Қызылорда сәулет-құрылыс саласындағы нормативтер мен ережелер өзгереді

0

Брифингке облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы Асылбек Шәменов, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Әбдіқалықов, облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков, облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов, облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Марсбек Молдабаев қатысты.

Өткен жыл өңір экономикасындағы даму тенденциясы жоғары болды. Құрылыс саласы қарқынды дамыды.

Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Мұхамедиса Әлсеріков 2018 жылы облыс бойынша барлық қаржыландыру көздерінен 1790 пәтерлі 70 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, жыл қорытындысымен 1222 пәтерлі 56 тұрғын үй пайдалануға берілгендігін айтты. Сондай-ақ, өткен жылы облыста сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үйлердің құрылысын жүргізуге бөлінген 4,3 млрд.теңге толығымен игерілді. Бұл қаржыға 620 пәтерлі 17 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіліп, оның 292 пәтерді құрайтын 7 тұрғын үйі пайдалануға берілді.

— Қазіргі уақытқа, Қызылорда облысында жөндеуді қажет ететін көпқабатты тұрғын үйлер саны 629 құрап отыр. 2011-2015 жылдары тұрғын үйлердің күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалған қаржының қайтарымы 59,1 пайыз. Қызылорда қаласында қайтарым қаражат есебінен 359,9 млн.теңгеге 8 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіле басталды. Қазіргі таңда 7 көппәтерлі тұрғын үйдің жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған 1 көппәтерлі тұрғын үй осы жылға өтпелі, — деді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысының орынбасары Ерлан Жоламанов.

Елбасы халыққа Жолдауында құрылыс саласына мемлекеттік тұрғыдан бақылауды күшейтуді тапсырған болатын. Осыған орай, бүгінде «Құрылыс туралы» жаңа Заң жобасы Парламент қарауында. Аталған Заң қолданысқа енгеннен кейін сәулет-құрылыс саласындағы нормативтер мен ережелер түбегейлі өзгеретін болады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Egemen Qazaqstan»

Қызылорда облысы

Дереккөз: http://egemen.kz/