Қарағанды облысында 2019 жылдың бюджеті бекітілді

0

–  Бюджеттің жалпы көлемінен 30,3% әлеуметтік сала шығындарына бағытталады. Аталған бағыт бойынша абсолютті мағынада шығыстар 52,2 млрд теңгені құрайды, – деп мәлімдеді облыстық қаржы басқармасы жетекшісінің орынбасары Людмила Башарина.

Әлеуметтік шығындардың басым бөлігі білім саласына бөлінді, ол 23 млрд теңгені құрады. Денсаулық сақтау саласына 7,3 млрд теңге қарастырылған. Білім және денсаулық сақтау нысандарын жөндеуге және олардың материалдық-техникалық базасын жаңартуға облыстық бюджеттен 6,2 млрд теңге бөлінді. Спортты дамытуға 10,3 млрд теңге бағытталды. Әлеуметтік көмек және облыс халқын әлеуметтік қорғау үшін 6,2 млрд теңге қарастырылған.

– Нақты сектор шығындары 2019 жылы 22,9 млрд теңгені құрайды. Олардан облыс жолдарын ағымдағы, орташа және күрделі жөндеуге 9,8 млрд теңге, агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағдарламасына 4,2 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытуға 2,1 млрд теңге, кәсіпкерлікті қолдауға және дамытуға 1,9 млрд теңге бөлу жоспарланды, – деп мәлімдеді Людмила Башарина.

600 млн теңге табиғатты қорғау және көктемгі су тасқынына қарсы шараларға қарастырылған. 7,7 млрд теңге білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, сондай-ақ тұрғын үй құрылысына бағытталады деп жоспарланды.

Облыс әкімі Ерлан Қошанов бюджеттің теңдестірілгенін атап өтті.

– Бекітілген бюджет Мемлекет басшысының барлық тапсырмаларын жүзеге асырды толықтай қаржыландыруды көздейді, – деді ол. – Мысалы, «7-20-25» бағдарламасына қатысушыларды ынталандыру және олардың санын арттыру үшін біз жалпы сомасы 1 млрд теңгені құрайтын тұрғын үй сертификаттарын қаржыландырамыз. Сондай-ақ, қосымша қаржы қажет болған жағдайда, біз бюджетті нақтылау кезінде бұл мәселені депутаттармен бірлесіп шеше аламыз.

Қарағандыда балалар және жасөспірімдер сарайы мен 50 метрлік жүзу бассейнінің құрылысына 3 млрд теңге жоспарланған. Бұл әлеуметтік нысандарды салу туралы тапсырманы Елбасы осы жылдың қыркүйек айында  облысқа  жасаған сапары барысында берген болатын.

Сессияда облыс әкімі Ерлан Қошанов Елбасының 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауына байланысты аймақта ІТ, ауыл жастары, жас жазушылар форумы және басқа да шараларды өткізу жоспарланып отырғанын хабардар етті.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды

Дереккөз: http://egemen.kz/