сабақтан кейінгі серуен кезінде доппен «Кім қаққыш?» деген жарыс ойыны ойналады. Сабақта үйренген сөздер ойын үстінде қайталанып отырады. Келесі кезектегі мүсіндеу сабағында балшықтан доп жасалады. Музыка сабағында доппен, шеңбермен ойнау жаттығулары өткізіледі, тағы басқа осындай жұмыстар қайталана жүргізіліп отырады [3, 77-79].

Ойын – мектеп жасына дейінгі тәрбиеленушілердің негізгі іс-әрекеті. Ойын үстінде тәрбиеленушінің тілі дамып, бір затқа бейімділігі, мүмкіндігі және қызығушылығы анық байқалады. Ойын мазмұны мен түріне қарай: мазмұнды-бейнелі, қимыл-қозғалыс дидактикалық, құрылыс, кейіптендіру ойындары болып бөлінеді. Мазмұнды-бейнелі ойында тәрбиеленуші ойын мазмұнын түсінікті етіп жеткізуге тырысады, оған қажетті құрал-жабдықтарды табуға талпынады, оларды дайындау үшін еңбектенеді, ал еңбек ұжымдық іс-әрекетке біріктіреді және шығармашылық іс-әрекетке бағдарлайды. Тәрбиеленуші алған ролдеріне сай кейіпкердің киімін киіп, қимылын, дауыс ырғағын мәнерлі жеткізуге тырысады, ән сабағы, бейнелеу өнері сабақтарында алған білімдерін пайдаланады, қуыршақты ұйықтату үшін бесік жырын айтып әлдилейді, бейнелеу өнері сабақтарында жасаған ыдыс-аяқ, үй жиһаздарын, қағаздан құрастырған заттарды ойын құралы ретінде пайдаланады. Дидактикалық ойын барысында есте сақтау, көру, сезіну, қабылдау, ойлау, сөйлеу процестері дамып, заттарды пішініне, түсіне, көлеміне қарай іріктеуге, әр түрлі қимылдарды орындауға үйренеді. Ауызша ойналатын дидактикалық ойындарда сұрақ, өтініш, келісімді білдіретін дауыс ырғақтарына еліктеу қабілеттері жетіледі. Ертегі немесе әңгіменің мазмұны бойынша бөлек-бөлек суреттерді пайдаланғанда оларды белгілі бір тәртіппен жинау, топтастыру үшін тапқырлық, байқағыштық, зеректілік көрсетеді.

Балалар үйіндегі тәрбиеленушілердің тілін дамытуда ұлттық ойынның орны ерекше. Ойында адамдар өмірінің сан қыры, тұрмыс тіршілігі, еңбегі, дүниетанымы, арман-тілегі, болашаққа деген сенімі, ержүректік пен жігерлікке құлшынысы көрініс табады. Халық педагогикасында ойындар өте көп және мазмұндарды да, бағыттары да бірін-бірі қайталанбайтындай сан-алуан, әрі қызықты. Олар, «Алақан соқпақ», «Тақия тастамақ», «Айгөлек», тағы басқа мәселен, «Аңдардың айтысы» атты ойында қатысушылар жүргізушінің талабына сай әндер орындап, онда аңдардың дауыстарын, қылықтарын бейнелеп, олардың өзіне тән ерекшеліктерін сипаттап көрсетеді. Мұның өзі хайуанаттар әлемі жөнінде нақты ұғымды, шығармашылық қабілетті, жеке және топтасып ән айту дағдысын жетілдіріп, тілін дамытады. Ойын ережелерінің тәрбиеленуші үшін үлкен тәрбиелік маңызы бар. Олар ойын барысын белгілейді, тәрбиеленушінің тәртібі мен іс-әрекеттерін, олардың өзара қарым-қатынасын бақылап, ерік-жігерінің қалыптасуына ықпал етеді.

Тәрбиеленуші тұлғасын қалыптастыру мен тіл дамыту ойыннан басталады. Тәрбиеленушінің құрбы-құрдастарымен әртүрлі ойындар ойнауының өзі тілінің, жеке тұлғалық қасиеттердің қалыптасуындағы алғашқы баспалдығы болып саналады. Осыған орай М. Жұмабаев баланың ойыны туралы: «Баланың қиялы, әсіресе, ойында жарыққа шығады. Ойын балаға кәдімгідей бір жұмыс. Ойнағанда да бала әсерлерімен пайдаланады. Айналасында тұрмыста нені көрсе, соны істейді. Мысалы, қазақ баласы біреуі ат болып қашады, біреуі құрық салады. Шырпыларды тізіп-тізіп көш жасайды. Балшықтан мал, қуыршақтан қыз жасайды», — деп ұлттық тұрмысымызға тән ойын үстіндегі бала болмысын, психологиясын суреттейді.

Ұлттық ойындардың мазмұндық ерекшеліктері, біріншіден, ұлттық ойындар мазмұн жағынан да мәнерлі әрі түсінікті. Ойын балалар үйінің тәрбиеленушісінің ақыл-ойының белсенді жұмыс істеуіне, дүниетанымының кеңеюіне, қоршаған ортаға деген көзқарасын нақтылау, барлық психикалық процестерді жетілдіруге мүмкіндік жасайды. Екіншідіен, ойын ережелерінде жеке тұлғаның қалыптасуына әсер ететін үлкен тәрбиелік мән бар. Ұлттық ойындар тәрбиеленушіге халықтың салт-дәстүрі мен тұрмыстық шаруашылық еңбегінен түсінік береді. Үшіншіден, тәрбиеленушінің қимыл-қозғалысын дамытып, дене тұлғасының дұрыс қалыптасуына мүмкіндік жасайды. Төртіншіден, тәрбиеленуші қиялын, ақыл-ойын, дене қимылын дамытатын тәрбие құралы. Бесіншіден, ұлттық ойындар тәрбиеленушінің тілін ширатады, ойын зейінділікті, ұстамдылықты, ойлылықты, зерделікті кеңістікті бағдарлай білуді, әрекет үйлесімділігін, өжеттілікті, тапқырлықты, шапшаңдықты, төзімділікті, мергендікті, батылдықты дамытады. Ойынның маңызын: «Ойын балалық шақтың игілікті қимылы. Ойын әрекетінде бала тіршілігінің тәрбиелік мәні зор екенін, қажыр қайрат, төзімділік, табандылық, өзін билеу, өздігінен істеу еркі ойын үстінде дамып, жетіле түседі», — деп белгілі психологтар А. Темірбеков пен С. Балаубаевтар өз еңбектерінде дәлелдей түседі.

Балалар үйінде дидактикалық ойындарды оқыту процесінде кеңінен пайдалана отырып тәрбиеленушілердің тілін дамытудың тиімділігін арттыруға болады. Ол тәрбиеленушілердің білімге деген ынта-ықыласын оятып, танымдылық белсенділігін арттыруға үлкен жол ашады (Тіркеме А). Дидактикалық ойындардың мазмұны мыналарды қамтуы тиіс. Олар:

— дидактикалық ойындар нақты, қысқа, қызықты, тартымды болуы міндетті;
— дидактикалық ойындардағы тапсырмалардың біртіндеп күрделенуі және ол ақыл-ой іс-әрекетінің тәсілдерін меңгеруге ықпал етуі қажет;
— ойындардағы тапсырмалардың әр түрлі тәсілмен орындалуын қадағалау және оқытудың тәрбиелік ықпалын күшейтуге ықпал етуі керек;
— дидактикалық ойын тәрбиеленушінің жас ерекшелігіне сай, бағдарламадағы материалдарға, оның ішінде нақты сабақтың мазмұнына сай болып, тапсырманың мәнін ашу керек;
— дидактикалық ойындарда қолданылатын материалдар мен көрнекіліктер қарапайым болып, олардың жасалуы мен дайындылуы тез әрі жеңіл болуы шарт.

Тіл дамыту бойынша дидактикалық ойындарды мынандай топтарға жіктеуге болады. Олар:

— тәрбиеленушілердің тілін дамытуға бағытталған дидактикалық ойындар: жаңылтпаш ойындар, «Қуыр-қуыр қуырмаш», «Малдың төлін шақыру», «Сөйлем жарыс», «Сурет сыры», «Сөйлем қуаласпақ», тағы басқа;

— сөйлем, сөз, олардың өзара байланысы туралы түсінікті қалыптастыруға бағытталған ойындар: «Қай сөзді жоғалттым?», «Не қажет?», «Орамал тастамақ», «Домино», тағы басқа;

— заттың атын, қимылын, сынын, санын білдіретін сөздерді меңгертуге бағытталған ойындар: «Суретті лото», «Ғажайып қоржын», «Сиқырлы сандық», санамақ ойындар, жұмбақ ойындар, тағы басқа.

Тәрбиеленушілердің тілін дамытуға байланысты сабақтарда жұмбақ ойындарды көбірек пайдалану өте тиімді, олар баланың ой-өрісін кеңейтуге, өз бетімен ойланып, заттар мен құбылыстардың сипатталуына, баламасына қарай олардың атын табуға, сөздік қорын молайтуға үлкен септігін тигізеді. Біз тәрбиеленушілердің тілін дамыту, білім деңгейін молайту мақсатында төмендегідей жұмбақтарды пайдаландық: киімдер туралы «Барады, барады, аузын ашып қалады» (кебіс), жануарлар туралы «Таптым, таптым тап жорға, табаны жалпақ боз жорға» (түйе), тағы басқа.

Бұл жұмбақ ойындар сабақтарда жарыс түрінде көрнекі құралдарды пайдалана отырып өткізіледі. Олар тәрбиеленушілерді тапқырлыққа үйретеді, ой-қиялдарының өсуіне көмектеседі, қызығуы мен белсенділігін арттырады. Сондай-ақ тәрбиеленушілердің тілін дамытып, өз бетімен шығармашылық ізденісін, эстетикалық талғамын жетілдіреді.

Балалар үйінде тәрбиеленетін балалардың кейбір әріптерге, р, л, с, ң дыбыстарына тілдері еркін келе бермейді. Бұл жерде жаңылтпаш – ойындарды пайдаланудың мәні зор.

Тәрбиеленушілерді диалог түрінде сөйлеуге жаттықтыруға бірден-бір таптырмайтын құрал екендігі даусыз.

Жалпы балалар үйіндегі мектепалды Ересек топ тәрбиеленушілерінің тілін дамытуға байланысты оқу-тәрбие іс-әрекетінде біз пайдаланған жоғарыдағы ойындар төмендегідей міндеттерді атқарады.

Білімділік – жаңа білімді меңгеру, іскерлік пен дағдыны қалыптастыру, алған білімдерін одан әрі жетілдіру.

Тәрбиелік – қоршаған ортаға құнды, сыйлы қатынасты қалыптастыру.

Дамытушылық – тәрбиеленушілердің физиологиялық және психикалық процестерінің (қабылдау, ес, қиял, зейін, ерік) дамуын қамтамасыз ету [5, 19-21].

Балалардың оқу материалдарын қабылдауды ұйымдастыруда құрғақ сөзбен жеткізгеннен гөрі балалардың тілін, танымдық процестерін дамытатын әр түрлі дидактикалық көрнекіліктермен жүргізілген жұмыстардың қабылдануы, балалардың сабаққа деген белсенділігінен, қызығушылығынан, берілген тапсырмаларды дұрыс, әрі тез орындауларынан, қойылған сұрақтарға дұрыс жауап берулерінен көрінеді.

Көрнекілік – оқытуда заттар мен дыбыстардың өзіне тән жаратылыс бітімін, сыр-сипаттарын сезім мүшелері арқылы көзбен көру, қолмен ұстап, құлақпен естіп қабылдауға баулитын дидактикалық құбылыс. Көрнекілік тәрбиешілердің шығармашылық ізденісі мен әдістеме жаңалықтарға қарап, оқу барысында шебер пайдалана білуді талап етеді. Көрнекіліктерді пайдалануда қазақтың ұлы педагогы Ы. Алтынсарин да зор көңіл бөлген. «Қазақ жастары» ғылым өнерді, кітап сөзі деп қарамай, заттай көзімен көріп, ажырата білулері керек деген.

Көрнекілік ежелден қолданып келе жатқан принцип, әсіресе балабақшада әр түрлі жас топтарда жиі қолданды.

Көрнекіліктің негізгі түрлері:

1 нақты көрнекілік – яғни заттар мен құбылыстарды тікелей көрсету;
2 бейнелеу көрнекілік – бұл сурет, схема, кесте, плакат, диаграмма;
3 дыбыстық – үнтаспа, диафильм;
4 көркем сөз арқылы бейнелеу – мұғалім оқушыларға заттар мен құбылыстарды түсінікті де жеңіл баяндау.

Аталған көрнекі құралдары тәрбиеші сөзін тереңдетіп шыңдай түседі. Балалардың дүниетанымын жетілдіреді.

Көрнекіліктердің оқу үрдісінде алатын орны ерекше. Балалар жаңа білімді тәрбиешінің сөздік хабарынан алады, ал көрнекілік оларды нақтылайды және растайды. Балабақшада мемлекеттік стандартқа сай тіл дамыту сабағы енгізілді. Балалардың жан-жақты дамуына жағдай жасау жалпыдан жекеге қарай, яғни жеке тұлғаны дамытудың балғынның тілдік қорын дамытып, білімі мен біліктігін кеңейте отырып, өзара қарым-қатынаста қолданатын сөз байлығын молайту болып табылады. Әр түрлі сюжетті суреттер, ойыншықтар, кестелер, геометриялық фигураларды, схемаларды қолдануға болады. Мысалы, жоғары топта 5 саны тақырыбын өткенде 5 санына байланысты сюжетті суреттерді пайдалана отырып, балалардың сөздік қорын дамытуға болады. Яғни жеңілден ауырға қарай көшу. Жетекші сұрақтарды қоя отырып балалардың тілін дамытады. Тәрбиеші сабақта өзі сөйлегеннен гөрі көбінде оқушыларды сөйлету қажет. Тәрбиешінің жетекшілігі бойынша бала алғаш күнінен өз ойын толық жеткізе білуі қажет.