Жамбыл облысындағы Кенесары ханның жалғыз ескерткіші сүрілетін болды
Жамбыл облысындағы Кенесары ханның құрметіне тұрғызылған жалғыз ескерткіш ақыры тұғырдан түсірілетін болды. Жергілікті билік өкілдері мен ханның ұрпақтары ортақ мәмілеге келіп, осындай шешім қабылдаған, деп хабарлайды “КТК” арнасы.
Шенеуніктер бұл монументтің бой көтеруіне о баста қарсы болған. Өйткені тарихи тұлға бейнеленген ескерткіштің сұлбасы мен сиқы келіспеген. Өңір халқы да осындай пікірде болған. Сондықтан ескісін сүріп, орнына жаңасын салуды ұйғарыпты.
«Атылмай қалған оқ» деп аталатын Кенесары ханның Жамбыл облысындағы жалғыз ескерткіші. Монумент үш жыл бұрын Меркі ауданындағы күре жолдың бойына қойылған. Тұғыры бес, тұлғасы екі метр. Ханның жетінші ұрпақтары ешкімге бой бермей өз қаражатына тұрғызған. Оған жергілікті билік қарсы болғанымен, төре тұқымдары дегенін істеді.
Кесененің кескіні жергілікті халыққа да ұнамаған. Олар тарихи тұлғаның тас мүсіні даңқына лайық – еңселі болуға тиіс деп санайды. Сондықтан монументтің сүрілуін қолдайды.
“Кенесарының қазасы осы қырғыз жерінде болғандықтан, сол ескерткіш сырттан келетін туристерге де, қырғыз ағайыннан келетін адамдарға мазақ болған секілді”, – деді Жамбыл облысының тұрғыны Жалғас Орынбасар.
“Егер петиция жазылып жатса, мен барынша қолымнан келгенін жасаймын. Қорлау деп санаймын! Кенесарының басының өзі денесінен ажыратылған ғой. Ескерткішін лайықсыз деңгейде салып беру күллі қазаққа ұят”, – деді Жамбыл облысының тұрғыны Жомарт Есқара.
Кезінде билікті тыңдамай ескерткіш тұрғызған төре тұқымдары қателігін енді мойындаған тәрізді. Өйткені көпке күлкі әрі мазақ болған монументті тұғырдан түсіруге келісіпті. Бірақ Кенесарының ескі мүсіні қиратылмай, кәдеге жаратылады.
“Өкінбейміз, біз енді өкінбейтініміз — жасымыз болса келді, бізден кейін балалар бар, басқа бар. Енді ескерткішке ауылда мектеп бар, көше бар, бір бұрыштан орны табылады. Тастай салуға болмайды”, – деді кәсіпкер Мұрат Арықбаев.
Шенділер Ханнның ұрпақтарымен келісімге келгеніне қуанып отыр. Бұйырса ескерткіштің жаңа бейнесі жасалады.
“Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылады. Комиссияның қарауына келісім алынған. Сол құжаттардың бәрін толық рәсімдегеннен кейін, комиссияның оң қорытындысы шыққан жағдайда, қорғайтын болады. Ары қарай ескерткіштің бой көтеру жұмысы жүргізіледі”, – деді Меркі ауданы әкімінің орынбасары Берік Бегалиев.
Ономастика комиссиясы бұл ұсынысты қолдай ма, жоқ па, ол жағы белгісіз. Шенеуніктер күзге салым Кенесарының жаңа, еңселі ескерткіші бой көтереді деп уәде етті. Ал атқамінерлер сөзінде тұрмаса, төре тұқымдары тағы дау шығарары анық.