Қытайда тағы бір қауіпті вирус табылды
Қысқа сілтеме алу
Жергілікті билік індеттің таралуына жол бермес үшін қажетті шаралар қабылдап жатыр, 17,8 мыңнан астам құстың көзі жойылды
НҰР-СҰЛТАН, 2 ақпан – Sputnik. Қытайда коронавирус ошағы – Хубэй провинциясымен шектесетін Хунань провинциясында H5N1 жоғары патогенді құс тұмауы тіркелді, деп хабарлайды РИА Новости Қытайдың ауыл шаруашылығы министрлігіне сілтеме жасап.
Оқиға Шаоян қаласы Шуанцин ауданындағы фермалардың бірінде болған. Бройлер тауықтары өсірілетін кәсіпорында 7850 құс болған, оның 4500-і вирустан өлген.
Жергілікті билік індеттің таралуына жол бермес үшін қажетті шаралар қабылдады. 17,8 мыңнан астам үй құсының көзі жойылды.
Әзірге адамның құс тұмауын жұқтырғаны туралы деректер тіркелген жоқ.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, алғаш рет адамдардың А (H5N1) тұмауын жұқтырғаны туралы фактілер Гонконгте 1997 жылы тіркелген еді. Ол кезде аурудан алты адам көз жұмды. 2003 жылы вирус тағы да тарады. Бұл жолы Қытай мен Гонконгте анықталды. 2003 жылдан 2014 жылдың 5 мамырына дейінгі аралықта әлемнің 15 елінде H5N1 вирусын 665 адам жұқтырды, 392-сі қаза болды.
Қытайдағы коронавирус
2019 жылдың 31 желтоқсанында Қытай билігі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухань қаласында белгісіз пневмонияның таралып жатқаны туралы хабарлады. Сарапшылар аурудың қоздырғышын анықтады – ол 2019-nCoV коронавирусы.
Тағы оқыңыз: Коронавирустың белгілері мен сақтану жолдары
Қаңтардың соңында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қытайдағы жаңа коронавирус індетін халықаралық маңызы бар төтенше жағдай деп жариялады.
Соңғы деректер бойынша, Қытайда жаңа коронавирустан 304 адам көз жұмды, жұқтырғандар саны 14 380 адамға жетті, 328-і емделіп шықты.
Қазақстанда коронавирус ауруы тіркелген жоқ.
Ел билігі Қытаймен әуе, теміржол және автобус қатынасын тоқтатты.
sputniknews.kz