Сенат спикері болған Назарбаева парламенттегі алғашқы жалпы отырысын өткізді

0

Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев президенттік өкілетін доғарған күні мемлекетті басқару жүйесіндегі екінші тұлғаға айналған экс-президенттің үлкен қызы Дариға Назарбаева бүгін, 28 наурызда парламент сенатының спикері ретінде алғашқы жалпы отырысын өткізді.

Назарбаев жиынды тағайындау мен жаңа депутаттан ант қабылдаудан бастады.

Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі болған бұрынғы сенат депутаты Дархан Сатыбалдының өкілеттігі тоқтатылып, оның орнына бұған дейін Қазақстан бас прокуроры қызметін атқарған Қайрат Қожамжаров сенаттың тұрақты құрамына кіріп, ант берді.

Ал биліктегі «Нұр Отан» партиясы төрағасының орынбасары қызметін атқарып келген Мұхтар Құл-Мұхаммед сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік тұрақты комитетінің төрағасы қызметіне сайланды. Оның кандидатурасын Құл-Мұхаммедті «мемлекеттік хатшы, министр, облыс әкімі сияқты аса жауапты лауазымдарды абыроймен атқарды» деп бағалаған Дариға Назарбаева ұсынды.

Депутаттар оның кандидатурасын бірауыздан қолдады.

Сенат мүшелері мұнан соң «Қазақстан мен Вьетнам арасындағы қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы шартты ратификациялау туралы», «Арнайы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» сияқты заң жобаларын талқылады.

Оқи отырыңыз: Президент қызының саяси мансабы

55 жастағы Назарбаева 2016 жылы қыркүйекте президент әкесінің жарлығымен сенат депутаты болып сайланып, кейін сенаттың халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін басқарды.

Бір кездері өзі құраған саяси партияны басқарып, ақпарат агенттігіне басшылық жасаған Дариғаның саяси өмірден алшақтап қалған кезі де болған. 2007 жылы жұбайы Рахат Әлиевке адам ұрлау, заңсыз ұстау, азаптау және кісі өлтіру, тіпті мемлекеттік төңкеріс жасауға талпыну тәрізді айыптар тағылды. Қайынатасы Нұрсұлтан Назарбаевпен араздасқан Әлиев шетелге кетуді ұйғарды. Осыдан кейін Дариға Назарбаева біраз уақыт саясат алаңынан көрінбей кетті. Рахат Әлиев 2015 жылы Австрия түрмесінде жұмбақ жағдайда ажал құшты.

Azattyq