Жастарға — жаңа технопарк |
Оқылды:
2
Қарағанды қаласындағы Жасөспірімдер және жеткіншектер сарайында технопарк ашылды. Технопарк Президент Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВТЫҢ «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көрсетілген адами капиталды дамыту, сондай-ақ, балалар мен жастардың ғылыми-зерттеу және өндірістік-технологиялық ортасын интеграциялау туралы тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында жұмысын бастады.
Шараның ашылу салтанатына Қарағанды қаласының әкімі Н.Әубәкіров және қалалық мәслихат депутаты Ю.Бадина қатысты.
Балалар технопаркінде әмбебап мобильді планетарий, астрономиялық кешен, «Робототехника» сыныбы, 5-6 жастағы балаларға арналған «Легожобалау», 7-10 жастағы балаларға арналған «Алғашқы робот», 11-16 жастағы балаларға арналған «EV3 робототехника және бағдарламалау» атты бөлімдер қамтылған.
Сондай-ақ, ІТ-сынып – «Сандық өнер мен технология орталығы» бар.
Аталған технопарктің ашылуы жас ұрпақты өркениет сатыларына мақсатты жетелеудің ізгі қадамы болды. Бұл – бүгінгі күннің басты талабы. Елімізде робот техникасын дамытуға баса көңіл бөлінуде. Жастардың осы салада еңбектенуге деген талпынысын арттыру – қала билігінің негізгі мақсаты болып отыр.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.