Қазақстан Жазушылар одағында өткен қоштасу рәсімі кезінде марқұм Нұрлан Сегізбаевтың соңғы хаты жұртшылыққа оқылды. Актер, сценарист әрі кинодраматург бұл хатты өмірден өтерінен аз уақыт бұрын арнайы түрде Жазушылар одағына жолдаған, деп хабарлайды kznews.kz.
Хатында қаламгер 2026 жылғы 28 қаңтарда 75 жасқа толатынын, оның 65 жылын шығармашылыққа арнағанын жазған. Осы жылдары қазақ драматургиясы, әдебиеті мен философиясына еңбек етіп, көркем және деректі фильмдер түсірілгенін атап өткен.
"Жаңадан келе жатқан 2026 жылы 28 каңтарда мен 75 жасқа толамын. Оның 65 жылы менің творчествалық мансабыма, қазақ драматургиясыны, әдебиеті және философия ғылымына арналды. Осы аралықта біраз еңбек етіп, олар жарық көрді. Көркем және деректі фильмдер түсірілді. Алдымнан шыққан сынақ, ауру мен сәтсіздіктерге қарамастан мен еңбек етуді тоқтатқан жоқпын", – деп жазған ол.
Марқұм «Философиялық кеме» атты тарихи романын ерекше бөліп көрсетіп, бұл туынды ХХ ғасыр басындағы Тұран аймағындағы ойшылдар мен қоғам қайраткерлерінің тағдырына арналғанын айтқан. Романда Шығыс пен түркі әлемінің тарихи кезеңдері көрініс тапқанын, басты мақсаты – сол уақыттың трагедиялық шындығын жеткізу болғанын жеткізген.
Соңғы хатында Нұрлан Сегізбаев романын кәсіби ортада талқылап, қазақ тіліне аударып, халықаралық түркі кеңістігінде таныстыруды өтінген. Айта кетейік, осы хаттан кейін бір күн өткенде ол Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі атанған.