Француз киносының аңызы, актриса Брижит Бардо 92 жасқа қараған шағында дүниеден озды. Бұл туралы француз бұқаралық ақпарат құралдары хабарлады, деп жазады kznews.kz.
L’Humanité газетінің мәліметінше, әйгілі өнер иесі Францияның Жерорта теңізі жағалауындағы ірі қала – Тулонда көз жұмған. Бұған дейін, қараша айында, БАҚ Бардоның осы қаладағы жекеменшік клиникалардың біріне жатқызылып, операция жасалғанын хабарлаған болатын.

Брижит Бардо – француз актрисасы, әнші, модель, жануарлар құқығын қорғаушы, 1950-1960 жылдардағы стиль иконасы әрі секс-символ. Ол 15 жасында Elle журналының мұқабасына шықса, 18 жасында киноға алғаш рет түсті. Әлемдік даңққа режиссер Роже Вадим түсірген "И Бог… создал женщину" (1956) фильміндегі еркін әрі сезімтал әйел бейнесі арқылы қол жеткізді – бұл образ біреулерді таңғалдырса, енді біреулерді тәнті етті.
Өнер жолында Бардо шамамен 50 фильмге түскен. Олардың қатарында "Правда" (1960), "Презрение" (1963) және "Вива Мария!" (1965) бар.
1973 жылы, 39 жасында, ол актерлік мансабын аяқтап, өмірін жануарларды қорғауға арнады.