Елордада әйел баласымен 12-қабаттан секірмекші болды

0

Нұр-Сұлтанда келіншек баласымен 12 қабатты тұрғын үйдің балконынан секірмек болған, деп хабарлайды Almaty.tv қалалық ПД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«22 қазан күні сағат 17:30-да Кубрин көшесінің бойында полиция капитаны Қайрат Нариманов көпқабатты үйдің балконынан аяғын салбыратып тұрған әйелді байқаған. Оның қолында баласы болған. Ол секіру ниетімен балконның қанатында отырған. Оны байқаған полицей дереу кіреберіске қарай жүгіріп, жоғары көтерілген. Есіктің саңылауынан әйелдің оны байқамай тұрғанын пайдаланып, полиция қызметкері әйелді ұстап қалады», – делінген хабарламада.

21 жастағы келіншек мұндай қадамға отбасылық жанжалдан кейін бармақ болған. Оның қолында бір жарым жасар баласы болған.

«Ол күні мен бір тәуліктік кезекшіліктен кейін демалыста едім. Балаларыммен балабақшадан қайтып келе жатып, үрейленіп тұрған азаматтар мен балконның қанатында отырған әйелді байқадым. Ойланбастан кіреберіске қарай жүгірдім, осы кезде менімен бір куәгер лифтіге бірге кірді. Қуанышқа орай, әйелді аман алып қалдық», – деді полицей.

Жас ананы осындай жағдайға жеткізген жұбайына қатысты қорғау нұсқамасы шығып, отбасы қатаң бақылауға алынды. Әйелмен профилактикалық әңгіме жүргізіліп, психологиялық көмек көрсетілді.