«Жиһадқа шақырғандардың» үкімі өзгермеді
20 мамырда Алматы қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі коллегиясы Алмалы аудандық сотының былтыр 21 желтоқсанда шығарған үкімін өзгертпеді.
Алматы аудандық соты 44 жастағы Алмат Жұмағұлов пен 48 жастағы Оралбек Өміровті сегіз жылға, 52 жастағы Кенжебек Әбішевті жеті жылға соттаған. Сот оларды «терроризмді насихаттады» және «ашық түрде террорлық әрекетке шақырды» деп айыптаған. Жұмағұловқа «араздық қоздырды» деген айып тағылған. Қазақстандық құқық қорғаушылар «жиһадшылар ісімен» сотталғандарды саяси тұтқын деп атаған.
АЙЫПТАЛУШЫЛАР ҚАТЫСПАҒАН СОТ ОТЫРЫСЫ
Сотталушылардың жақтастары апелляциялық соттың қаулысына қарсы шықты. Журналист Рысбек Сәрсенбай сотта «шешімнің саяси астары бар» деді. Ал отырыстан кейін белсенді Еркін Рақышев бір топ адамның қолы қойған мәлімдемені оқып берді. Мәлімдемені жазғандар апелляциялық сотты «әділетсіз» деген.
Апелляциялық сот отырысына сотталғандар қатысқан жоқ. Адвокаттар Жұмағұловты, Әбішевті және Өміровті сотқа әкелуді сұрады. Бірақ судья Ирина Федотова сотты айыпталушыларсыз өткізуге болатынын айтып, адвокаттардың ұсынысын орындаудан бас тартты.
Сотталушы Кенжебек Әбішевтің әйелі Гүлмира Әбішева «денсаулығына байланысты» апелляциялық сотқа келе алмады. Көп балалы ана Азаттыққа бұрын күйеуіне сот үкімі шыққанда, яғни желтоқсанда химия терапея сеансын алғанын айтқан. Ол қатерлі ісік дерті асқынбас деп үміттенеді.
Гүлмира Әбішева қан қысымы төмендеп кеткен кезде төсектен тұра алмай қалатынын айтады. Сондықтан жұмысқа да орналаса алмай жүр. Кенжебек Әбішевтің табысына күн көріп отырған отбасы қазір қиын жағдайға тап болған. Гүлмира Әбішеваның сөзінше, күйеуі қамауда отырғанда кәрі шешесінің зейнатақысына күн көрген. Кейін зейнеткер қайтыс болған.
Кенжебек Әбішев пен Гүлмира Әбішеваның төрт баласы бар. Екеуі кәмелеттік жасқа толмаған. Әкесі түрмеде отырғанда колледжде оқитын үлкен ұлы отбасына көмектесіп жүр. Гүлмира Әбішеваның сөзінше, үлкен ұлы оқудан кейін жұмысқа шығып, айына 60 мың теңге табады. Ал Гүлмира Әбішева көп балалы ана ретінде айына 10 мың теңге жәрдемақы алады. Бұл кіріс Әбішевтер отбасына жетпейді, сондықтан ол күйеуі отырған тергеу изоляторына сирек барады.
Гүлмира Әбішеваның айтуынша, кішкентай балалары әкелерінің түрмеде отырғанын білмейді.
Адвокат Гүлмира Жуаспаева қорғауындағы Кенжебек Әбішевтің түрмеде денесіне жарақат салғанын естіген.
Алмат Жұмағұловтың отбасы да жағдайдың қиындығына шағымданады. Әйелі Әсел Көпбосынова үш кішкентай баламен қалған. Ол да мектепке әлі бармаған кенжесіне әкесінің түрмеде отырғанын айтпаған. Отбасы Алматыда пәтер жалдап тұрады. Әсел Көпбосынва ауысыммен дүкенде сатушы болып жұмыс істейді. Айлығы – 70 мың теңге.
Көпбосынова аптасына бір рет түрмеге күйеуіне барып тұрады. Айтуынша, Алмат Жұмағұлов еш шағым айтпаған. «Жиһадшылар ісімен» сотталған үшеу бөлек-бөлек камерада отыр. Сөйлеспес үшін оларды серуендеуге әртүрлі уақытта шығарады.
Ал Оралбек Өміровтің отбасын құрамағаны, тек зейнеткер шешесі бар екені белгілі.
Апелляциялық соттың шешімі жайлы пікір білдірген адвокат Гүлнара Жуаспаеваның айтуынша, Ирина Федотова бастаған судьялар қаулы шығарарда прокурор Бауыржан Лесбаевтың айтқандарын негізге ала салған.
Оның айтуынша, «әдетте апелляциялық сотта прокурор айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін айтып, судьядан апелляциялық шағымын қанағаттандырмауды сұрайды. Ал бұл жолғы сотта прокурор бірінші инстанцияның айыптау актісі туралы көп айтқан».
Прокурор апелляциялық сотта «адвокаттың бірінші инстанция шығарған үкімнің күшін жойып, айыпталушыларды ақтау үшін келтірген дәлелдері негізсіз» екенін айтты.
«ЖИҺАДШЫЛАР ІСІНЕ» ТҮРТКІ БОЛҒАН ВИДЕО
2018 жылы 21 желтоқсанда Алматының Алмалы аудандық соты Алмат Жұмағұловты «ұлтаралық араздықты қоздырды»және «терроризмді насихаттады» деп 8 жылға соттаған. Сот «терроризмге шақырды және оны насихаттады» деп айыпталған Кенжебек Әбішевке 7 жыл, Оралбек Өміровке 8 жыл түрме жазасын кескен.
Айыптау нұсқасы бойынша, Жұмағұлов пен Әбішев 2017 жылы жазда кафеде бірнеше азаматпен кездесіп, «қоғамдық қауіпсіздікті бұзу үшін тұрғындарды қорқытып, дәулетті адамдардың балаларына шабуыл жасау және тонау, құқық қорғау мекемесі қызметкерлеріне күш қолдануға шақырған».
Бұл жиындағы әңгімелерді біреулер жасырын жазып алған. Прокуратураның пікірінше, «терроризмді насихаттап, ондай әрекет жасауға шақырған дауыстар Жұмағұлов пен Әбішевтің дауысы болып шыққан».
Сотта айыптаушы тарап интернеттегі «бетперде киіп, қарулы жиһадқа шақырған» үш ер адамның видеохабарламасын дәлел ретінді ұсынған. Прокуратураның пайымдауынша, «видео түсіруді Алмат Жұмағұлов пен Оралбек Өміров ұйымдастырған».
Айыптау құжатына сәйкес, «Жұмағұлов, Әбішев пен Өміров Қазақстан аумағында қызметіне тыйым салынған «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ҚДТ) қозғалысына адамдар тарту үшін ақылдасқан».
Айыпталғандардың ешбірі өзін кінәлі деп есептемейді.
АҚШ-тың діни еркіндік жөніндегі комиссиясы (USCIRF) Халықаралық діни бостандық жайлы 2018 жылға арналған есебінде «Жиһадшылар ісін» атап өткен. Тәуелсіз бақылаушылардың сөзінше, сот кезінде дәлел ретінде көрсетілген видео көп күдік тудырған. Комиссия бұл видеоны қауіпсіздік күштер қолдан ұйымдастырған деп ойлайды.