Трамп пен Ким Чен Ын Ханойдағы саммитте ортақ келісімге келе алмады

0

Кездесу бейсенбі күні жоспарланған уақыттан бұрын бітіп қалған. «Екі ел өкілдері келіссөздерді кейін жалғастырады» делінген мәлімдемеде.

Жоспар бойынша, Трамп пен Ким құжаттарға қол қою салтанатын өткізіп, бірге түскі ас ішуі керек еді, бірақ олардың бірі де орындалмады. Трамп пен Ким Чен Ын келіссөздер өтетін орыннан кеткен.

Саммит қорытындыларына арналған баспасөз конференциясында Трамп ядролық қарудан толық бас тарту үшін Пхеньяның Солтүстік Кореяға салынған санкциялардың барлығын алып тастау туралы талабы келіссөздерге кедергі келтіргенін мәлімдеді. Құрама Штаттар Пхеньянның бұл талабын орындаудан бас тартқан.

Дегенмен Трамп, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео да КХДР-ға қатысты келіссөздерден нәтиже шығатынына үміттеніп отыр. Помпеоның айтуынша, бұл саммит соған бір қадам жақындатты, бірақ көздеген мақсатқа жету мүмкін болмады. Трамп Киммен «достық» қарым-қатынас сақталғанын атап өткен.

АҚШ президентінің айтуынша, КХДР басшысы оған зымырандық-ядролық сынақтар өткізбеуге уәде берген.

Бейсенбі — Трамп пен Ким кездесуінің екінші күні — Пхеньянның ядролық қарудан бас тартуы мәселесі талқыланды. Кездесу қарсаңында Трамп «оң келісім» қабылдауға асықпайтынын айтқан. «Қарым-қатынас жақсы болса, оның берері көп болады», — деп мәлімдеген АҚШ президенті. Ким Чен Ын бұл кездесуге бүкіл әлем көз тігіп отырғанын, оның бірқатары «фантастикалық фильм» сюжетіне ұқсайтынын айтқан.

Бейсенбі күні келіссөздерге бес сағат бөлінген, бірақ кездесу бар болғаны үш сағат жалғасты. Бұл — АҚШ пен КХДР арасындағы екінші саммит. Алғашқы кездесу өткен жылы маусым айында Сингапурде өткен. Сол кезде Солтүстік Корея өз қауіпсіздігіне АҚШ кепілдік берген жағдайда, ядролық қарудан бас тартуға келіскен. Бірақ кейін ақпарат құралдары КХДР-дың ядролық сынақтарын жалғастырғанын хабарлаған.

Abai.kz

Abai.kz