Назарбаев «Самұрық-Қазынаға» әлеуметтік жобаларға көбірек қаржы бөлуді тапсырды
Қысқа сілтеме алу
Ахметжан Есімов Елбасыға ұлттық әл-ауқат қорының атқарған жұмыстарының нәтижелері туралы мәлімдеді
НҰР-СҰЛТАН, 9 тамыз – Sputnik. Қазақстанның Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамы басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдады, деп хабарлады Елбасының ресми сайты.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаевқа «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының дамуындағы негізгі өндірістік және қаржылық көрсеткіштерге қол жеткізу үшін атқарылған жұмыстардың нәтижелері туралы мәлімделді.
Атап айтқанда, ұсынылған есепке сәйкес, бірінші жарты жылдықтың таза пайдасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 50 пайызға артып, 749 миллиард теңгені құрады. Операциялық пайда және сатудан түскен кіріс тиісінше 492 миллиард теңгені және 3,3 триллион теңгені құрады, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 36 пайызға және 12 пайызға көп.
Тағы оқыңыз: Назарбаев президент Тоқаевтың жұмысына қатысты пікір білдірді
Елбасы Қордың оң дамып келе жатқанына тоқталып, қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған әлеуметтік жобаларды іске асыруға оның белсенді атсалысуы қажет екендігін атап өтті.
Қазақстанның Тұңғыш президенті «Қамқорлық» бастамасы аясында мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мәселесіне назар аударды.
«Мемлекет, әкімдіктер, үкіметтік емес ұйымдар және бизнес-қоғамдастықтар тарапынан ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдау үшін көптеген жұмыс атқарылуда. Бірақ, қазіргі таңда қызмет көрсетіп келе жатқан оңалту орталықтары нақты қажеттіліктің тең жартысын да қанағаттандыра алмауда. Сондықтан, осы бағыттағы жұмыстарды күшейту қажет», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы өңірлерде қолданыстағы инфрақұрылым негізінде көп бейінді оңалту орталықтарын құру, сондай-ақ орта мектептерде инклюзивті білім беру ісін қолдау мақсатымен қосымша ресурсты кабинеттер ашу қажеттігін атап өтті.
«Самұрық-Қазына» әрдайым қайырымдылық жобаларына қолдау көрсетеді. Сондықтан, холдинг осы бастаманы да жүзеге асыруға қатыса алады деп санаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Сонымен қатар, Қорға еліміздің шалғай өңірлеріндегі тұрмысы төмен отбасылардан шыққан дарынды балаларды қолдау және дамыту үшін білім беру жобаларын жүзеге асыруды бастау тапсырылды.
Сондай-ақ, Елбасы медициналық орталықтардың материалдық базасын жақсартуға және саланың кадрлық әлеуетін арттыруға бағытталған медицина саласындағы жобаларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
sputniknews.kz