Экономика

Жылдың басты реформасы: Жаңа Салық кодексі бұқара мен бизнестің мүддесіне сай жасақталды

Азамат Қойшығара Азамат Қойшығара
Жылдың басты реформасы: Жаңа Салық кодексі бұқара мен бизнестің мүддесіне сай жасақталды
Фото: GOV.KZ

1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі мен жаңа ережелер күшіне енеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан жылдың басты реформасы елдің дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын тиісті деңгейде ұстап тұруға бағытталады. 10 жылға жуық уақыт бойы қолданыста болған салық кодексі ескіріп, көптеген экономиканың жаңа салаларына сай келмеді. Сондықтан дер кезінде қолға алынып, бизнестің сұранысына сай жасақталған жаңа Салық кодексінен халық та, билік те, кәсіпкерлер де оң өзгерістер күтуде, деп хабарлайды kznews.kz.

Алдағы кезеңде бизнеске қатысты салықтық тексерулерге, өсімпұлдар мен айыппұлдарға байланысты бірқатар жеңілдік қарастырылып отыр. Бұл жөнінде Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов мәлімдеді.

Жаңартылған Салық кодексі аясында шағын және орта бизнеске қандай қолдау шаралары ұсынылады? Ең маңызды жаңалықтарға тоқталсаңыз.

– Үкімет микро және шағын бизнестің жаңа Салық кодексіне ауыртпалықсыз көшуі үшін қосымша тетіктер енгізіп жатыр. Соның ең негізгісі – 1 қаңтардан бастап 2022–2025 жылдарды қамтитын кезеңдер бойынша салықтық тексерулер жүргізілмейді.

Сонымен қатар камералдық бақылау да қолданылмайды. Бұл – салықтық әкімшілендірудің бір түрі, онда мемлекеттік органдар мен банктердің деректері салыстырылады. Аталған бақылау 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі кезеңдерге қатысты тоқтатылады. Алайда бұл талап барлық жағдайға бірдей жүрмейді. Атап айтқанда, резидент емес тұлғалардың табыстарына, құқық қорғау органдарының сұрауы бойынша қылмыстық іс қозғалған жағдайларға, сондай-ақ салық төлеушінің өзі тексеру жүргізуді сұраған кезде (мысалы, кәсіпорынды жабу немесе ҚҚС қайтару рәсімі кезінде) бұл шектеулер қолданылмайды.

Қолдау шаралары бұнымен шектелмей ме?

– Тағы бір маңызды жеңілдік – негізгі салық қарызы төленген жағдайда өсімпұлдар мен айыппұлдардың толық кешірілуі. Яғни, кәсіпкер берешегінің негізгі сомасын өтесе, есептелген барлық өсімпұл автоматты түрде жойылады.

Бұдан бөлек, келесі жылдан бастап мәмілелерді немесе тіркеулерді жарамсыз деп тану туралы сотқа талап-арыз жолдау тәжірибесі уақытша тоқтатылады. Бұл рәсімдер ұзаққа созылып, салық төлеушілер мен сот органдары арасында артық дау туындатқандықтан, олардан бас тарту туралы шешім қабылданды.

Сондай-ақ кәсіпті немесе компанияны жеңіл әрі жылдам жабуға мүмкіндік беретін оңайлатылған тәртіп енгізіледі. Бұрын бұл үшін міндетті түрде тексерулер мен камералдық бақылаудан өту, банк мәліметтерін ұсыну талап етілетін. Енді бұл үдеріс едәуір жеңілдейді.

Жалпы, 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексі мен жаңа ережелер күшіне еніп, бұрынғы кезеңдерге қайта оралу болмайды.

– Бақылаудың әлсіреуі белгілі бір қауіптерге әкелмей ме?

– Әрине, тәуекелдер бар екенін жоққа шығармаймыз. Бақылау әлсіреген жағдайда түрлі заңсыз схемалардың пайда болу қаупі туындайды. Сондықтан біз өткен кезеңдерді тексермейміз, бірақ 2026 жылдан бастап заң бұзушылықтар анықталса, салық төлеушіге оны өз еркімен түзету туралы хабарлама жолданады.

– Шағын және орта бизнес үшін жеңілдіктер сақтала ма?

– Иә, арнайы салық режимдері өз күшінде қалады. Дегенмен Үкімет арнайы режим қолданылмайтын 44 қызмет түрінің тізімін бекітті. Олардың қатарында алкоголь өнімдерін өндіру, құрылыс, банктік қызмет, жарылғыш заттарды тасымалдау секілді салалар бар.

Ал өзге бизнес түрлері жеңілдетілген режимде жұмыс істей береді. Бұған қоса, арнайы салық режимі қайта қаралды. Бұрын кәсіпкердің айналымы 20 000 АЕК-ке (шамамен 80 млн теңге) жеткенде ҚҚС төлеу міндеттелетін. Қазір бұл шектеу алынып тасталды. Енді жеңілдетілген режимде 2,5 млрд теңгеге дейін ҚҚС төлемей жұмыс істеуге мүмкіндік бар.

Сондай-ақ қызметкерлер санына қатысты шектеулер де жойылды. Енді 100 немесе 150 адам жұмыс істесе де, кәсіпкер арнайы режимде қала алады. Сонымен бірге алдын ала толтырылған декларациялар жүйесіне көшу жоспарланып отыр. Бұл жағдайда салық төлеуші дайын декларацияны алып, тексеріп, растаумен шектеледі.

– Бұл өзгерістердің түпкі мақсаты қандай?

– Негізгі мақсат – шағын және орта бизнестің жаңа ережелерге бейімделуін жеңілдету. Көп кәсіпкердің жеке бухгалтері жоқ, салық заңнамасын толық білмейді, санкциялардан қорқады. Сондықтан біз өткен кезеңдер үшін жауапкершілік болмайтынын ашық айтып отырмыз.

Сонымен қатар жаңа жылдан бастап салық есебін уақытында тапсырмағаны үшін әкімшілік жауапкершілік алынып тасталады. Бұрын мұндай жағдайлар, әсіресе, шағын бизнесте жылына 300 мыңға дейін жететін. Енді декларация тапсырылмаса, кәсіпкердің кірісі жоқ деп есептеледі. Кейін табыс пайда болған жағдайда, ол деректерді айыппұлсыз және қосымша ескертусіз түзете алады.

P.S.: 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа Салық кодексі қазіргі нормалар мен рәсімдерді өзгертумен шектелмеуі керек екенін жеткізді. Бұл құжат салық төлеушілердің ашықтық пен адалдыққа негізделген жаңа таным-түсінігі мен болмысын қалыптастыруға тиіс деді.

Президент адал жұмыс істейтін салық төлеушілердің мүддесін мемлекет қорғайтынын айтып, олардың адал еңбегінен түскен салықты елімізді дамытуға жұмсайтынын жеткізді. Ол салықтан түскен әр теңге халықтың игілігіне жұмсалуға тиіс екенін үкіметке баса айтты.

Ұқсас материалдар

Барлығы
KZNews.kz