Кәсіпкер экономиканың тірегі болуы тиіс

0

Саланың өсім қарқыны қалай?

«Атамекен» Ұлттық кәсіп­кер­лер палатасынан алған дерек­терге сүйенсек, еліміздегі кә­сіп­керлікпен айналысатын аза­маттардың жалпы саны 1 241 328 субъектіні құрайды. Бұл 2018 жылдың 1 қаңтарындағы көрсеткіштен 8,3 пайызға жоғары. 

Статистика комитетінен алын­­ған дерекке жүгінсек, 2017 жылы бұл көрсеткіш 1 миллион 145 мың 994 адамды, осы салада жұмыспен қамтылған адамдардың үлесі 3 миллион 118 мың 442-ге жеткен. Жыл санап ІЖӨ-дегі шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі өсіп келе жатқанын байқауға болады. Мәселен, 2014-2016 жылдар аралығында бұл 17-18 пайызға дейін өссе, 2017 жылы 27 пайызға жетіпті. 2012 жылғы 6,1 пайыз­бен салыстырсақ, әжептәуір көр­сеткіш. Оның үстіне, ірі бизнеспен салыстырғанда, шағын және орта бизнес үлесінің өсім қарқыны айтарлықтай жоғары. 

Президенттің тапсырмасы бойынша, жеңілдетілген несие көлемінің ұлғайтылғаны да өзін өзі еңбекпен қамтыған­дар­дың, жеке ісін бастауға құлық­ты­лар­дың арасында жаппай кәсіп­кер­лікті дамытуға ықпал етуге тиіс. Жалпы, жеңілдетілген несие­нің көптеп берілуі кәсіп­кер­лікті дамытатын тиімді тетік­тер­дің бірі саналады. 2017 жылы республика бойынша жалпы көлемі 32 миллиард теңге болатын 7 мыңнан астам шағын несие таратылған-ды. Үкіметтің хабарлауынша, 7 мыңнан астам адам несие алғанымен, тағы 5 мың­нан астам адам өз істерін бас­тауға қажетті несиеге мұқтаж еке­ні байқалған. Осыны ескерген Елбасы Н.Назарбаев былтыр қосымша 20 миллиард теңге бөлу­ді, сөйтіп шағын несиенің жал­пы сомасын 62 миллиард теңгеге жеткізуді тапсырғаны есімізде. Яғни, 2018 жылы шағын несиеге қол жеткізгендердің саны 2017 жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 14 мыңға жуық адамды құрауға тиіс болатын. 

Бірер апта бұрын Үкімет отырысында баяндама жасаған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова: «Қосымша бөлінген қаражатты есепке алғанда, шағын несие берудің жалпы сомасы 62 млрд теңгені құрады. Оның ішінде 45 млрд теңге ауылдық жерлерге (73%) және 17 млрд теңге (27%) қалалық жерлерге жіберілді. 2018 жылға арналған шағын несиемен қамту жоспары 14 мың адамды құрады», деді. Айта кетерлігі, ауыл шаруашылығы саласында несие беру көлемі айтарлықтай ұлғайғаны байқалады. 45 миллиард теңге қаржының негізінен мал шаруашылығын дамытуға − 76%-ы, өсімдік шаруашылы­ғын дамы­туға − 2,7 %-ы, құс ша­руа­шы­­лы­ғын дамытуға − 2,2%-ы, көлік және қоймалау саласына − 6%-ы, қалғаны өңдеу өнеркәсібі сын­ды басқа да қызмет түрлеріне беріліпті.

Қалай болғанда да, Прези­денттің: «Бұл жұмысты одан ке­йінгі жылдарда да белсенді жал­­ғас­тыру керек. Бастама мың­­даған адамға өз ісін ашуға мүмкін­дік беретіндігімен маңыз­ды» деп қадап айтқан сөзі іс жүзіне асуға тиіс. 

Өткен жылдың соңында Қазақ­стан Дүниежүзілік банк­тің «Doing Bu­siness-2019» рейтин­гін­де 190 мемлекеттің арасынан 28-орынға тұрақтағаны белгілі. Қарапайым тілмен түсіндірер болсақ, бұл рейтингтің қазақ­ша аудармасы «Бизнес жүргізу» дегенді білдіреді. 

Осы рейтингте қарапайым аза­­мат­тардың жеке кәсіппен ай­на­­­­лысуына әсер ететін инди­­ка­­­тор­лар да қам­тыл­ған. «Кәсіп­орын ашу», «Несие алу» сын­ды ин­ди­ка­­торлар бо­йын­ша Қазақ­стан жоғары балл алғанын айта кетейік. 

Кәсіпкерлерді түрлі әкімшілік немесе басқа да қысымдардан қорғауға да көңіл бөлінуі керек­тігі түсінікті. Осыған байланыс­ты Қазақстан кәсіпкерлерінің құ­қық­тарын қорғау жөніндегі уәкіл Болат Палымбетов былтыр бизнесті қорғауға қатысты 4 599 өтініш келіп түскенін, оның 43 пайызы шешімін тапқанын айтты. Кәсіпкерлердің қорғалған мүліктік құқықтарының сомасы 36,7 миллиард теңгені құрапты. 

Қолдаудан кенде емес

Шағын бизнестің үлесі кей елдерде ІЖӨ-нің 50-60 пайызына дейін же­те­тінін ескерсек, бізге де олардың тәжі­рибесін үйрену ар­тық болмайтыны анық. Пре­зи­денттің: «ІЖӨ-нің өсуі, ең ал­ды­мен, тиімділікті, еңбек өнім­ділі­гін арт­тыру, шағын және орта кә­сіпк­ерлікті күшейту есебі­нен жү­р­гізілуге тиіс. Соңғы жылдары эко­номикадағы шағын және ор­та кәсіпкерліктің үлесі 25-27% дең­гейінде қалып отыр. Бұл көр­сет­кішті 2025 жылға қарай 35%-ға, 2050 жылға қарай кемінде 50%-ға жеткізу көзделген», – де­гені­нің де осындай берік негізі бар. 

Елбасы бизнестің жол картасы аясында мемлекеттен 385 миллиард теңге бөлінгенін, 20 мыңнан астам жобаға қаржылай қолдау көрсетілгенін, 180 мыңға жуық кәсіпкер тиісті оқудан өткенін атап өтті. Десе де, осы саладағы бірқатар мәселелердің шешімін таппай отырғанын, кей өңірлердің көрсеткіші төмен екенін де баса айтты. 

Отырыс бары­сын­да Үкімет­тің бизнесті дамы­туға ар­налған жобалары үшін 600 миллиард теңге несие беру тетігі іске қосы­латыны белгі­лі болды. Ел­басы мол ақша­ның «ұс­та­ған­ның қолында, тіс­те­ген­нің аузында» кетпеуін қада­ға­­лау­ды, ұзақ мерзімді тиімді жо­­ба­­ларға жұмсалуын шегелеп тұ­рып ескертті. Үкімет 600 мил­лиард теңгенің 400 миллиар­дын өң­деуші өнеркәсіпке бағыттауды жөн деп тауыпты. Бұл күн­делікті тұтынатын 250-ге жуық қара­пайым тауарларды сырттан тасуды ба­рынша азайтып, өзімізде көбірек өнді­руге, көбі­рек экспорттауға жол ашуға тиіс. Яғни, «Қарапайым заттар эко­­но­ми­касын» дамыту ая­сын­да қар­­жы мата, киім-кешек, аяқкиім өн­­ді­рісі, тыңайт­қыштар, лак-бояу өнім­дері, есік-тере­зе, жиһаз өн­­ді­­рісі, тағы басқа да өнім шы­ға­­ра­­тын кәсіп­орындарды ынта­лан­­дыруға мол қаражат бөлінеді деген сөз. 

Осы тұста Елбасының: «Егер кезінде несие алған әлсіз ком­панияларға беретін болсаңыз­дар, ақша жоқ болып кетеді де, банк­тер қолайсыз жағдайда қала­­ды. Тек өз жұмысын көрсете білген компанияларға ғана беру керек», – деп ескерткенін де еске сала кетейік. 

Премьер-Министрдің орын­басары Ерболат Досаев айт­қан­­дай, ақ­пан айынан бастап қаржы беріле бастайды. «Ата­мекен» ҰКП бас­қарма төраға­сы Абы­лай Мырзах­метов те ұлтт­ық п­а­ла­та­ның басым бағыт­тағы сек­­тор­лар­ға несие беру бағдар­ла­ма­сын бас­тауға әзір екенін жеткізді. 

– Мемлекеттің қаржы биз­несін модернизациялауға дайын әрі қаражатты жаңа техни­каға сала­тын кәсіпкерлерге бері­луі керек. Бизнес өзіне үл­кен жауап­кер­шілік алған жағ­­дай­да ғана мем­лекеттен көмек алуы тиіс. Биз­несті дамы­ту­ға қажетті қолдау жа­салу­да, тексерістер саны азай­ды. Мәселен, 2017 жылмен са­лыс­тыр­ған­да кәсіп­кер­лікке бет бұр­ған­дар саны 8,3%-ға арт­қан, 30 мың­нан астам жаңа шағын бизнес субъек­тісі ашылды. Сон­дық­тан да кәсіпкерлердің жағ­дайы төмен­деді деуге негіз жоқ», дейді ол.

Жалпы, соңғы бірнеше жыл­дың бедерінде жеке кәсіпкер­лікті дамыту, іскер азаматтарды қолдау, бизнесмендердің қатарын көбейту ел Үкіметі алға қойып отырған басымдықтардың біріне айналғаны белгілі. Мақсат – ІЖӨ-дегі жеке кәсіпкерліктің үлесін 50 пайызға дейін жеткізу. Осы мақсатта мемлекеттік деңгейде бағдарламалар қабылданып, қаржылай қолдаулар жасалыпты. 

Әлемдік тәжірибе қандай?

Әлемнің бірінші экономи­касы­ның тағын ешкімге бермей келе жатқан АҚШ-та жеке сек­тор­дағы халықтың 50 пайыздан астамы шағын кәсіпкерлік саласында еңбек етеді. Кішігірім бизнес нысандардың жалпы саны 7 миллионнан асып жығылады. Олардың басым көпшілігінде шамамен 20 шақты адам жұмыс істейді. Капиталистік қоғамның қағи­даларын жақсы білетін, қағи­­далардың көпшілігін өзі қа­­лып­­тастырған мемлекет өт­кен ғасырдың басынан бастап ша­ғын бизнеске ерекше қолдау көр­­сетеді, тиісті заңнамалар да әб­­ден жетілдірілген. Мәселен «Бірін­­ші жыл бонусы» деп аталатын, кәсіпкерлікті енді бас­­тау­­шыларды бір жыл бойы салық­­тың тең жартысынан босата­тын жеңілдік басқа елдерге де үлгі. 

Германия ІІ Жаһандық соғыс­тан кейін күйреген экономи­касы­ның 1950-1960 жылдары күрт гүлденіп сала бергені үшін шағын және орта бизнеске қарыздар деген пікір бар. Елдегі жұмыс күші­нің жартысынан астамы осы сек­торға жұмылдырылған. Өткен ғасыр­дың жетпісінші жылдары отбасының он шақты мүшесі бірігіп жүргізетін кәсіпорындарға мемлекет қаржылай һәм заңна­ма­лық қолдауды аямапты. Соның нәти­жесінде қазір елде 1 мил­лион­ға тарта шағын отбасылық кәсіп­орын бар. Германия Еуропа экономикасының локомотиві ретінде мойындалды. Бұл елде 5-8 пайыздық үстемемен несие ұсынылып, оны төлеуге 15 жылға дейін мұрсат беріледі. Әлеуметтік салаға қатысты бизнеске бұдан басқа да ерекше жеңілдіктер көр­сетіледі екен. Францияда биз­несті жаңадан бастағандар алғашқы екі жылда көптеген салық түрінен босатылады. Ал елдің экономикасы қалыңқы бөлігінде бизнес бастағандар үшін тағы қосымша жеңілдіктер қарастырылған. Жал­пы, мұндай мысалдарды көп­теп келтіруге болады. 

Елбасы Н.Назарбаев былтыр көктемде «Кәсіпкерлік қызметті реттеуді жетілдіру туралы» заңға жариялы түрде қол қойғаны белгілі. Қол қою рәсімінде Мемле­кет басшысы: «Жеке бастама мен еркін кәсіпкерлік еліміздің экономикалық дамуының және әл-ауқатымыздың артуының бас­ты факторына айналды», деген болатын. Сондықтан ел Үкіметі алдағы уақытта аталған шағын және орта бизнесті дамытуға білек сыбана кірісуі тиіс.

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»

Дереккөз: http://egemen.kz/