Президент алдында сөйлеген көпбалалы анаға үй берілді
25 қаңтарда Түркістан облысы Төле би ауданының тұрғыны, президент қатысқан жастар форумында сөз сөйлеген көпбалалы ана Жазира Тұрғыноваға Леңгір қаласынан төрт бөлмелі жеке үй берілді. Бұл жайында Азаттыққа Жазира Тұрғынованың өзі айтты.
Оның сөзінше, Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жеті балалы отбасыны қабылдап, тұрғын үйдің сертификаты мен балаларға қыстық жылы киімдер берді. Сонымен бірге, әкім әйелге қосымша мамандық алуы үшін оқуына қолдау білдіретінін айтып, күйеуі Олжас Әбілдәбеков екеуін жұмысқа орналастыру мәселесін шешуге уәде берген.
— Біз — негізі Төлеби ауданы Ұзынарық ауылының тұрғынымыз. Сол жақта тұрақты тіркеудеміз. Бұған дейін күнкөру үшін Шымкентте жұмыс істеп, жалдамалы пәтерде тұрып келдік. Бүгін баспаналы болдық. Бала-шағамызбен қуанып отырмыз, — деді Жазира Тұрғынова Азаттыққа.
Ол үйге бүгін түстен кейін қоныстанатынын айтады.
Бұған дейін жергілікті БАҚ 27 жастағы Жазира Тұрғынованың жеті баласымен бірге Шымкентте пәтер жалдап тұрып жатқанын, күйеуінің тұрақты жұмысы жоғын хабарлаған еді. Үлкен баласының жасы 9-да, кенжесі — жасқа толмаған.
23 қаңтарда Жазира Тұрғынова Астанада жастар жылының ашылуына арналған форумда сөз сөйлеген.
Дереккөз: Азаттық