Байқау жеңімпаздары марапатталды
Салтанатты жиында құттықтау сөз алған Елбасы Қорының директоры Д.Назарбаева: «Еліміздің ұлық мерекесі қарсаңында жүздесіп отырмыз. Баршаңызды құттықтаймын! 27 жыл ішінде елімізбен бірге ұлттық журналистикамыз да біраз сыннан өтті. Қазіргі таңда қоғам журналистерге үлкен сеніммен қарайды. Бұл – зор жетістік әрі жауапкершілік», дей келе, жеңімпаздарға шығармашылық табыс тіледі.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, «Үздік телевизиялық материал», «Үздік радиоматериал», «Газеттер мен журналдардағы үздік мақала», «Ғаламтор БАҚ-тағы үздік жарияланым» аталымдары бойынша жарияланатын байқау биыл елорданың 20 жылдығына арналған «Ел жүрегі – Астана» номинациясымен толыққан. Жыл өткен сайын қоғамда аталған шараның танымалдылығы артып, қатысушылар қатары ұлғайып келеді.
Былтыр 447 жұмыс жолданса, биыл 120-дан аса БАҚ-тан 564 жұмыс қабылданған. Д.Назарбаева келіп түскен жұмыстардың саны ғана емес, сапасы да артқанын атап өтті. Осы жылғы жұмыстар егемен еліміздің жетістіктерін жеткізудегі терең мазмұн, көркемдік шеберлік тұрғысынан ерекшеленді. Сонымен қатар жобаға шетелдік журналистер де қызығушылық танытқан. Осыған орай, байқауға халықаралық дәреже беріліп, келесі жылы «Шетелдік БАҚ-тағы үздік жұмыс» жаңа номинациясы қосылмақ.
Байқау қорытындысы бойынша телеарна, сайт, радио тілшілерімен бірге, «Егемен Қазақстан» газеті саясат және құқық бөлімінің меңгерушісі Жолдыбай Базар жүлделі ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ әріптесіміз – «Казахстанская правда» газетінің қызметкері Анастасия Прилепская да жеңімпаздар қатарынан табылды.
Биыл үшінші жыл ұйымдастырылып жатқан сайыста жүлде алған жеңімпаздарға 200 000, 500 000, 1 000 000 теңгеден сыйақы, диплом мен төсбелгі табысталды.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Дереккөз: http://egemen.kz/