Петропавлда Азия чемпионын автобус қағып, мерт қылды
Петропавлда зілтемірді шалқалай жатып көтеру (классикалық түрі) спортынан Азия чемпионы Виктория Шестопалова қаза тапты.
Фото: inform.kz
16:00 22.11.2018
Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.
Facebook әлеуметтік желісінде облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Руслан Есеналин осылай жазды.
«Облыстық барлық спорт қауымдастықтары керемет жас спортшы — өңір мен ел мақтанышының қаза табуына байланысты қайғырып, көңіл айтады» — деп жазды Р.Есеналин.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі 23 жастағы бойжеткеннің жол-көлік оқиғасынан қаза тапқанын растады.
«21 қарашада кешкі сағат 18:00 шамасында Петропавлда Жабаев-Чайковский көшелерінің қиылысында маршруттық автобус жүргізушісі 23 жастағы қала тұрғынын қағып кетті. Бойжеткен алған жарақаты салдарынан қаза тапты. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр», — деп түсіндірді баспасөз қызметі.
«Көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы» қылмыстық бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сараптама тағайындалды.