Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі ( 1872 — 1937 жж. )
Ахмет Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі ( 1872 — 1937 жж. )
Жоспар
І-тарау. А. Байтұрсыновтың патша үкіметі тұсындағы қоғамдық-саяси қызметі
ІІ-тарау. Ахмет Байтұрсыновтың Кеңестік жүйе тұсындағы мемлекеттік қызметі
КІРІСПЕ
Өзектілігі. Еліміз егемендік алып, тәуелсіз мемлекет құрғанымызда ел қамын ойлап, сол жолда өздерінің саналы ғұмырын құрбан еткен азаматтардың ұлт-азаттық қозғалысының тарихын қайта қарап, шынайы түрде ақтаңдақтардың бетін ашып жаңа заман талабына сай зерделеудің маңызы зор.
Адамзат баласы өткен тарихын жадында сақтап, одан сабақ алуы қажет. Еліміздің зиялы қауымының жиынында елбасымыз қазақ елінің арғы-бергі тарихи жолын ой елегінен өткізіп, әрбір азамат тарихтың өткеніне үңіле қарау арқылы өзінің ата-бабалары қалдырған кең байтақ жердің лайықты мұрагері болуға ұмтылсын деп, қоғамдық ғылым салаларына, соның ішінде тарихшыларға зор міндеттің жүктеліп отырғандығын атап көрсетті. Кеңес үкіметінің тұсында қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағыдай, қоғамда шектен тыс шыққан үгіт-насихаттың арқасында зерттеушілерімізді қате пайымдаулар мен сыңаржақ тұжырым жасауларына итермеледі.
Кеңестік тарих ғылымы төңкеріске дейінгі жекелеген ұлттық тұлғалардың өмір жолдары мен азаттық жолындағы күресі мен ұлтына арнаған қоғамдық-саяси қызметтерін өмірге жанаспайтын ұғымдар тұрғысынан қарастырды, зерттеуге тыйым салды, ал зерттеле қалғандары сыңаржақ бағаланып, тарихи шындық тұрғысынан бағалауға мүмкіндік бермеді. Сондықтан да тарихтың бұл беттерін қайта қарастырып, әлі де болса қолданбай келген мұрағат құжаттары арқылы жаңа шынайылық көзқараспен сынай отырып, қазақтың қырық төресінің бірі Ахмет Байтұрсыновтың Ресей патша үкіметі, Кеңес үкіметі тұсындағы қайраткерлік өмірі мен қоғамдық-саяи және мемлекеттік қызметтері туралы тарих саласында осы кезеңге дейін толық, арнайы түрде ғылыми тұрғыдан зерттелмеген тұстарын кешенді түрде ашып көрсету тақырыбымыздың өзектілігі болып отыр.
А. Байтұрсынов Қазақстан мен Орта Азия халықтарының ХХ ғасырдың 20-30 жылдарындағы тарихында ерекше орыны бар аса ірі саяси қайраткер. Ол өзінің орасан зор ерік-жігерімен, ірі ұймдастырушылық қабілетімен, саяси оқиғаларға көзқарасының тұрақтылығымен зор беделі мен құрметке ие болды. Теориялық жағынан жетік болғандықтан, өз қызметінде таптық белгілерден гөрі ұлттық ұстанымды ұстанды.
А. Байтұрсыновтың есімі Алашорда үкіметімен тығыз байланыста болғандықтан, оның қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін зерттеудің қиыншылығы да аз емес. Себебі зерттеу нысанасының ауқымы өте кең әрі тым қайшылықты. Сол себептен қайраткердің өмір сүріп, қызмет еткен кезеңдегі аса күрделі тарихи құбылыстар мен саяси оқиғаларға барынша терең үңілуге тура келеді. А. Байтұрсынов 1905 жылдан бастап өмірінің соңына дейін (1937 ж.) саяси оқиғалардың бел ортасында жүрді, сол үшін 1907 жылдан бастап қуғынға ұшырап, бас бостандығынан айырылып, кейін Қазақ даласынан тысқары жерлерге жер аударылады және оған саяси сенімсіз деген айдар тағылып үнемі патша үкіметінің бақылауында жүрді.
1913 жылдан бастап Қазақ атты апталық газетін ұйымдастырып, осы газет арқылы саяси үгіт-насихатқа өзі жетекшілік етіп, айналасына қазақ зиялыларын топтастыра білді. Отарлық езгіге қарсы ірі саяси оқиғаның бірі — 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс тұсында қазақ халқын аман-сау сақтап қалудың жолдарын іздеп, патша үкіметі мен халықтың арасында ымырагершілік саясатын ұстанды. Саяси саутты, мол тәжрибе жинақтаған А. Байтұрсынов осы тұста газет арқылы халықтың һәм құлағы, һәм көзі және нағыз жанашырына айналды.
Қарастырып отырған тақырып отандық тарихымыздың күрделі саяси кезеңдерімен және барлық саяси оқиғалардың арасында біте қайнасып жүрген А. Байтұрсыновтың өміріне, сол арқылы саяси көзқарастары мен мемлекетте атқарған қызметтерін ашуға арналған. Ол ХХ ғасырдың бірінші жартысында өзіндік орны бар аса ірі саяси қайраткер. Ресейлік патша үкіметінің тұсында саяси сенімсіз адамға айналса, ал Кеңес үкіметі тұсындағы тоталитарлық жүйе қазақ мемлекет қайраткерлері мен зиялыларын оңшыл, ұлтшыл, байшыл, пантюркист, төңкеріске қарсы шығушылар деп айыптап, қоғамнан аластатып, халық жауы айдарымен тарих бетінен өшіргісі келседе, А. Байтұрсыновтың өмір жолының тарихы, саяси күресі мен мемлекеттік қызметі арқылы жеке тұлға ретінде қарастыру зерттеу жұмысымыздың басты өзектілігіне айналды. Сол себептен де, зерттеу жұмысымызда ХХ ғасырдың басындағы саяси ең өзекті мәселелерге белсене араласып, ұлт мүддесі үшін құрбан болған А. Байтұрсыновты мемлекетіміздің аса ірі қоғам және мемлекет қайраткері сондай-ақ жеке саяси тұлға ретінде қарастырып, оның қызметінің тарихын ғылыми тұрғыдан терең жан-жақты зерттеп, барлық қырынан толық кешенді түрде баяндау арқылы ашып көрсетуді көздедік.
Сонымен қатар қарастырылып отырған зерттеу тақырыбы тарихи-танымдық және тәжрибелік тұрғыдан да сұранысқа ие екендігі айшықталды.
Зерттелу деңгейі. Ұлт зиялысының өмірбаяны мен шығармашылығына, оның қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметіне қатысты өз тұсында жарық көрген мерейтойлық құттықтау мақалалар, өмірбаяндық очерктер, энциклопедиялық баяндамалар, сондай-ақ библиографиялық басылымдарда тарихи тұлға туралы қысқаша мәліметтер берілген.
Кеңестік дәуір кезеңіне, яғни ХХ ғасырдың 20-30 жылдары Кеңестік үгіт-насихат арнасында жарық көрген тарихи-саяси әдебиеттерде, баспасөзде А. Байтұрсыновтың қызметіне буржуазияшыл, байшыл, ұлтшыл деп біржақты теріс баға берілді. Аталған ғасырдың 30-шы жылдардың басынан бастап 80-шы жылдың аяғына дейін бұл тақырыпты нақты тарихи тұрғыдан зерттеуге ресми үгіт-насихат қарсы болып, тыйым салды. Оның аты мен қызметі тек тап жауы ретінде қарастырып, оны халық жауына айналдырды.
Қазіргі кезеңде, тек 1990 жылдың басында ғана тарихи шындықты қалпына келтіруге бағытталған зерттеулердің жарық көре бастауымен ерекшеленеді.
А. Байтұрсыновтың тарихнамасы негізінен ХХ ғасырдың басында басталған болатын Алғашқылардың бірі болып Байтұрсынов туралы мәлімет берген еңбектердің қатарына М. Дулатов, М. Әуезов, Т. Шонанов, С. Сейфуллин болды. Ал өзге ұлт өкілдерінің арасында А.Байтұрсыновтың өмірбаяны мен ғылыми, шығармашылық еңбектерінен мәліметтер берген А. Кононов және т.б. болды [1]
ХХ ғасырдың 40-70 жылдары М.С. Сапарғалиев және А.С. Елагиннің [3]. зерттеген еңбектері ұлт зиялыларының қазақ қоғамын саясаттандырудағы іс-шараларын Қазақстандағы Кеңес төңкерісінің жеңістерімен байланыстырып салыстырмалы түрде көрсету арқылы, ұлт-азаттық қозғалыс, оның ішінде қазақ мемлекетін құру мәселесіне арналған. Бұл жарық көрген еңбектердің ерекшелігі пролетариат пен еңбекші бұқараның ұлт-азаттық қозғалысындағы тізе қосуымен қатар панисламдық, тантүріктік мәселесі де қоса қарастырылған.
1980 жылдың соңында басталған қоғамдағы демократиялық жаңарулар және Қазақстан Республикасының өз тәуелсіздігіне қол жеткізуінің нәтижесінде Отандық тарих ғылымы ескі методологиялық ұстанымдардан арылып, жаңа бағытта дамуына мүмкіндік алды. Соның басты нәтижесі — кеңестік жүйе тұсында бұрмаланып, біржақты қаралған тарихи әлеуметтік-саяси үрдістерге деген көзқарас тарихшы-зерттеушілер тарапынан терең көңіл бөлініп, мүлдем жаңа сипат алып, шынайы тұрғыдан қарастырыла бастады. Отандық тарихымыздың ақтаңдақ беттерін жаңа көзқарас тұрғысынан зерттеген еңбектер жарық көре бастады. Соның айғағы, А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметі мен өмірі өз мәнінде зерттеле бастады. Баспасөз беттерінде тарихшылар, тілшілер, әдебиетшілер А.Байтұрсыновтың қоғамдық болмысының бір қырын ғана танытатын мақалалар жариялады. Олардың басым көпшілігі Р. Сыздықова, Ә. Шәріпов пен С. Дәуітов [4] еңбектерінде қайраткердің әдеби-шығармашылық мұрасы мен ағартушылық-ғылыми қызметіне, ақындығына арналған.
1990 жылдардың басында қазақ зиялы қауымдарының өмірі мен атқарған қызметтерінің тарихын қайта зерттеу мәселесі көтерілгенде Қазақстандық ғалымдар ұлт-азаттық қозғалысы, соның ішінде Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің ұлттық мемлекеттік құрылым ретіндегі қызметін және ғасыр басындағы ұлт зиялыларының тәуелсіздік жолындағы қоғамдық-саяси, мемлекеттік қызметтерін талдап көрсететін іргелі зерттеулер жүргізіп, еңбектер жазды. Олардың қатарына М.Қ. Қозыбаев, М.Қ. Қойгелдиев, С.Ф. Мажитов, Д..Аманжолова [5] еңбектері жатады.
Әр саладағы ғалымдардың түрлі ғылым саласы бойынша кандидаттық зерттеу жұмыстарының қатарына мысалы, филологиядан Б. Момынова, журналистикадан Қ. Сақов, педагогикадан Б. Иманбекованың[6] еңбектері жатады. Аталған еңбектерде қайраткердің педагогика, журналистика саласына қосқан ой-пікірлері мен тәжрибесін жан-жақты зерттеп талдауға алғандығын көрсетіп отыр. Тарих саласы бойынша Қ. Атабаев және А. Мұсағалиева [7]. зерттеу еңбектерінде мұрағаттық түп-деректерге сүйене отырып қайраткердің Алаш қозғалысы тұсында өзге де зиялылармен қоса атқарған қоғамдағы саяси және публицистикалық қызметін баяндай келіп, Халық Ағарту Комиссарларының қызметін талдай отырып А. Байтұрсыновтың да қызметін мұрағат деректеріне сүйеніп біршама қарастырған.
Философия ғылымы саласы бойынша Қ. Әшкееваның Ахмет Байтұрсыновтың философиялық көзқарасы [8] атты еңбегі қайраткердің дүниетанымының қалыптасуы мен ХХ ғасыр басындағы қазақ философиясына қосқан үлесі мен оған тигізген әсерін қарастырған. Жоғарыда аталған зерттеу жұмыстарының арасында қайраткердің өмірбаянына, соның ішінде күні бүгінге дейін көп талас-тартыс туғызып келген тарихи оқиға — А. Байтұрсыновтың шын мәнінде туылған жылы, күні және айы болатын. Осы мәселеге байланысты Р. Имаханбетова [9] мұрағат деректеріне сүйене отырып, бұрын аса көп көңіл бөлінбей, назардан тыс қалған бірнеше мұрағат құжаттарын талдап, зерттеу жұмысында пайдаланып оның ғылыми құндылығын арттырды. Бізде өз жұмысымызда сол мұрағат деректерін пайдаландық және Р. Имаханбетованың жұмысы талдау жұмысымызға тірек болды.
Тәуелсіздік жылдары зерттеуге алынған өзекті тақырып бойынша халықаралық, республикалық дәрежеде зерттеулердің тәжрибелік негізгі ұстанымдарын белгілеген ғылыми теориялық және тәжрибелік конференциялар, пікір алысуға арналған дөңгелек столдар ұйымдастырылды. Оларда Алаш қозғалысы қайраткерлерінің, соның ішінде А.Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси қызметіне арналған мәселелерді қарастырды. Солардың нәтижесінде оның қызметіне баға берілді.
Осылайша отандық тарих ғылымында А. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметінің жеткілікті түрде зерттелмегендігін көрсетті. Дегенмен А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси қызметі бірқатар ғылыми зерттеулерде қамтылған. Алайда, Алаш көсемінің қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметі ғылыми еңбектерде толық көрініс тапппаған. Сондықтан біз қарастырып отырған тақырып арнайы зерттеу нысанасына аланбағандығына көз жеткіздік. Осыған орай зерттеуіміздің мынадай мақсат міндеттерін айқындауға болады.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттері. А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін жаңа тарихи көзқарас тұрғысынан қорытып, тарихи шындық тұрғысынан зерттеу оның шынайы келбетімен қайталанбас ерекшеліктерін ашып көрсету — зерттеу жұмысының басты мақсаты болып табылады. Осыған орай зерттеу жұмысының алдына мынадай міндеттер қойылады:
— Қайраткердің қоғамдық, саяси, мемлекеттік және ғылыми қызметіне қатысты барлық зерттеулерді, заман талаптары тұрғысынан саралап, ол туралы баға берген еңбектерді талдап, қарастыру;
— Саяси көзқарасының қалыптасуына тигізген оның өскен ортасының әсерін анықтау;
— Білім алған орны мен ағартушылық қызметін, оның дүниетанымын, саяси көзқарасының өсуінің ішкі мазмұнын, табиғатын ашу;
— Қазақ қоғамындағы саяси үгіт-насихаттық күресін айқындау;
— А. Байтұрсыновтың қазақ халқының тәуелсіздік жолындағы ұлт-азаттық көтерілісі мен Ақпан төңкерісі тұсында ұстанған саяси бағытын анықтау;
— Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін орнатуда, ұлттық тұтастыққа қол жеткізу жолында жүргізген саяси күрестерінің бағыттарын ашу;
— Кеңестік билік тұсында атқарған мемлекеттік, қоғамдық-ағартушылық және ғылыми қызметтерін бағамдау;
Зерттеу нысанасы. Кеңестік қоғам дамуындағы ұлт тұлғаларының тарихтағы орнын анықтап мемлекет және қоғам қайраткері, ұлы ғалым А. Байтұрсыновтың өмірі, қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін қарастыру.
Зерттеу пәні. А. Байтұрсыновтың өмірі мен қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін өзі өмір сүрген және қызмет еткен қоғамның дамуымен байланыстыра зерттеу.
Зерттеу жұмысының хронологиялық шеңбері. Зерттеу жұмысының мерзімдік шегі қайраткердің дүниеге келуінен бастап қуғын-сүргін құрбаны ретінде мерт болған уақытына дейінгі, яғни 1872-1937 жылдар аралығын қамтиды.
Зерттеу жұмысының теориялық және әдістемелік негізі. Зерттеу жұмысын жазу барысында соңғы жылдары отандық тарих ғылымында болып жатқан түбегейлі өзгерістерді негізге алдық. Зерттеу әдістемелік негізіне ғылыми танымның жүйелілік, салыстырмалы талдау және тарихи шынайылық ұстанымдары қолданылды.
Зерттеу жұмысының қолданбалы маңызы. Ғылыми талдау жұмысы барысында бір жүйеге келтірілген зерттеу деректері мен ғылыми тұжырымдар А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси және мемлекеттік қызметін ашып көрсету мысалында кеңестік дәуірдегі зиялы тұлғаларының орны мен ролін анықтауға бағыт береді. Ізденістер нәтижелері мен қорытындыларын, тұжырымдарын зерттеушілердің қолдануына, Қазақстан тарихы бойынша көптомдық, іргелі еңбектерді дайындауда пайдалануға болады. Сонымен қатар жоғары оқу орындарында Алаш қозғалысы қайраткерлерінің өмірі мен қызметі бойынша арнайы курстарда пайдаланған тиімді. Ұлт зиялыларының өмірі мен шығармашылығы бойынша еңбектер жазуда да А. Байтұрсыновтың өмірі мен қызметіне байланысты жасалған ғылыми тұжырымдар үлес қосады.
Қазақстан тарихында қазақ зиялыларының өмір жолы мен қызметтерінің тарихын біліп-танығысы келгендерге, тарихшы мамандарға, жоғарғы оқу орындарының аспирант, магистранттарына, тарих факультетінің болашақ зерттеушілеріне де диссертацияның материалдары қомақты көмек көрсете алады.
1 тарау
Қазақ халқының ұлы перзенті, ұлт-азаттық қозғалысының рухани көсемі, Қазақ газетін ұйымдастырушы және оның бас редакторы, Алаш партиясының, Алашорда үкіметінің негізін қалаушы қоғам және мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов 1872 жылы 5 қыркүйекте Торғай уезінің Тосын болысындағы 5 ауылында Сарытүбек деген елді мекенде дүниеге келген. Айта кету керек, осы күнге дейін А. Байтұрсыновтың туылған жылы мен күні барлық ресми құжаттар мен басылымдарда 1873 жыл 25 қаңтар деп көрсетіліп келеді. Алайда, Қазақстан Республикасының Орталық Мемлекеттік мұрағат қорында сақталған Служебный список сотрудника Наркомпроса КССР [11] және 1926-1927 жылдарға арналған Личное дело председателя Академического центра Байтурсунова Ахмета Байтурсуновича [11,1-6. -п.п.] атты құжаттар топтамасында Ахметтің өз қолымен толтырған құжаттарда туылған жылым 5 қыркүйек 1872 жыл және өз қолымен жазған Жизнеописаниесінде [12] де Туылған жылым мешін 1872 деп көрсеткен.
А. Байтұрсыновтың азамат болып қалыптасуына бірқатар факторлар ықпал етті. Алдымен, Ресей үкіметі реформаларының көпсалалы шешімдері іске асып, халқымызды отаршылдардың боданына айналдырғаны; екіншіден, оны құқықпен заңдастырған билігі, қазақ халқын әлеуметтік-саяси, экономикалық тұрғыдан аямай езіп-жаншуы; үшіншіден, кең даламыздың жекелеген намысқой азаматтарын жәбірлеуге, қорлауға жаппай әкімшілік құқық бергені.
А. Байтұрсыновтың отбасына түскен зор қасірет орысша оқуға түсуіне басты себеп болғандығын былайша баяндайды: … осы бақытсыздық менің Торғай қаласындағы мектепке түсуіме себеп болды [11, 209-п.] деп өз қолымен жазған өмірбаянында көрсеткен, яғни патша үкіметінің отарлау саясатына қарсы күресу үшін, алдымен олардың тілін меңгеру керектігін ұғынған А. Байтұрсынов орысша оқуға түскенін анық айтқан. Анасынан ең алғашқы жазу-сызуды үйреніп, 1886 ж. Торғай қаласындағы уездік 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне оқуға түсіп, оны 1891 ж. бітіріп шығады. Оның осы мектеп қабырғасында оқығанда оқу үлгерімі туралы куәландыратын құжат деректерді біз мұрағаттарда кездестіре алмадық. Дегенмен, А. Байтұрсыновтың осы жылы оқуын әрі қарай жалғастыру үшін Орынбор училищесінің мұғалімдер дайындайтын мектебіне оқуға түскендігін мұрағат құжаттары растайды.
Сол кездегі бұйрық бойынша жас мамандар жіберілген жұмыс орнына тамыз айының 1-нен қалмай орналасып, онда 6 жыл қызмет етуге міндеттелген. А. Байтұрсынов оқу бөлімінің Аймақтық Қамқоршысының атына өтініш жазып, жолдамада белгіленген қызмет орнына жету үшін қаражатының жоқтығына байланысты оқу Кеңесі есебінен 60 сом ақшалай қарыз беруін өтінеді. Қарызданып Арынғазы ауылына жеткен А. Байтұрсынов жолдамада көрсетілген 6 жылды толық өтей алмады. Ахметкерей Қонысбаев деген байдың, кейіннен Аманқарағай ауылнай мектебінде бір жылға жуық бала оқытады. Осы жердегі Аманқарағай қорықшысының қызы Александра Ивановнаға үйленіп, Қостанай уезіндегі Әулие көл елді мекенінде бастауыш мектепте мұғалім болады.
А. Байтұрсыновтың қоғамдық-саяси іске ресми араласуы 1905 жылдан басталады. Оны А. Байтұрсыновтың шығармашылық мұрасы жөніндегі Қазақстан Коммунистік Партия Орталық Комитетінің қорытындысында келтірілген мәлімдемеде: 1905 жылғы төңкерістік оқиғалар тұсында ол Қарқаралыда шеруге қатысқандардың қатарында болды [13]. Қайраткердің тікелей саясатпен айналысуы 1905 жылы Қарқаралы оқиғасынан басталып, оған белсенділікпен қатысқандығын дәлелдейді.
Ұлт зиялыларының тұңғыш рет баспа бетін көрген бағдарламалы ой-пікірлер жиынтығы 1905 жылдың маусым айында Қарқаралыда Қоянды жәрмеңкесінде өткен съезде қабылданып, оған 14500 адам қол қойған (екінші деректе 12767 адам қол қойған) Қарқаралы хұзырхатын өмірге әкелді. Патша үкіметі алдына хұзырхат түрінде қойылған бұл талаптар қазақ қоғамының сол кездегі әлеуметтік-саяси деңгейінен туындаған жалпы демократиялық сипаттағы талаптар болатын.
1905 жылдың қараша айының аяғында Орал қаласында Дала өлкесінің 5 облысының өкілдерінің басын қосқан съезі өтті. Съезді ұйымдастырушылар ұлт зиялыларының алдыңғы қатарлы өкілдері А. Байтұрсынов, Ә. Бөкейханов, Ж. Сейдалин, М. Тынышпаев, Б. Сыртанов, Б. Қаратаев, М. Дулатов болды. Дерек материалдарын талдай отырып, хұзырхат авторлары Ахмет, Әлихандар қатарында сол кезде басқа да белсенді қазақ зиялыларының болғанын растайды.
Бірінші орыс төңкерісінен кейінгі уақытта ұлт зиялысының қоғамдық-саяси қызметі саяси тақырыптарға арнап кітап бастырып, қазақ даласына тарату арқылы қазақ халқының ұлттық саяси санасын ояту болатын. Сол мақсатпен А. Байтұрсынов ХХ ғасырдың басында ұлт-азаттық бағыттағы мысалдары арқылы насихаттаған өткір ойларын айқындай түсті. Өршіл, күресшіл сарындағы өлеңдер жинағын 1911 жылы Орынбордан Маса атты жинақпен шығарды. Ұлт зиялысы Ахметтің жұмсаған күш-жігерінің арқасында қазақ даласы ояна бастады, қазақтар арасында демократиялық саяси ой-пікірлер таратылды және отаршыл патшалық жүйеге қарсы тұруға өзінің өлең — жыр, үгіт — насихатымен қазақ Даласын жігерлендірді. Қорыта келгенде, біріншіден, А. Байтұрсынов Ресей патша үкіметінің қазақ халқына қарсы ұстанған отарлау саясатын әшкерелеп, оларды қатаң сынап қана қойған жоқ, сонымен қатар қазақ халқына саяси даму жолдарын ұсынды. Екіншіден, халқының ұлттық сана-сезімдерін қалыптастыру үшін қазақ халқының сауатын ашып, білімге жетектеді, оның саяси-экономикалық және мәдени жағынан жайғастырылып жаңғыртылуы үшін күресті. Үшіншіден, қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан шаруашылық жүргізу нысандарын жойып, тіршілік етуінің экономикалық негіздерінен айыруға ұмтылған патша үкіметінің саясатына қарсы тұрып, үкіметтің хұзырлы орындарына хұзырхат арқылы өз тілек-талаптарын қойып, үгіт-насихатын күрес құралына айналдырды.
Тарихқа үңілсек, қазақтардың күнделікті мұқтажын айқындап отыру үшін қазақ тілінде газет шығару қажеттілігі туралы айтып, үкімет алдына талап қойған. Газетті ұйымдастыру, ашу қандай қиын болса, оны патша үкіметінің қатаң бақылау жағдайында шығарып тұру одан да қиынға түскені анық. Деректердің көрсетуі бойынша, Қазақ газетін шығаруға рұқсат куәлігі А. Байтұрсыновқа 1913 жылдың қаңтар айында берілген. Куәлікте газеттің шығуы, редакторлары жайында Орал облыстық әскери губернаторының 1913 жылы 5 қаңтарда Жоғары баспасөз басқармасына берген бұйрығынан анықталды.
Деректер Қазақ газетін ұйымдастырушы және редакторы А. Байтұрсынов пен оның көмекші хатшысы М. Дулатов өз істеріне зор жауапкершілікпен қарағандықтарын көрсетеді және олардың қажырлы ұйымдастырушылық еңбегінің нәтижесі екендігін айқындап, бағалауға мүмкіндік берді. А. Байтұрсыновтың газет бетінде жариялаған материалдарының ғылым үшін құндылығы да, сол оның қоғамдағы орнын, саяси көзқарасын, өмірлік ұстанымдарын, өзі көтеріп отырған мәселені жетік білуі мен жалпы білім дәрежесімен тікелей байланысты. Демек, газет бетіндегі материалдардың негізгі бөлімінің ғылыми құндылығы да соның атымен айқындалады.
А. Байтұрсынов пен М. Дулатов Азамат серіктестігін құрып, оны 1913 жылы 2 желтоқсанда ашады. Қазақ газетін осы Азамат серіктестігінде бастырып тұрмақшы болады. Серіктестікті ашқандағы мақсатын, қосыламын деген Алаш азаматтарының қаражатымен Қазақ газетін аяғынан тік тұрғызып, істің ұлғаюына, қаражаттың көбейюіне байланысты қазаққа пайдалы кітаптар шығармақшы екендіктерін қоса жеткізді. Серіктестікке байланысты шарт 1913 жылы желтоқсан айында орыс және қазақ тілінде Орынбор қаласындағы Каримов-Хусаинов баспаханасында кітапша болып басылып шықты. Ол 12 беттен тұрады. Орыс тіліндегі бөлімінде серіктестікті Ахмет пен Міржақыптың ашқандығы туралы шарттың 19 бөлімінде көрсеткен. Шарт тармағының тағы бір көңіл аудартар мәселесі, ол сол шартты растаушы нотариустың Серіктестікті ашушылардың мекен-жайын тура көрсетуінде. А. Байтұрсынов Орынбор қаласы, Гришковская көшесіндегі Дмитриеваның үйінде, ал М. Дулатов Поцелуевский көшесінің бұрылысындағы Абрамованың үйінде тұрған деп мекен-жайлары анық берілген [91, 389-б.].
1916 жылғы патша үкіметінің маусым жарлығына қарсы халық наразылығының күшеюіне байланысты Қазақ газеті мен оның шығарушыларына деген қысым күшейе түсті. Өршіген халық наразылығының басында Қазақ газетін басқарушылары А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтың тұрғанынан еш күмәні болмаған патша шенеуініктері олардың үйлерінде тінту жүргізген.
Қазақ газеті Қазан төңкерісіне дейінгі баспасөз тарихында ең шоқтығы биік басылым болды. Оған апталықтың ұстанған жолы, мұрат-мақсаты шын мәнінде халықтың көзі, құлағы һәм тілі бола білген қызметін айта келіп, өзге басылымдарға қарағанда, барынша ұзақ мерзімді әрі жиі шығып тұрған басылымға айналған. Сонымен бірге таралымы мол және таралым аймағының кең болғаны оның құндылығын арттыра түскен. А. Байтұрсынов таза қазақ тілінде ұйымдастырып ашқан газеті, қазақ баспасөзінің негізін қалады. Біріншіден, Қазақ газеті тұңғыш шынайы жалпыұлттық саяси-қоғамдық газетке айналып, шын мәнінде қазақ халқының жанашыры болды. Екіншіден, А. Байтұрсынов Қазақ газеті арқылы өз ұстанымына сай ұлт тәуелсіздігінің саяси платформасын қалыптарстырып, оны оянған сананың іс-қимылын жолға салып отыратын орталыққа айналдырды. Үшіншіден, қазақ руханиятының жан-жақты өркен жаюының кешенді бағдарын болашаққа Қазақ газеті арқылы аманат етті. Осы үш таған Қазақ газетінің ұлттық болмыс бітімінің және оны ұйымдастырушы редакторы А. Байтұрсыновтың ұлтын сүйген ұлт зиялысына айналғанын айғақтайды. А. Байтұрсынов ашқан Қазақ газеті қазақ баспасөзінің мәңгілік көшбасшысы болып қала береді.
Әлеуметтік және ұлттық езгінің күшеюі, сондай-ақ соғыс тудырған қиыншылықтарға байланысты халықтың қайыршылануы, елде қымбатшылық пен аштықтың кең етек жаюы шаруа халқының тарапынан наразылық туғызған. Халықтың ереуіл қозғалысының, шаруалардың аграрлық және ұлттық езгіге қарсы күресінің жаңа көтерілісі басталған. Көтерілістің басталуына Ресейлік патша үкіметінің 1916 жылғы 25 маусысдағы Қазақстан мен Орта Азияның жергілікті халықтарын майдандағы қара жұмысқа шақыру туралы жарлығы түрткі болған. А. Байтұрсынов газетке берген мақалаларында осы істің тек жағымды және жағымсыз тұстарын талқыға салған. Дегенмен, саяси зәру мәселелердің күрделі тұстарына қазақ жұртшылығының көңілін аудару үшін А. Байтұрсынов газет бетінде пікірталас ұйымдастырған. 1916 жылдың 19 шілдесінде Орынбор генерал-губернаторының атына Орал губернаторынан жеделхат келіп түскен. Хатта Орал облысының молдалары халық арасында жиналыстар ашып, қазақтарға соғыс жұмысына адам бермеуге және жұмысқа алынатындардың тізімін жасатпауға үгіттеп жүр деп айтылған. Жеделхаттың ішінде Орал облысының басқа да уездеріндегі ауылдарда болып өткен жиналыстарға қатысушыларға Қазақ газетінің қызметкерлері А. Байтұрсынов пен М. Дулатовтар үнемі кеңес беріп тұрған [5,183-б.] деп болған жайды хабарлаған.
Орынбор генерал-губернаторы мен патша үкіметінің жоғары орындарына қазақ жігіттерін қара жұмысқа емес, Отан қорғауға әскер қатарына алуды лайық екендігін айтып, үкіметке жеткізуін губернатордан сұраған өтініштер түсіп жатты. Ұлттық демократиялық зиялы қайраткерлердің басында тұрған А. Байтұрсынов қазақ секілді ергелі жұрт өзгелер қатарында соғыс майданында қару-жарақ асынып мемлекетті қорғауға лайық еді, қатарда жоқ қара жұмысқа байлануын кемшілік санаймыз [14] деп ойын ашық айтқан. Алайда, патша үкіметі өзіне тәуелді халықтың мүддесімен ешқашан есептеспегені белгілі. Қазақ жігіттерін өздері белгілеген мерзімде шақырта бастады. Бұл жағдай ұлт зиялысын қатты толғандырды. Елдегі орныққан жағдайдың жалғыз шешімі деп Ахмет, Әлихан, Міржақып үшеуі қосылып 1916 жылы 11 шілдеде газетке Алаш азаматтарына! деген атпен халыққа арнау мақаласын жариялаған. Олар өз шешімдерін айтып қана қойған жоқ, сонымен қатар оны іске асырудың ең тиімді жолдарын көрсетеді.
А. Байтұрсынов қазақ қоғамында ұлттық бостандық үшін күрестің … жалғасы