Наймандар туралы мәлімет (шежіресі) | туралы қазақша

0

Наймандар — қазақ халқының ең көп тараған тайпаларының бірі. Найман тайпасында саны жағынан басым, негізінде Ұлытау даласында өмір сүрген қара-керейлер, бура наймандар, балталы және бағаналылар (жеті болыс) жатады.

М.Тынышбаевтың есебі бойынша XX ғасырдың басында наймандардың саны 830 000 адамды құрады. Олар барлық қазақ халқының алтыдан бір бөлігін құрайды. Мұның ішіне Омбы, Павлодар және Қарқаралы аймақтарында мекендеген наймандар қосылмаған болатын. Рашид ад-Дин: «Найман тайпалары көшпелі ел болатын, кейбіреулері өте биік таулы жерлерде, ал кейбірі жазықтық жерлерде тұрған. Олардың отырған жерлері… Үлкен [Екі] Алтай, Қарақорым,… таулары: Элуй-Сирас, Көк Ертіс [Көк Ертіс]» (Жылнама жинағы, I, 136-137). Наймандар: Қалба, Тарбағатай және Жоңгар Алатау тауларын қоса алғанда Орхоннан Жоғарғы Ертіске дейінгі орасан зор аумақта өмір сүрді.

Әбілғазының мәліметі бойынша Шыңғыстау таулары ерте заманда Найман-кух (Найман жотасы) деп аталған. Ежелгі заманда наймандар батыс және солтүстік Алтай бөктерінен Ертіс және Обь өзендеріне, оның саласы арқылы (8 өзен) құйылатын Сакиз-Мурен өзендері алабын мекендеді. Осы Қатын өзеніне ағып құйылатын өзендердің бірі Найман өзені деп аталған. Деректерден мәлім болғандай, тайпада екі этностық атау болған: ең көнесі Сегіз — олардың тұрған жердің Сакиз-Мурен деген атауына байланысты, ал найман атауы кейін пайда болған атау. Сегіз тайпасының атауын алғашында Жувейни, наймандық Хугилук ханды «Күшлік ассакизи» деп атайды. Шарафеддин Яазди (Зафарнама) де Сакиз (Сегіз) немесе Сакизиан деп жазады. Рашид ад-Дин бойынша наймандар оғыздардың соңғы тармағы болып табылады. Ертісте наймандардың көршілері қыпшақтар, қаңлылар, керейлер, солтүстік Жетісуда қарлүқтар, шығыста және оңтүстікте, Шығыс Түркістан мемлекетін құрған — ұйғырлар болды.

Қазақ халқының шежіре деректері бойынша наймандар сегіз атадан тараған. Наймандардың басты бабалары Өкреш, одан Төлегетай және Сүгірші. Төлегетайдан — Қаракерей, Садыр, Матай, Тортуыл; Сүгіршіден — Ергенекті, Теретазбаулы, Бағаналы, Балталы. Наймандардың рубасы Инанч эке Тауке-хан болып есептеледі. Оның ұрпақтары Байбұқа, Таян-хан, Бұйрық-хан және Күшлік. Бектерден күштісі және қуаттысы Матай руынан Тоқұлық пен Көксегу Собрак болатын. Наймандар өздерінің билеушісін Инанч эке (ұлы сенім) деп атайтын.

Наймандар Ерегене-Конгты тастап кетіп, Батыс-Түрік қағанатының құрамына кіреді. X ғасырда Түрік қағанаты ыдырағаннан кейін наймандар қарлұқтармен, керейлермен және басқа да тайпалармен бірге ерте феодалдық Қараханидтер мемлекетін құруға атсалысты.

Наймандар өздерінің қуаттылығына Х-ХІІ ғасырда жетті. Осы уақытқа дейін мықты мемлекет құрылған болатын. Көпсанды және іріктелген әскери күші құрылды, оның басында 20 жыл бойы қысымшылық жасаған Шыңғыс хан әскеріне төтеп берген, Матай тайпасынан шыққан атақты қолбасшы Токлун тұрды. Қоғамдық және мәдени қатынастарда наймандар мен керейлер олардың шығыс көршілеріне қарағанда едәуір жоғары даму деңгейінде болды. Наймандарда өз жазулары болды, шығыс және батыспен сауда жүргізген. Куксегу Сабраку секілді көп данышпан және тәжірибелі адамдардың арқасында, олар ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды және заңдарды сақтап қалды. Наймандар несториандар болған. Моңғол шапқыншылығы алдында наймандық Таян-хан мен керейіттік Ван-хан өз заманындағы билеушілер арасында, өз әскерлерін біріктірген ең мықты басшылар болған. Оларға Алакүш-тегін басшылығымен онқұттар (уақ), Тоқта басшылығымен меркіттер, Жамуха Сеченмен жажираттар қосылды. Ван-ханның әскерін шимойын тайпасынан Құру-Соқыр, керейлердің үлкен бектерінен Топ-Шал мен Алып-Момыш қолбасшылары басшылық етті.

1203 жылы шайқаста Таян-хан өлген болатын. Оның ағасы Күшлік наймандардың жарты бөлігімен қара қытайларды талқандап, халықтың ислам дінін ұстануына жол беріп, Шығыс Түркістанға кетіп қалды. Моңғолдардан талқандалған наймандар, керейлер, меркіттер, онғұттар Ұлытауға, Сырдарияға және Тобылдың сағасына кетіп қалады. Наймандардың, керейлердің, меркіттердің және онғұттардың (уақтардың) көпшілігі Алтайда, жоғаргы Ертісте, Тарбағатайда және Жоңғар Алатауында өзінің байырғы жерлерінде қалды.

Наймандар шежіресі (Сегіз-ата). Өкреш (оғыз-найман). Төлегетай, Сүгірші, Қаракерей, Матай, Садыр, Тортуыл, Балталы, Бағаналы, Ергенекті, Теретазбалы, Бура-найман, Сарыжомарт, Көкжарлы.

Ғылымда наймандар, керейлер, дулаттар, ноғайлар моңғолдардан шыққан деген пікірлер қалыптасты. Наймандар, керейлер, қырғыздар моңғолдар болмағандығы туралы анықтағанның алғашқысы болып осы мәселені қозғаған тарихшы Рашид ад-Дин болатын. Наймандар мен керейлердің өздері моңғолдарда құлдықта болғандықтан өздерін соларға жатқызатын.

Көптеген шығыстанушылар наймандарды және керейлерді түркі тілдес халықтарға жатқызады. Наймандар мен керейлердің түркі халықтарына жататындығы жөнінде И. Дегин, Ю. Клапрот, Г.Е. Грум-Гржимайло, Н.А. Аристов, X. Ховорс, біздің заманымыздағы чехословакиялық шығыстанушы Хау, жапондық зерттеуші Мураяма, кеңес ғалымдары С. Аманжолов пен Р. Кузеев дәлелдеген. Ғалымдар наймандар мен керейлер тілі, титулы мен тайпалық номенклатурасы жағынан түркілер екендігі жөнінде қорытынды пікірге келді. Бұл наймандардың Моңғолияда түркі тілінде сөйлейтіндігімен дәледенеді. Наймандар мен керейлер ұйғырлармен ортақ тілде сөйледі және ортақ несториандық діни нанымы болған. Жоғарыда аталып көрсетілгендей наймандар Сакиз-Мурен өзені (сегіз өзен) бойында өмір сүрген. Қатын өзеніне құятын осы өзендердің бірі Найман деп аталған. Сакиз (сегіз) — найман тайпасының көне этнонимі, олар орхон жазуларында, сондай-ақ Жувейниде, Шарафеддин Яаздиде және басқаларда да кездеседі Найманың Күшлік ханын Жувейни Күшлік ас сакизи деп атайды. Тайпаның мәнін айшықтау үшін ирантілді авторлар «иан» флексиясын пайдаланған: қыпшақ-қыпшакиан, сакиз-сакизиан, маңғыт-маңғытиан және с.с. Қазақтың тарихи аңыз-әңгімелері бойынша наймандар сегіз атадан тараған. Басты баба — Найман, одан Өкреш, одан Төлегетай және Сүгірші, Төлегетайдан -Қаракерей, Садыр, Матай, Тортул; Сүгіршіден — Ергенекті, Теретазбалы, Бағаналы, Балталы тарайды.

Ергенектінің ұрпақтары — Бура-найман және Көкжарлы, шығу тегіне қарай қарлүқтар мен ягмаға жатады. Ергенекті және босаға сөздері пайда болуы бұл олардың Биік таулармен қоршалған тек бір жағынан шығатын жері болған — ергене-конг, Алтайдағы Ергене-Конг алқабында мекендегені айғақталады. Ежелде осы тайпалар Алтайдың атақты Ернеге-Конг алабында тұрған. Шығыс Қазақстанның топонимикасы наймандар мен керейлердің осында болғандығы туралы ескерткіштерді сақтауда. Біздің уақытымызда наймандар Шығыс Қазақстан, Семей, Талдықорған, Павлодар облыстарында, Жезді ауданында және Қарағанды облысының Жезқазған қаласында, сондай-ақ Сырдарияда тұрып жатыр.

Пайдаланылған әдебиеттер: Марғұлан Ә.Х., Ежелгі қазақтың тайпалары және қазақ хандығының құрылуы, Алматы: «Көне Тараз» қоғамдық қоры, 2015. — 275 б.

#Наймандар #туралы #мәлімет #шежіресі