Елордалық көпбалалы отбасыларға Екібастұздан пәтер берілді
Төрт және одан да көп баласы бар отбасылар Екібастұздан үш бөлмелі пәтерге ие болды
НҰР-СҰЛТАН, 23 мамыр — Sputnik. Павлодар облысы Екібастұз қаласына елордадан ондаған көпбалалы отбасы көшіп барды. Қазір олар Nurly Ertis бағдарламасы бойынша үш бөлмелі және екі бөлмелі пәтерлерде тұрып жатыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан Нұр-Сұлтан әкімдігіне сілтеме жасап.
«Nurly Ertis бағдарламасы аясында астаналық 35 көпбалалы отбасы Екібастұзға көшіп барды. Бұл отбасылар осыдан бірнеше жыл бұрын республиканың түрлі аймағынан елордаға көшіп келген болатын», — деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің баспасөз хатшысы Эльвира Жүргенбаева.
Елорда әкімдігінің баспасөз қызметі мәлімет бергендей, көпбалалы отбасыларға Павлодар облысының әкімдігі 3 бөлмелі пәтердің кілтін тапсырды. Көшіп барған азаматтарды әкімдік жұмысқа тұрғызып, балаларын тегін балабақшаға, мектепке орналастырады.
Олар қажетті барлық әлеуметтік қолдаумен қамтылатын болады, деп Жүргенбаева жаңа қоныс иелерін құттықтады.
Тағы оқыңыз: Мұқтаж жандар мешіттен көмек алу үшін не істеу керек?
«Пәтерлер жақсы, кең, жарық. Арманымыз орындалды. Енді жұмыс істеп, еңбек етіп, балаларды оқытып, өмірдің қызығына бөленеміз», — деді көпбалалы ана Рузалия Батырғалиева қуанышын жасыра алмай.
Екібастұздан пәтер алу үшін не істеу керек
Нұр-Сұлтан әкімдігі хабарлағандай, Nurly Ertis бағдарламаға қатысқысы келген астаналықтар Р. Қошқарбаев көшесі, 39 үй (М.Жұмабаев көшесі жағынан кіру) мекенжайы бойынша орналасқан «Тұрғын үй қорына» барып тіркелуі керек.
Тағы оқыңыз: Қазақстанда көпбалалы отбасылардың баспанасын тегін жөндейді
sputniknews.kz