Тоқаев «Алтын Орда» базары маңындағы жол айырығының құрылысын сынға алды
Президент Алматы қаласын одан әрі дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оның барысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын Орда» базары аумағында өткел құрылысын сынға алды. Бұл туралы Ақорда сайты жазды.
«Алтын Орда» базары маңындағы жолайрық құрылысының барысы мемлекет басшысының сынына ұшырады.
«Бұл қала маңындағы елдімекендердің тұрғындары үшін ең өзекті мәселелердің бірі. Тұрғындар қала әкіміне бірнеше рет айтқан. Алматы-Бішкек тас жолының бұл бөлігі былтыр аяқталуы керек еді. Қажетті қаражат толығымен бөлінді. Бірақ нәтиже әлі жоқ. Асқар Ұзақбайұлы, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктерімен бірге Райымбек — Алматы учаскесінің құрылысын жыл соңына дейін аяқтауды тапсырамын», — деді мемлекет басшысы.
Мемлекет басшысы бұдан бөлек қаланың денсаулық сақтау саласындағы күрделі жағдайға тоқталды. Вакцина мәселесіне қатысты қазақстандытарға үндеу жолдады.