Билет құны неге шарықтады?
Желтоқсан айында елімізде мерекелер қарасы жеткілікті. Осы ұрымтал сәтті пайдаланып, демалыс күндері студенттер үйлеріне асығады, ауылдағы ағайын қалаға, қалалықтар ауылға жол тартып, жолаушылар ағыны күрт көбейетіні заңдылық. Тиісінше, ең қолжетімді әрі сенімді көлік пойыз болғандықтан, тасымалдаушылардың жүктемесі арта түседі. Алайда, дәл бүгінде сол пойыздарда жекелеген өңірлерге билет атымен жоқ, барының бағасы шарықтап кетті. Бұл – жылда қайталанатын, жолаушылардың қалтасын қағатын құбылыс.
Мәселен, Астана мен Ақтөбенің арасы 1,5 мың шақырымнан аспайды. Ал бұл өңірге жыл соңында пойызға билет тапшы. Әрине билет онлайн сатылатын ресми сайттарда Астана мен Оралдың арасында жүретін «Тальго» пойыздарына санаулы билет тұр. Бірақ бағасы қымбаттап кеткен.
Айталық, №095Ц «Астана Нұрлы жол» – «Орал» бағытындағы пойыздың 29 желтоқсан күнгі Ақтөбеге дейінгі ең арзан (!) билет құны – 35 138 теңге. Ал ең жайлы орын – 58 540 теңге. Иә, қалыпты күндері ұшақ билетінің өзін бұдан арзанға сатып алуға болатындығын ескерсек, «Жолаушылар тасымалы» акционерлік қоғамы ұсынған бағалар қарапайым халық үшін жаға ұстатарлық жағдай. Ақтөбеден арыдағы Оралға да дәл осындай баға белгіленген. Басқа бағыттарда да баға аспандап тұр.
Күні кеше «facebook» әлеуметтік желісінде Ирина Беспаева есімді қолданушы 31 желтоқсан күні Астана-Петропавл бағытындағы билет бағасы әдеттегі 5 мың теңгеден 14 мың теңгеге дейін көтеріліп кеткендігін жазды. Екі қаланың ара қашықтығы 500 километрдің шамасында екендігін ескерсек, бағаның үш еседей қымбаттауына не себеп?!
Осы жағдайға байланысты «Жолаушылар тасымалы» АҚ тарапынан ресми жауап алдық.
Компанияның клиенттермен және бұқаралық ақпарат көздерімен жұмыс атқару бағытының жетекшісі Данияр Айдархановтың айтуынша, коммерциялық бағыттардағы билет бағасы сұранысқа сай өсе беруі мүмкін және оған ешқандай шектеу болмайды. Жалпы, коммерциялық пойыздар барлық құрамның 20 пайызын құрайды екен.
– Заң бойынша коммерциялық бағыттарға бағаны белгілеу өз құқығымызда. Сондықтан осындай бағыттардағы билет азайған сайын, сұраныс көбейген сайын қымбаттап, баға 35 пайыздан да асып кетеді. Коммерциялық бағыттарға сатылатын билеттерден түскен қаржы тікелей компанияның дамуына, жаңа сервистік қызметті ендіруге, барлық вагондар паркін техникалық жарақтандыруды жақсартуға және процестерді автоматтандыруға бағытталады, – дейді Д.Айдарханов.
Осы ретте компания өкілі пойыз билеттерінің 45 күн бұрын сатылымға шығарылатындығын және ертерек алынған билеттің арзан болатындығын атап өтті.
– Қазір көп бағыттарға билеттер жоқ. Өйткені жолаушылар алдын ала сатып алған. Бұл тек биылғы ахуал емес. Соның өзінде компания тарапынан желтоқсан айындағы мерекелер қарсаңында қосымша 250 вагон шығарылды. Сол арқылы қосымша 45-50 мыңдай жолаушыны артығымен тасымалдауға мүмкіндік туды. Вагондар паркі 100 пайыз қолданыста, – дейді «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілі.
Д.Айдархановтың айтуынша, жуырда ғана Қостанай – Алматы бағытында қосымша үш рейс шығарылған. Жалпы, 2018 жылдың 11 қыркүйегінен «Жолаушылар тасымалы» АҚ еліміздің барлық ішкі бағыттарындағы бағаны реттеудің икемді жүйесін енгізгенін айтады. Бағаларды реттеудің икемді жүйесі динамикалық тарифтік басқару бағдарламасы бойынша қолданысқа алынған. Бұл көптеген әуе және жер үсті тасымалдаушылар жұмысында кеңінен қолданылатын әлемдік тәжірибе. Бір сөзбен айтқанда, жөнелту күні жақындаған сайын билет бағасы да өсе түспек.
Қалай десек те, шұғыл жолға шығуға мәжбүр жолаушы діттеген жеріне жетуге пойыз көлігін таңдар болса, қалтасының түбі көрініп қалуы мүмкін. Алыс-беріс, барыс-келістері демалыс, мереке күндері жанданатын халқымыз үшін «Жолаушылар тасымалы» АҚ қолданып отырған әлемдік тәжірибе қолайсыздық тудыруда.
Серік ӘБДІБЕК,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/