Жаңалықтар

"Халқы пана болмайтынын сезген": Депутат Назарбаевқа елден шығуға шектеу қоюды ұсынды (ФОТО)

Қайсар Қанат Қайсар Қанат
"Халқы пана болмайтынын сезген": Депутат Назарбаевқа елден шығуға шектеу қоюды ұсынды (ФОТО)
elbasy.kz. Суретте: Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин

Мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи ұлттық қауіпсіздік мүддесін алға тартып, мемлекеттік құпияларға қанық бұрынғы жоғары лауазымды тұлғалардың, соның ішінде экс-президенттің шетелге шығуын заңнамалық тұрғыда реттеу қажет екенін айтты, деп хабарлайды kznews.kz.

Депутаттың пікірінше, мемлекет қауіпсіздігі үшін маңызды ақпараттан хабары бар адамдарға қатысты шекарадан өтуге белгілі бір шектеулер енгізу орынды.

"Кезінде жеке өзі билеп-төстеп, бір шыбықпен айдаған халқы пана болмайтынын сезген сорақының қорлығы ғана ма? Әлбетте бұл тіленшектік Қазақстанға, қазаққа қарайлас қарекет емес, әдеттегідей тойымсыз жеке бастың қамы болса керек! Сондықтан елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік құпияны білетін тұлғаның (экс-президент болсын, министр немесе басқа да лауазымгер болсын) шет елге шығу мүмкіндігін реттейтін заң қажет шығар, – деп жазды Ермұрат Бапи.

Ол әріптестеріне сұрақ қоя отырып, мұндай заң бастамасының Қазақстанның халықаралық міндеттемелері мен мемлекетаралық келісімдерге қаншалықты сәйкес келетінін талқылау қажеттігін де атап өтті. Депутат Қытай тәжірибесін мысалға келтіріп, мемлекеттік мүдде үшін белгілі бір шектеулер енгізу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.

Сонымен қатар Бапи депутаттардың өзі де мемлекеттік құпияға қатысты талаптар мен жауапкершілікке бағынатынын еске салды.

"Ал бұған және Қожамжаров сияқты басқаларға елдің қауіпсіздік қамына орай күнібұрын шекаралық "қызыл жалауша" қоюға болмай ма? Бұл қабылдаудың саяси мазмұнын Кремль қалай қабылдайтынын қайдам, ал экс-президенттің ішіндегі "қызыл иті" елдің мемлекеттік билігі мен Қазақстан халқына сес көрсетуі деп түсінеміз бе?" – дейді ол.

Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев Ресей президенті Владимир Путинмен Кремльде кездескен еді. Алайда тараптардың қандай мәселелерді талқылағаны ресми түрде жарияланған жоқ.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz