Ақмола облысында мектеп оқушысы сенбілік кезінде тоққа түсіп көз жұмды — Қазақстан жаңалықтары

0

Ақмола облысының Атбасар ауданында үш оқушы темір жол вагонының үстіне шығып алған. Олардың бірі тоққа түсіп көз жұмды. Тағы біреуі ауруханада жатыр. Оқиға сенбілік кезінде орын алған. 

Ақмола облысында оқушы сенбілік кезінде тоққа түсіп көз жұмды

Бұл туралы қайтыс болған баланың әпкесі айтып берді. Оның сөзінше, вагондар сол жерде бір аптаға жуық уақыттан бері тұрған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстанға сілтеме жасап. 

«Сол күні басқаларымен бірге Ирченко станциясындағы темір жолдың аумағында жүрген інім қазақ тілінде білім беретін орта мектепте оқыған еді. Бұрын мен де сол жерде оқығанмын. Біз де сенбілікке шығып, темір жолдың аумағын да тазалайтын едік. Алайда сол күні бәрі қайғылы жағдаймен аяқталды. Ол вагондардың сол жерде тұрғанына бір аптаға жуық уақыт болды. Балалар оның үстіне кім бірінші болып шығатынына бәстескен болуы керек», — дейді марқұмның әпкесі. 

Вагонға бірінші болып оның 14 жастағы інісі шыққан. Балалардың сөзінше, ол бірден көз жұмыпты. 

«Балалардың айтуына қарағанда, ол қолын көтерген кезде сымға тимепті. Тоқтың кернеуі жоғары болғаны сонша, ол бірден тоққа түсіп қалған. Екінші бала жарақат алған. Қазіргі уақытта ол ауруханада жатыр. Абырой болғанда, үшіншісі секіріп үлгеріпті», — дейді қыз. 

Мұндай сұмдық оқиғаны көзімен көрген басқа оқушылар шошынып қалыпты. 

Марқұмның әпкесінің сөзінше, вагондар елордалық «Астық Транс» ЖШС-ға тиесілі. 

Егер вагондар елді мекеннің аумағында, оның үстіне мектепке қарсы жерде тұрса, желі кернеуден ажыратылған болуы керек еді ғой. Болған оқиғаға кім жауапты? Кінәлілер жазалануы тиіс», — дейді көз жұмған баланың туыстары. 

Ал Атбасар аудандық әкімдігіндегілер оқиғаға қатысты тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. 

«Аталған іс бойынша қылмыстық іс қозғалғаны белгілі. Тергеу жүргізіліп жатыр. Кінәлілер жазаланады деп ойлаймын», — дейді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.

Алайда ол істің қай бап бойынша қозғалғанын айтпады. 

stan.kz