Жаңа жыл – 2016. Аяз ата болғыңыз келсе…
Біздің көптеген туысымыз бен досымыз Жаңа жыл мерекесінде «кәсіби Аяз Аталарды» жалдамай-ақ, өздерінің танысына Аяз Ата болып беруін өтініп жатады. Осындай кезде сіздің бір танысыңыз сізге қолқа салып, балаларының қуанышына ортақ болуды өтінетін болса, сіз қандай әрекет жасайсыз? Аяз Ата болудан басқа амал жоқ тәрізді, себебі балалардың қуанышы бәрінен де жоғары емес пе?! Осыған орай, сіздерге Аяз Ата болудың кейбір ерекшеліктері мен нұсқаулығын ұсынамыз.
Ең алдымен, Аяз Ата үйге кірердің алдында есік қоңырауын шалмайды, жай ғана есікті қақсаңыз жеткілікті. Ертегідегі Аяз Аталардың есікті қағып кіретінін ескерсек, баланың да Аяз Атаны күтуі дәл осындай ассоциациямен байланысты болады.
Танысыңыздың үйіне барардың алдында үйде қандай балалардың болатынын анықтап алыңыз. Әрине, туыс болғаннан кейін үйге көптеген ағайын-жақындар қонақта болып, балалардың саны да көп болуы мүмкін. Ол тіпті жақсы. Балалардың көп болуы мерекені қызыққа толтыра түседі. Алайда кемшілігі бір кемшілі бар. Ол — әртүрлі жастағы балалардың болуы. Ендеше балаларды «сорттап» алыңыз.
5 жасқа дейінгі балалар әлі де сәби болғандықтан көп нәрсені түсіне бермейді. Мұндай балаларға ойын ойнатудың қажеті жоқ, тек қолынан жетектеп шыршаны айналыңыз, ән айтқызыңыз. Тақпақтарын тыңдаңыз. Тақпақ айтып сыйлық алған баланың қуанышында шек болмайды, өйткені оған Аяз Атаның назары ауды. Бұл дегеніміз бала үшін бақыт деген сөз.
5 жастан үлкендері ересек болғандықтан, көп нәрседен хабардар әрі кейбір сотқар сізге қиындық келтіретін «өтініштерді» орындатуы мүмкін. Мәселен, «сақалыңызды ұстап көрейінші» десе, не дейсіз? Саспаңыз, Аяз Атаның сақалы өзінікі әрі қатты тартса ауыратынын айтып, сақалыңыздан ұстатыңыз. Әрине, сақал мен жасанды сақалдың бірге жалғанып тұрғаны Сізге жақсы, ондай сақалды тартуға балалардың күші жетпесі анық. Сондай-ақ, ересек балаларға қызықты, өздері қалаған ойынды ойнатқан дұрыс болмақ.
Ойын ойнату жағынан ешқандай да қиындық болмауы тиіс. Өйткені оны жарыс түрінде өткізсеңіз, өте қызықты болмақ. Балалардың барлығы сыйлық алуға құмар болғандықтан, ойынға бірден кірісіп кетеді. Ең бастысы, жүлде туралы қаттырақ, естіртіп айтыңыз.
Балалар Аяз Атаны қатты қадірлейтіндіктен, сіздің барлық қимылыңызға сенуге тырысады. Сол себепті барынша жұмбақ сөйлеп, жұмбақ болуға тырысыңыз, дәл ертегідегідей.
Егер бір-екі сотқардың сізді тыңдамай тұрғанын байқасаңыз: «Мені тыңдап отырсаңдар аяқпен жерді тебіңдер. Егер көріп тұрсаңдар, бар күштеріңмен жерді теуіп, айғайлаңдар», – деңіз. Кейін балалардың барлығы шулап шыға келеді, сол кезде қалғандарының да көңіл-күйі көтеріле түседі.