АҚШ Тынық мұхиттағы аралда Ресей азаматын тұтқындаған
АҚШ федералдық тергеу бюросы (FBI) Ресей азаматы Дмитрий Макаренконы экспортқа шығаруға тыйым салынған әскери техниканы Ресейге заңсыз жібермек болған және күмәнді ақшаны заңдастыруға қатысы бар деген күдікпен ұстаған. Макаренконы өткен жылы 29 желтоқсанда Австралияның жанындағы Солтүстік Мариан аралдарына енетін Сайпан аралында тұтқындаған деп хабарлады жергілікті Saipan Tribune басылымы.
Басылымның жазуынша, Макаренконы тұтқындау туралы ордер 2017 жылы АҚШ-тың Флорида штатында берілген. Бұл іс бойынша айыпталған тағы бір адам Владимир Неведомый былтыр маусымда АҚШ сотының үкімімен 26 айға түрмеге қамалған.
Ресей сыртқы істер министрлігі таратқан ақпаратта Сайпан аралына әйелі, кәмелетке толмаған балалары және ата-анасымен бірге барған 1979 жылы туған ресейлік Дмитрий Макаренконы әуежайға түскен бетте ұстағаны жазылған. Министрлік Ресейдің Вашингтондағы елшілігі өз елінің азаматы ұсталғаны туралы АҚШ ресми орындарынан емес, Макаренконың туыстарынан естіп-білгендерін айтады.
Дереккөз: Азаттық