Алматыда көп балалы аналар жиналып талаптарын айтты

0

16 шілдеде Алматыда ондаған көп балалы ана мен «Нұрлы жер» баспана бағдарламасына көңілі толмайтындар Алатау ауданы әкімдігіне келіп, наразылық танытты. Жиналғандардың бір бөлігі «Нұрлы жол» баспана бағдарламасына ақша салғандарын, бірақ әлі күнге үй кілті қолдарына тимегенін айтып, шағынды. Енді бір топ атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсырса да, әлі ала алмай жүргендерін айтты. Наразылардың ішінде атаулы әлеуметтік көмекке құжат тапсыра алмай жүргендерін айтқандар да болды.

Наразылар аудан әкімі Шахмерден Рыспаевтың шығуын талап етті. Кейін Рыспаев наразы топтың алдына шығып, атаулы көмек бірнеше күнде түсетінін айтты.

Әкімнің айтуынша, Алатау ауданында атаулы әлеуметтік көмек алатын 2600 отбасы бар. Әкім «президент сайлауы өткен соң жәрдемақыға құжат тапсыру қиындап кетті» дегендердің сөзін жоққа шығарды.

Осыдан соң әкім келгендердің жеке шағымдарын тыңдау үшін кабинетінде қабылдау жүргізетін айтып, ішке кіріп кетті. Әкімдік қызметкерлері тілшілерді ішке кіргізбеді.

Биыл ақпанда Нұр-Сұлтанда бір отбасының бес баласы өрттен қайтыс болған соң елде әлеуметтік жағдайды жақсартуды талап еткен наразылық шаралары көбейді. Сол кездегі ел президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкіметті «халықпен жұмыс істей алмайсыңдар» деп сынап, отставкаға жіберген.

Наразылық көбейіп кеткен соң ел билігі көктемде әлеуметтік жағдайды жақсартуға бағытталған бірнеше шара қабылдады. Тұрмысы төмен және көп балалы отбасыларға әр балаға 21 мың теңге төлеу бағдарламасын ұсынды. Бұдан бөлек, үкімет жағдайы жоқ отбасылардың 300 мың теңге кредитін төлеп беру туралы бір реттік акция қабылдаған.

15 шілдеде Назарбаевтың орнына келген қазіргі президент Қасым-Жомарт Тоқаев «баспана елдегі ең үлкен әлеуметтік мәселеге айналғанын» мәлімдеп, кейбір адамдардың «жөн-жосықсыз үй сұрап жатқанын» айтқан.

Azattyq