Ақтауда зияткерлік мектептер спартакиадасы өтті
Спартакиаданың салтанатты ашылуына қатысқан мектеп директоры Ермек Пайзов, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ ұжымының басын қосып, бірлігін арттыратын спартакиадалардың маңыздылығын атап өтіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
— Ақтау қаласындағы зияткерлік мектеп алғаш рет желілік спартакиаданы ұйымдастырып отыр. Сол себепті атсалысқан барша әріптестерімізге алғысымызды білдіреміз, деді Ермек Серікұлы.
Сайыстың алғашқы күні құрама командалар волейбол, дартс, шахмат, үстел теннисінен бақ сынаса, екінші күні командалар футбол ойынымен жарысты.
— Киелі Маңғыстау жерінде өткен спартакиадаға қатысқанымызға шын жүректен қуаныштымын. Мұндай сайыстар еліміздің әр қиырындағы әріптестердің басын қосып, ынтымақтастығын арттырып, тәжірибе алмасуға таптырмас мүмкіндік. Дене шынықтырып қана қоймай, командада жұмыс істеу қабілеттеріміз шыңдала түсті, дейді Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің педагог-кураторы Гүлнар Сержанова спартакиада жайында.
Екі күнге созылған сайыс нәтижесінде жалпыкомандалық есепте Ақтау қаласындағы зияткерілк мектеп ұжымы спартакиада кубогына иеленсе, Орал қаласындағы Зияткерлік мектеп ұжымы екінші орынмен марапатталды. Ал Шымкент қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үшінші орынға лайықты деп танылды.
Сайыс соңында ұйымдастырушылар құрама команда жетекшілеріне Маңғыстау облыстық Спорт басқармасының алғыс хатын табыс етті.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы
Дереккөз: http://egemen.kz/