Бүгін – Мұстафа Өзтүріктің туған күні
Мұстафа Кәбенұлы Әбдірахман 1954 жылы 23 қарашада Түркиядағы Мұсаходжалы ауылында туған. Басылымдарда жазылуынша Мұстафа Өзтүріктің үлкен нағашысы әйгілі балуан Қайысбай Иісұлы деген кісі болған екен. Қайыспай Иісұлы, 1866-жылы Өр Алтайдың Сарғусын деген жерінде дүниеге келіпті. 1961 жыл желтоқсанда, Шіңгіл ауданның Бәйшін аталған қазіргі Арал ауылында 95 жасында қайтыс болыпты.
Мұстафа Өзтүрік Стамбұлдағы орта мектепті бітіргеннен кейін, Тайвандағы экспериментальды университетті және сол елдегі Халықаралық қатынастар университетінің журналистика факультетін қоса бітірді. Осы елде жүріп, Корейдің көне спорт өнері таэквондоны үйренді. Ол жерде таэквондо спортынан үздік мәртебе алды, 6-шы дан дәрежесін иеленді. Сонымен қатар халықаралық жаттықтырушы мамандығын алды.
Кейін Түркияға қайтқаннан соң Ыстамбұлда алғашқы таэквондо мектебін ашты. Осы мектептен шыққан оның бір сыпыра шәкірттері Түркияның таэквондо федерациясында жоғары қызметтерде болған. Германияның Мюнхен қаласына қоныс аударған Мұстафа Өзтүрік осы қалада да өзінің таэквондо мектебін ашқан.
• 1975—1980 жж. Тайбей қаласындағы Халықаралық Саясат Университетінде оқыды, халықаралық-журналист мамандығы бойынша жоғары білімін Тайваньда алды.
• 1980—1990 жж. Таэквон-До жоғары мектептерінің негізін АФР мен Түркияда қалады.
• 1990—1995 жж. тарихи елі Қазақстанға оралып еңбек етті. Таэквон-До жоғары мектебінің негізін қалаушы.
• Таэквон-До спортынан алты-дүркін әлем чемпионы, 6-шы Дан дәрежесі бар, халықаралық жаттықтырушы. Алты тілде сөйлеген.
• 1992 жылы Мұстафаның шәкірттері алғаш рет көк туымызды Түркияда өткен халықаралық турнирде желбіретті, олар жарыс чемпиондары Сұлтанмахмұт Шоқпытов және Қайрат Қырғызбаевтар.
• 1993 жылы қазақ елінің федерациясы Халықаралық таэквондо федерациясының мүшелігіне қабылданды.
• 1995 жылы әскерилер арасындағы әлем біріншілігіне алғаш рет қатынасқан ұлттық құрама әлемдік деңгейде екінші орыннан көрінді.
Ал 1990 жылы күзде Өзтүрік қазақ жастарын таэквондоға баулу үшін Қазақстанға біржола орнығып, 1991 жылы Қазақстан таэквондо федерациясын құрады. 1992 жылы Қазақстан Халықаралық таэквондо федерациясының (WTA) мүшесі болады. Осы жылы Мұстафа Өзтүрік Қазақстан азаматтығын алады.
Мұстафа 1995 жылдың 11 наурыз күні Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өтіп жатқан кикбоксингтен жарысты тамашалауға барады. Жарыс аяқталғаннан кейін Мұстафа өзін жайсыз сезінеді де, дәрігер шақырады. Дәрігерлер Мұстафаны Алматы қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасына жатқызады. Мұстафа Өзтүрік 1995 жылдың 15 наурыз күні Алматы қаласындағы ҚР Президенті Іс басқармасы Медициналық орталығының Орталық клиникалық ауруханасында қайтыс болды. Қарындасы Феруханның және туыстарының шешімімен Мұстафа Өзтүрік Ыстанбұлдағы қазақтар көптеп тұратын Гүнешлі ауданындағы зиратқа өзінің әкесінің жанына жерленеді.
2000 жылы Алматы қаласында Өзтүрік Мұстафа атына көше беріліп, ескерткіш белгі қойылды. 2004 жылы Өзтүрік Мұстафаның 50 жасқа толу мерейтойы қарсаңында Алматы облысы Талғар ауданы Бесағаш ауылында ескерткіші ашылды.