Ыстамбұлда Д.Кәлетаев шетелдік қазақ ұйымдарының басшыларымен кездесу өткізді

0

Қазақ диаспораларының өкілдері жырақта жүрсе де тарихи отанымен ажырамас байланыста екендігін, Қазақстанда болып жатқан барлық маңызды жайттардан хабардар екендігін және өскелең ұрпақ туған тілін, мәдениетін және салт-дәстүрін меңгеруде үлкен қолдауға ие екендігін жеткізді.

Нұртай Әбіқаев Түркиядағы қандастарға өзі басшылық етіп отырған Елбасы тапсырмасымен құрылған «Отандастар» Қорының мақсат-міндеттерін таныстырды. Қор басшысының айтуынша, бірлестіктің қызметі сырттағы бауырлар мен шетелден тарихи Отанына оралған қазақтарға жан-жақты қолдау көрсетуге бағытталған. Қордың басты міндеті – Қазақстанға келген этникалық қазақтардың бейімделуі мен кірігуіне жәрдемдесіп, оларға ақпараттық, ұйымдастырушылық, консультациялық көмек көрсету, сонымен бірге, алыс-жақын шетелдердегі қазақ дисапораларымен мәдени, іскерлік байланысты сақтау және дамыту, деді Нұртай Әбіқаев.

Қордың алғашқы ресми шарасы – 7 қарашада Астана қаласында шетелде тұратын отандастарымыздың қатысуымен өткен «ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЕЛІ» халықаралық өнер фестивалі. Шараға Франция, Германия, Қытай, Ресей, Моңғолия, Түркия, Иран, Өзбекстан, Қырғызстан және Ауғанстан қатарлы алыс-жақын шетелдерден 50-ден астам өнерпаз қатысты. Жақын арада Қор шетелдерде тұратын ағайындардың Қазақстанның қасиетті жерлеріне танымдық экскурсиясы мен Ресей Федерациясында Дүниежүзі қазақтарының кіші құрылтайын өткізуді жоспарлап отыр.